Астанаға 20 жыл

«QASYQ»-та қызу тірлік басталды

Соңғы жылдары облыста ауыл шаруашылық кооперативтерін құрып, оның жұмысын жандандыру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып келеді. Сол себепті өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтерін көптеп ашудан бұрын оның сапасына да жіті назар аударыла бастады.

Астана қаласының жиырма жылдық тойы қарсаңында Қасық ауылдық округінде «QASYQ» ауыл шаруашылығы кооперативінің сүт қабылдау бекетінің тұсауы кесілді. Бұған дейін ет бағытындағы ірі қара мал бордақылап, өнім өндірумен айналысып келген бұл кооператив енді сүт өнімдері өндірісін де қолға алыпты. Әлжан ана ауылындағы ауыл шаруашылық құрылымының лентасы қиылған жиынға қатысқан Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле бұл бекеттің жергілікті тұрғындар үшін табыс көзі болатынын атап өтті.

Бір басы Шу өзенімен іргелес, бір шеті Алматы-Ташкент тас жолының бойында жатқан Қасық ауылдық округі тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Сондықтан, жиында өзінің болашақ жоспарларымен бөліскен кооператив жетекшісі Мәди Төребаевтың тың бастамаларына әлжананалық тұрғындар үлкен қызығушылық танытты. Тіпті, осындай бекеттің ашылатынын алдын ала естіген кейбірі сауынды сиыр да сатып алып қойыпты. Қазірдің өзінде кооператив сүттің литрін тұрғындардан 80 теңгеден қабылдап, тәулігіне 2 тоннадай сүт өңдеп, оны Алматы қаласына жөнелтіп отыр. Негізі, танкері тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт қабылдап, өңдеуге қауқарлы кооператив әзірге қаймақ пен құрт қана өндіріп келеді. Қазір болашақта өнім түрлерін көбейтіп, жергілікті нарықты да қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жатыр екен. Ол үшін «Сыбаға» бағдарламасына өтінім беріп, нәтижесін күтуде.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР