Президенттің курстасы

0 9

Жұмыр басты пенденің тағдыр жолы сан тараулы болып келетіні ешкімге жасырын емес. Ал, осы жолда оған жақсы жандардың көптеп жолығуы пенденің бағы. Жақсыдан – жақсы із, онымен аралас-құралас болған жылдардан әдемі естеліктер қалады.

Сонау бір жылдары Украинаның Днепродзержинск қаласында бірге оқып, кейіннен Қазақстан Магниткасының «жүрегі» саналатын Теміртауда тәуелсіз қазақ елінің болашақ Президентімен бірге жұмыс істеген жуалылық ақсақал Рахымжан Мырзахметов әңгімесін әріден бастады. – 1958 жылы қазіргі Б.Момышұлы ауылындағы мектепинтернатты бітіріп, Шымкенттегі техникалық училищеге оқуға түстім. Училищеге барысымен бізді мақта теру жұмыстарына алып кетті. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын аяқтап, училищеге қайтып келгенде «Қазақстан Магниткасының атынан Украинаға оқуға шақырамыз» деген хабарландыруға көзім түсті. Ойлана келе, Украинаға бару туралы шешім қабылдадым. Сұлтанмен де таныстығымыз сол Днепродзержинскіде басталды. Қазақстан Магниткасы үшін даярланып жатқан мамандарға Дмитрий Изотович есімді ұстаз жетекшілік етті. Бұрын-соңды ондай алып өндірістік нысанды көрмеген ауыл балалары аң-таңбыз. Көп ұзамай өндірістегі өмірге бойымыз үйренді. Бар күш-жігерімізді төзімділікке тәрбиелейтін мамандықты меңгеруге арнадық. Қазақстаннан барған 33 жігіттің ішінде ең алғыры Сұлтан болатын. Біздің топқа жетекшілік жасады. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді Сұлтанды ұстаздар да қатты сыйлайтын. Әсіресе, Дмитрий Изотовичтің дарынды шәкіртіне деген құрметі ерекше еді. Бірде сабақ арасындағы үзілісте Алтай, Жұман есімді жігіттермен арқажарқа болып тұрғанымызда: «Біле білсеңдер Назарбаев келешекте Қазақстанның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болады», – деді. Біз өзіміздің болашағымыз жайында сұрап шулап қоя бердік. Ұстаз бәріміздің болашағымызды тайға таңба басқандай етіп айтып берді. Әрине, металлург болуды арман еткен жігіттер Дмитрий Изотовичтің ол жорамалына аса мән бере қойған жоқ. Кейінірек ол кісінің айтқаны айдай келді. Оқуды тәмамдаған соң Сұлтанмен бірге Қазақстан Магниткасының алғашқы өнімін алуға атсалыстым. Ол №1, мен №2 домна пештерінде шойын балқыттық. Отбасымызбен араласып тұрдық. Теміртауда дүниеге келген ұлым Темірханның атын Сұлтан өзі қойды. Жұмыстан кейін үйге келгенде ұлдарымды қолынан тастамай көтеріп жүретін. Кейіннен отбасылық жағдайыма байланысты Теміртаудан Жуалыға қайтуға тура келді, – дейді Рахымжан Мырзахметов. Рахымжан ақсақалдың жары Сәния Керімқұлова да металлургтер қаласындағы жылдар жайындағы естеліктерінде болашақ Президенттің отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтады. Тіпті, Теміртаудағы алғашқы жылдарында партия-комсомол жұмыстарының бел ортасында жүрген Нұрсұлтан Әбішұлының шарапатын алғашқылардың бірі болып көргенін жеткізді. – Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Теміртауға отбасымызбен көшіп барған алғашқы жылдарда баспана мәселесі қиындық туғызды. Қатар жүрген құрбыларым зауыттың партиялық комитетінде Украинада білім алып келген жастардың жұмыс жасайтынын жеткізді. Рұқсат сұрап партия комитеті хатшысының кабинетіне кіргенімде Нұрсұлтан жылы шыраймен қарсы алды. Мән-жайға қанығып, әрі менің өзінің әріптесі Рахымжанның жұбайы екенімді білген соң қолынан келгенінше көмек қолын созуға сөз берді. Ол уәдесінде тұрды. Көп ұзамай бізге қаланың орталығынан пәтер берілді. Сол маңда Теміртаудағы жалғыз кинотеатр болатын. Кейде сеансқа ерте келген Нұрсұлтан мен Сара біздің үйге бас сұғатын. Осылайша, отбасымызбен араласып-құраласып тұрдық. Кейіннен біз Теміртаудан Жуалыға көшіп кеттік те, байланысымыз үзіліп қалды. Рахымжан Сұлтанмен Президент болған соң да бірнеше рет жолықты. Ал, менің Сұлтанмен кездесуімнің сәті түспей жүр. Әрине, кезінде Президентпен қатар жүргенімізді, аралас-құралас болғанымызды ешкімге міндет ете алмаймыз ғой. Бірақ, жергілікті билік «Алтын алқа» иегері ретінде Президенттің қабылдауында болу мүмкіндігіне жағдай жасап берсе алғысым шексіз болар еді, – дейді Сәния анамыз. Қазақстан Магниткасында 1960 жылдардың ортасына дейін еңбек еткен Рахымжан Мырзахметов Жуалыға келгеннен кейін алғашқы жылдары ішкі істер органдарында жұмыс жасап, сосын түбегейлі ұстаздыққа бет бұрыпты. Айтпақшы, Рахымжан ақсақалдың тұңғыш ұлына ерекше қамқорлық танытып, мейірімін төккен Нұрсұлтан Әбішұлы олардың екінші перзентіне ат қойған. Бұл оқиғаны Сәния анамыз былайша еске алады. – Екінші ұлым металлургтер күні қарсаңында дүниеге келді. Менің ұл босанғанымды естіген Рахымжанның әріптестері атын «Шойынбек» қоямыз деп шуласып жатты. Мен ә-дегеннен қарсылық білдірдім. Сонда Нұрсұлтан: «Біз Теміртауда жұмыс жасап жатырмыз ғой. Ендеше, сәбидің есімі Темірхан болсын» деді. Темірхан деген ат бәріміздің көңілімізден шықты. Қазір сөйткен Темірханның өзі елге аға болатын жасқа жетті. Әкесінің жолын қуып ұстаздыққа ден қойды, – дейді Сәния Сәдебайқызы. Ал, есімін Елбасы қойған Темірхан Рахымжанұлы бүгінде Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры болып қызмет жасайды. Елбасы есімін қойған азамат оның білім саласына жүктеген міндеттерін абыроймен атқарып шығуға әзір. – Ұрпақ тәрбиесі қай мемлекетте болмасын ең өзекті мәселе саналады. Өз кезегінде, Мемлекет басшысы бұл саланы жіті назарында ұстап, айрықша көңіл бөліп келеді. Сайып келгенде, бүгінде білім саласында қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға үлес қосу менің перзенттік борышым. Кезінде ата-анам Теміртауда тұрған жылдары Нұрсұлтан Әбішұлымен етене араласып тұрған. Менің атымды ол кісінің өзі қойыпты. Бұл мен үшін зор мақтаныш, –дейді Темірхан Рахымжанұлы.

Жастық шақ – адам өмірінің ең алғашқы баспалдақтарының бірі. Осы жолды бірге бастаған құрбы, дос-жаранды тағдыр түрлі арнаға қарай бағыттаса да, олардың бір-біріне деген шынайы достығы пен құрметі ұмыт қалдырмайды. Бүгінде күллі Алаштың біртуар ұлына айналып, ел тізгінінің ең берік қолда екендігін әр күн сайын ісімен дәлелдеп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы мен жуалылық Рахымжан Мырзахметов арасындағы риясыз сыйластық осы сөзіміздің растығын дәлелдей түскендей.

 

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.