Пышақсыз ота

0 9

Тағы бір танысым таңғажайып қасиеті туралы айтып берді. Өзін жарнамалауды ұнатпайтын жолдасым маған оқиғасын былай баян етті.
«Оқудан ауылға келген бетім. Ең алғашқы емдеген науқас­тарым – әрине, өзімнің бауырларым, әкем-шешем.
Үлкен әпкем соқырішекпен хирургтің қолына түсіп, бірнеше жыл бойы қиналғаны бар еді. Қалай болса солай тіге салып, үйге қайтарғаннан кейін әпкеміз күннен-күнге жақсы болудың орнына, керісінше денсаулығы кейін кетіп бара жатты. Ақыры аяғы жанына қатты батып ауырған соң дәрігерге қайта баруға тура келді.
Әдетте отадан кейін науқастың ішінде қолғабын, мақтасын, кішкене қайшысын қалдырып кеткен дәрігерлер туралы анекдоттарды көп естігенбіз ғой. Біздің әпкеміздің ішінде де сондай бірнәрсе қалып кеткен жоқ па екен деген «бұзық» ой қылаң бергенде «Әй, қой, ондай болуы мүмкін емес», деген болатынбыз өзімізді басып. Бірақ өкінішке қарай, біздің жағдайда ота жасаған дәрігерлердің «ұмытшақтығы» бой көрсетті. Жанын қоярға жер тапқызбай ауыртып жатқан ішінде қалып кеткен мақта болып шықты. Анекдот деген жарықтық өмірден алынатынына тағы да бір көзімізді жеткіздік.
Екінші ота да пәлендей сәтті өтпей, нәтижесінде ішектері жабысып қалып, әбден қиналған үлкенімізді көрген кейінгі әпкем соқырішегі мазалағанда ауруханаға бармайтынын кесіп айтты. Дегенмен аурудың аты ауру, күн өткен сайын меңдеп бара жатқан дерті қойсын ба, екінші әпкем әр жерде бір бүйірін ұстап отырып қала беретін болды. Көзім көріп отырған мен емдеп көрейін дедім.
– Басқасы басқа, соқырішекті емдеген емшіні көрмеп едім, дегенмен жазылып кетсем қанекей, – деп әпкем келісе кетті.
Қарсы алдымдағы диванға отырғызып қойып:
– Денеңді бос тастап, аяқ-қолыңды айқастырмай, ең бастысы миыңды босат, ойыңнан бәрін шығарып тастап, көзіңді жұмып отыр, – деп өзім бөлменің арғы басындағы орындыққа отырып, ем жүргізе бастадым. Бір кезде көз алдыма тырсылдап жарылардай болған соқырішек келді де, оны кәдімгідей сол жағынан алып көтеріп, төмен жаққа қарай ағызып жібердім.
Бір қызығы сол, бес метр жерде отырсам да ішіндегі құрылды мен анық естідім. Емнен кейін әпкем:
– Сен менің соқырішегіме жиналғандарды аударып жібергеніңді мен анық сезіндім. Кәдімгідей оң бүйірімді біреу қолымен ұстап тұрып соқырішекті көтеріп ішіндегі сұйықтықты аударып жібергенде қорқып та қалдым, – деді.
Емнен кейін әпкем бүйірін басып көріп:
– Мынау шынымен ауырмай қалды. Тіпті ешқашан ауырмаған сияқты, – деді таңданысын жасырмай. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де әпкемнің соқырішегі тыныш, – дейді досым.

Марат АХМЕТОВ,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.