"Алтын бесік"

«QASYQ» кооперативі әлжананалықтардың көсегесін көгертуде

Written by Aray2005

Жамбыл облысы қай кезде де өзінің өндірістік саласымен танылған өлке. Оның үстіне мал бағып, егін егуге қолайлы аграрлы аймақтың осы бағыттағы өнімділігі жоғары. Сондықтан, соңғы жылдары облыста ауыл шаруашылық кооперативтерін құрып, бәсекеге қабілеттілерін барынша қолдау жұмыстары жалғасып келеді. Жасыратыны жоқ, кезінде құрылған кооперативтердің қазір әртүрлі себептерге байланысты біразының аяқалысы шатқаяқтап қалды. Дегенмен, шаруасын дөңгелетіп, кәсібінен нәсібін теріп отырған кооперативтер де жоқ емес.

Солардың бірі – Қордай ауданы Қасық ауылдық округінің Әлжан ана ауылындағы «QASYQ» ауыл шаруашылығы кооперативі. Кооператив алғашында ет бизнесі бағытында ашылып, биыл көктемнен бері сүт өндірісінің де тасын өрге домалатып келеді. Тұрмыс-тіршілігі ертеден мал шаруашылығына бейім қасықтықтардың кооперативке бірігуінің де өз сыры бар. Төрт мыңнан аса тұрғыны бар Әлжан ана ауылындағы ірі қара саны 1 270 (оның ішінде аналық сиыр – 290), жылқы малының саны 390 болса, ұсақ мал 12 мыңнан асып жығылады. Ауданның тауарлы сүт фермаларының да сүт қабылдау мүмкіндіктері жоғары. Айталық, бүгінде «Қақпатас-Қордай», «НұрАл», «Благовещенка» және «МолХолод» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Азиз» шаруа қожалығы, «Айбек», «Малиев», «Иманова», «Картабаев», «Насыров», «Жамилов», «Наджафов», «Аллахвердиев», «Көмек» сынды жеке кәсіпкерліктері және «Болашақ 2018», «QASYQ» ауыл шаруашылығы кооперативтері сүт қабылдап, өңдеп, өткізумен айналысып отыр. Сондықтан, аталған сүт фермалары мен сүт қабылдау пункттерінен аса қашық емес әлжананалықтардың сиыр сауып, сүтінен табыс табуына мүмкіндік мол. Аудан нарығына аздаған маркетингтік зерделеу жүргізіп, сүт өткізудің тиімділігіне көз жеткізген «QASYQ» ауыл шаруашылығы кооперативі биылдан бастап өз құрамындағы 33 шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындарынан сүт жинап, өнім өндіруге негізделген жаңа жобаны бастап отыр.
– Кооперативті ашқанда біз тек мал бордақылап, сойылған мал етін жергілікті кәсіпкерге өткізіп тұрамыз деп ойлағанбыз. Бастапқыда бұл бизнесіміз жаман болған жоқ. Тұрақты келісімшартқа отырып, ет экспортымен айналысатын компанияны шикізатпен қамтамасыз етіп тұрдық. Әлі де олармен әріптестік байланысымыз үзілген жоқ. Дегенмен, нарықты зерттей келе мүмкіндігіміз жетіп тұрғандықтан, әрі табысымызды арттыру мақсатында сүт өндірісімен айналысып көрсек деген ой туды. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, іске кірісіп кеттік. Биыл көктемде ауыл іргесінен сүт қабылдау пунктін ашып, оны шымкенттік компанияның көмегімен арнайы сүт жинайтын танкермен, зертханамен жабдықтадық. Қазір онда өз саласының мамандары жұмыс істеуде, – дейді кооператив басшысы Мәди Төребаев.
Дайындық жұмысын ертерек бастағанымен бұл ауыл шаруашылық құрылымының салтанатты ашылуы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген. Нысанның лентасы қиылған жиынға қатысқан аудан әкімі Болатбек Байтөле бұл бекеттің жергілікті тұрғындар үшін азын-аулақ табыс көзі болатынын атап өткен еді. Өз кезегінде үйінде мал ұстап отырған тұрғындар да мұндай пункттердің жұртқа пайдасы зор екенін, мүмкіндік болса көптеп ашылып, өткеру бағасы да шаруаға тиімді болса деген тілегін білдірген.
Негізі, сүт жинау танкері тәулігіне 4 тоннаға дейін шикізат қабылдап, өңдеуге қауқарлы. Қазірдің өзінде кооператив сүттің литрін тұрғындардан 80 теңгеден қабылдап, тәулігіне 2 тоннадай сүт өңдеп, одан жергілікті нарық сұранысына сай көлемде құрт пен ірімшігін алып, қалған сүтті өзге кәсіпкерлерге өткеріп отыр. Яғни, жиналған сүттің отыз пайызын өздері өңдесе, 70 пайызын жергілікті сүт зауыты мен сыртқа жөнелтуде. Әзірге осыны қанағат тұтып отырған кооператив болашақта өнім түрлерін көбейтіп, жергілікті нарықты да қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жатыр екен. Ол үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 80 миллион теңгеге өтінім беріп, нәтижесін күтуде. Бұл бағытта кооперативке қолдау білдіріп жатқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгро» АҚ және «ҚазАгроГарант» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сынды мекемелердің де еңбегін айта кеткен жөн. Одан бөлек, аудан әкімдігі сүт қабылдау пунктінің инфрақұрылымын реттеп беріпті.
Бізбен өзінің болашақ жоспарларымен бөліскен кооператив жетекшісі Мәди Төребаевтың тың бастамаларына әлжананалық тұрғындар үлкен қызығушылық танытып отыр. Тіпті, осындай бекеттің ашылатынын алдын ала естіген кейбірі сауынды сиыр да сатып алып қойыпты. Енді олар қосымша қаржыландырылуы сәл кешеуілдеп келе жатқан кооператив жұмысының аяққа тұрып кетуін тілеп отыр.
Тәулігіне екі тоннадай сүт қабылдап жатқан кооператив қазір жергілікті «Куликов сүт өнімдері» және алматылық «Райымбек Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жұмыс істеп келеді. Болашақта ауқымы кеңейіп жатса елімізге танымал ірі компания «Фудмастер-Есік» ЖШС-мен де әріптестік байланыс орнатуды көздеп отырған кооперативке «Ақ мол болсын!» деген ниетпен сәттілік тілейміз.

Жасұлан Сейілханов
Қордай ауданы

ПІКІР