QazIQ – аймақтың алғашқы алғырлар аламаны

0 33

Қас қарая қаланың ойын-сауық орындары мен кафе, кальян барларында, клубтарында сеңдей соғылып сенделген, санынан жаңылыстырып сандалған өрімдей жастарға көпшіліктің көзі үйреніп те кеткен еді. Олардың қатысуымен қаншама құқықбұзушылықтар орын алып, қылмыстардың алдын алуға қаншама шаралар өтіп жатса да бозбалалар мен бойжеткендердің бейберекет уақыттағы мұндай жүрістері көбеймесе, азаяр емес. Осы ретте өңірдің белсенді жастары аймақта алғаш рет алғырлар аламанын қолға алып отыр. «Qazaq Intelligence Quotient» ойыны дәл осы жастардың кешкі уақытта көп шоғырланатын орындарында ұйымдастырылатын қазақтілді аудиторияға арналған тұңғыш білімділер алаңы болмақ.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп ұлы Абай айтқан тағылым қай заманда да өз тұғырынан түспейді. Әсіресе бүгінгідей біреу сүрінсе жаппай жығыла кеп күлетін, әлеуметтік желілерде ауыл иттеріндей жамырай кеп үретін, «атың шықпаса, жер өрте» деп жүретін, абыройын асыратын емес, қадір-қасиетті қашыратын әрекеттер мен қауесеттерге құлағын жиі түретін уақытта хакімнің «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» ұстанымы ауадай қажет. Осы ретте көне Тараздың көзі ашық, көкірегі ояу жастары облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен интеллектуалды ойын ұйымдастыруды қолға алып отыр.
– Бұған дейін көбіне жастардың ресми іс-шараларына басымдық беріліп келгені жасырын емес. Өз кезегінде бұл бейресми ортада ұйымдастырылатын ұжымдық ойын. Мұнда отбасылар да, бірге оқитын студенттер де, әріптестер де топтасып қатыса алады. QazIQ – көпшіліктің, әсіресе жастардың тамақ ішіп, сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрып, уақытын тиімді әрі қызықты өткізетін орны болып табылады. Таразда тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Бұған дейін тек елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ғана өткен болатын. Қалада осы тақылеттес ойындардың орысша аналогтары бар. Олардың барлығы ресейлік ойын алаңшаларының франшизалары. «Барбарис», «Доктор Ватсон» ойын-сауық орындарында орыстілді аудиторияға арнап ұйымдастырылып келген. Біздікі алғаш рет қазақтілді аудиторияға арналып отыр. Кем-кетіктері болып жатса, алдағы уақытта жан-жақты жетілдіретін боламыз. Бірнеше сәтті ойынымыз өткеннен кейін біз оны басқа өңірлерге эстафета түрінде жолдайтын боламыз. Ойында арнайы еліміздің құндылықтары, тұлғалар, ұлттық дәстүрлеріміз, қаламыздың тарихы туралы сұрақтар әзірленеді. Ұйымдастыру командамызда он адам бар. Жобаны жүзеге асыруға ұсыныс берген және тікелей қолдау көрсетіп отырған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы, – дейді жоба авторы әрі ұйымдастырушысы Асхат Олжабаев.
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп өскен ұлт ұрпағы, әулиеаталық алғыр жастар әуелде орыстілді ойындарға белсене қатысып, өз білім, біліктерін шыңдаған, жобаны жан-жақты жетілдіре түскен. Ал қазақи ортаға арналған ойынның ережелерін тараздық жас Дәулет Лесбеков әзірлепті. Өзі теміржол саласында еңбек етіп жүрсе де, оның интеллектуалды ойындарға деген ынтасы алабөтен.
– Интеллектуалды ойынның басты мақсаты– Тараз қаласында интеллектуалды ортаны қалыптастыру, қала тұрғындары, түрлі мекеме қызметкерлері арасында білімге құштарлықты арттыру, табысқа жетер жолды білімнен іздеуге шақыру, бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізу, Teamwork, яғни командада жұмыс жасау, мəселені талқылау қабілетін дамыту және Networking, ол дегеніміз – білімді ортаның бір-бірімен қарым-қатынасының нығаюына септігін тигізу, түйіндей айтқанда, елімізде зияткер буын қалыптастыруға үлес қосу. Ойын шарты бойынша топтарда 4-тен 10-ға дейін 16 жастан асқан кез келген азамат немесе азаматша қатыса алады. Ойын бейресми ортада, қала орталығындағы дәмханалардың бірінде айына 2 мәрте бейсенбі күні кешкі сағат 20:00-22:00 аралығында өткізіледі. Шараның өткізілетін орны мен уақыты «Instagram» әлеуметтік желісінде qaz_iq_taraz парақшасында жарияланып отырады. Сұрақтар орташа эрудициялық деңгейді талап етеді, негізінен логикаға негізделіп құрылады. Қатысушыларға сұрақтардың жауаптарын белгілейтін арнайы бланкілер, қаламсаптар, қағаздар үлестіріледі. Ұйымдастырушылар барлық кезеңнің дұрыс жауаптарын қосып, есептеп шығады. Ең көп ұпай жинаған топтар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Әзірге ойынға қатысу құны әр адам басына 1500, студенттерге 1000 теңге, – дейді «QazIQ» ұжымының мүшесі Дәулет Лесбеков.
Жалпы ойын шарты бойынша қатысушылар жеті кезеңде бақ сынайды. Онда ұлттық құндылықтарға қатысты да, ең танымал фильмдер мен әндерге байланысты да жеңілдетілген, орташа қиындықтағы және қиын сұрақтар қарастырылған. Арагідік фотобайқау мен блиц сұрақтар да қамтылған. Ойынның ашылуы ертең кешкісін «Izyum» кафесінде өтпек. Қатысуға үміткерлер жоғарыда көрсетілген әлеуметтік парақша арқылы тіркелуіне болады. Аумалы-төкпелі алмағайып уақытта Алаш жастарының басын қосып, алғырлар аламанын ұйымдастырып отырған белсенді жастарға біз де сәттілік тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.