Прозаның парқына неліктен жете алмай жүрміз?

0 4

Халықтың өткен тарихын танып, болашағына бағыт алуына бағдаршамдай жол көрсететін қазыналарының бірі әдебиеті екені даусыз. Ал сол әдебиеттің бір жанры – проза әр дәуірдің тыныс-тіршілігінен айқын дерек беруші. Мысалы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы біз дана ақын туралы кең мағлұматқа қанықтық, оның заманын білдік. Сол секілді көптеген туындылар өткен тарихты кейінгі ұрпаққа айна-қатесіз, бүкпесіз жеткізді. Шұрайлы, көркем тілмен сүйсіндіре отырып, кешегіні тануға қызықтырған проза жанры бүгінде біршама кенжелеп қалғаны рас. Себебі, прозашыларға қолдау жоқ.

Бұл сөзімізбен бәлкім біреу келісер, біреу келіспес. Сондықтан айтпағымызды анығырақ жеткізсек, поэзияның суырып-салмалығы мен жазба ақындық өнерінен айтыс, мүшәйра секілді байқаулары жиі ұйымдастырылып, талантты тұлғаларды ынтықтыра отырып, көпке танытады. Сол секілді сатираға, сазгерлік өнерге де осындай қолдаудың барын байқаймыз. Алайда прозалық байқаулар жоқтың қасы. Республикалық деңгейде айтпағанның өзінде, өз облысымызда прозалық шығармалар байқауының тіпті жоспарланбағанын облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Ғани Садырбаевтың сөзінен-ақ аңғаруға болады.
– Облыстық халық шығармашылығы орталығы әдебиет жанрының ішінде көбінесе поэзиядан түрлі мүшәйра, шығармашылық кештер, кездесулер мен поэтикалық дуэль ұйымдастырып, өткізген болатын. Жыл сайын дәстүрлі өткізілетін іс-шаралардың бірі – айтыс.
Орталықтың негізгі қызметі мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру және халық шығармашылығын дамыту болып табылады. Оның ішінде мерекелер, концерттер, конкурс, фестивальдер, айтыс, дәстүрлі музыкалық өнер, бейнелеу өнері, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау бойынша және мәдени-демалыс қызметіндегі ақпараттық-әдістемелік жұмыстарды жүргізеді.
Ал сіздер сұрап отырған прозалық шығармашылықты дамыту бойынша айтарлықтай іс-шара болған жоқ. Яғни тапсырыс немесе сұраныс болмаған. Әдебиет саласының осы жанры бойынша жұмыс жасау орталықтың жарғысында қаралмаған, – деді Ғани Қадырсызұлы.
Міне прозаны жетімсіретіп отырғанымыздың айқын дәлелі осы.
Яғни прозаны дамытуға қатысты жұмыс жасау орталықтың жарғысында қаралмағаны бұл жанрдың халық шығармашылығына қатысы жоқтығын байқата ма? Сонда халықтың шығармашылығына проза жат болғаны ма?
Айтпақшы, Ғани Садырбаев сөзінің соңын «Алдағы уақытта тапсырыс болған жағдайда іс-шаралар жоспарлап, ұйымдастыруға мүмкіндік бар,» деп аяқтады.
Сұранысты осы мақаламыз арқылы жамбылдық прозаға қызығушылығы бар жастардың атынан біз жасап отырмыз. Себебі проза жанрында қалам сілтеп, алайда оны қалың жұртшылыққа танытуға мүмкіндіктің жоқтығынан бар дүниелерін көрсете алмай жүрген жастар баршылық.
Мәселен Гүлнұр Науан да көрген-білгенін көркем сөзбен кестелеп, прозалық дүние жазуға құмар жастың бірі. Жазғандары да бар. Бірақ, оны ешкім біле бермейді. Себебі сол көпшілікке жариялайтын мүмкіндік жоқ. Газет-журналдар көлемді шығарманы жариялауға баспасөз бетінде орынның тапшылығынан құлықсыз. Ал байқаудың жайы әлгінде айтқанымыздай. Жас жазушы өз туындыларын әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында жариялаумен ғана шектеліп жүр. Онда да желі қолданушылары прозалық шығармаларды оқиды деу қиын. Себебі, ғаламторда көп отыратындардың басым бөлігі қысқа сөз немесе сурет, бейнетүсірілімдерді жылдамдатып шолып шығуға құмарлар екені бесенеден белгілі.
– Жалпы ойға түйгендерімді әңгіме етіп жазғанды бала күннен ұнататынмын. Расында да оны жариялайтын мүмкіндік жоқ. Егер байқаулар ұйымдастырылса, жүлде алмасақ та шығармамыздың жарыққа шыққанына, ортаға салынғанына қуанар едім. Өнердің басқа түрлеріне қолдау өте жақсы ғой. Неліктен прозаны ешкімнің қолдағысы келмейді екен? Осыдан кейін «Жастар кітап оқымайды» деп қалай мін тағады? Тек бұрынғыларды ғана оқи беру керек пе? Жаңа дәуірдің прозасы деген болмай ма? Бізден кейінгі ұрпақ «XXI ғасырда проза деген болмаған ба?» демес пе екен, –дейді Гүлнұр Оңалбекқызы.
Шынында да солай, кейінгі ұрпаққа XXI ғасырдың прозасынан қандай мұра қалар екен?..
Біздің қозғап отырған бұл мәселемізге қатысты белгілі қаламгер, сыншы Нұрдәулет Ақыштың да айтары бар.
–Рас, прозаға қолдау жоқтың қасы. Республика бойынша кейде бірен-саран поэзиямен аралас әдеби байқаулар жарияланады. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығына жарияланды. Балалар жазушылары арасында өтетін «Дарабоз» деген байқау бар еді, қазір оның ұйымдастырылып жүрген-жүрмегенін анық білмедім. Негізі прозаға қатысты іс-шаралар өте аз. Қай заманда да поэзия жүйрік жанр ғой. Мүмкін прозалық туындылар ұзақ болғаннан кейін де осылай болып жататын шығар. Дегенмен оның халық қазынасына қосар өзіндік үлесі бар болғандықтан, оны қолдау қажет. Оның насихаты да керек. Жақсы шығармаларды іріктеп, қалың елге кеңінен жариялауда, әрине байқаудың алар орыны ерекше. Осы тұста бір айта кетер жайт – жабық болсын, ашық бәйге болсын, ұйымдастырушылар өз таныстарын кіргізіп жіберетіні жасырын емес. Кейде ортаңқол шығармалардың бәйге алып жататынын көріп, қарның ашады. Тәп-тәуір дүниелер көлеңкеде қалып жатады. Осындайды көргеннен соң мен өзім бәйгеге қатысып көрген емеспін. Кеңестік кезеңде қатысатынмын. Ал енді жас прозашыларға қолдау өте қажет. Бәйге алсын, алмасын, оларды таныту керек. Іздеушісі жоқтығын сезінген жас жазушы беті қайтып қалса, тіпті әдебиетке, өнерге жоламай кетуі әбден мүмкін. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Тым болмаса бойында бар талантын дамыту үшін жігерлендірген жөн. Әдебиетті сүйіп өскен бала адамгершіліктен аттамайды. Бұл, тәрбиенің де бір құралы ғой, –дейді.
Шынында да өзінің ішінен шыққан шығармасының көпшілік назарына ұсынылғанын көрген жасөрен одан ары талпынатыны анық. Жазушы кез келген нәрсені оймен қорытып, жақсы-жаманды айыра алады. Ондай адамнан жаман әрекет шықпасы белгілі. Сондықтан да прозаны тәрбие үшін де қолдасақ, ұтылмас едік.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.