Профессордың әзіл-оспақтары

0 0

Профессор Нұрғали Сарыбекұлының жүрген жері әзіл-қалжынның ортасы болатын. Өзі тауып айтқан, ал төңірегіндегі біреулердің ұтымды сөздері мен қалжындарын ести қалса қосыла күліп, рахаттанып қалатын.

«Біртүрлі» кесте

Нұрғали аға екеуміз қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Педагогика және психология» кафедрасында бірге қызмет істедік. Нұрғали ағамыз «Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы» пәнінен дәріс оқыса, мен «Жалпы психологиядан» сабақ беріп жүрдім. Бір күні ұзын дәлізде екеуміз ұшыраса кеттік. Ағамыз езуі жиылмастан күліп келе жатыр. Себебін сұрасам, Нұрекең қолымен нұсқап:
– Әй, Рахым анау сабақ кестесіне барып қарашы, сонда түсінесің,–деп өзі ілгері оза берді.
Кестеге қарасам, сабақ кестесін жасаушы Сәдібек Құлажанов пәннің атауы сыймаған соң қысқартып «Псих.Садықбеков, псих Сарыбеков» деп жазған екен.

Жасөркеннен қатынау…

Жасы қырыққа келгенше үйленбей жүрген Байтұрсын Байтамаев деген әріптесіміз болушы еді. Бірде Нұрекең соған кездесіп қалып:
– Әй, Байтұрсын неге әбіржіп кеткенсің? Осы саған қатысты күбір-күбір әңгіме көбейіп кетті ғой өзі!–депті.
– Бір әңгіменің болғаны рас еді. Соны төңірегімдегі қулар жалаулатып алып кетті ғой.
– Не болған сонда?
– Емтиханның кезі еді. Бір студент қыз жауап бере алмай алдымда отырды. Өзім кешегі бір отырыстан басым ауырып мәңгіп отырғанмын. Әлгі қыз:
– Ағай, Жасөркеннен қатынау қиын боп кетті,– дегенін шала ұғып:
– Әй, шырағым! Осы күні Жасөркен түгілі қаладан қатын алудың өзі қиын боп кетті,–деппін
– Тауықтың түсіне тары енеді деген! – деп Нұрекең күліп қоя беріпті.

Р.Садықбеков,

ТарМПУ доценті

Leave A Reply

Your email address will not be published.