Рүстем Дәулет қордайлық ардагерлерді құттықтап барды

0 0

Ел жадында мәңгіге қалатын Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне, тылда еңбек еткен ардагерлерге көрсетілетін құрмет жылдан жылға арта түспесе, кемімек емес. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында аудан әкімі Рүстем Дәулет және аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов ардагерлердің үйлеріне барып, оларды мерекелерімен құттықтады.
Аудан әкімі Кенен ауылына да жол тартып, онда ардагер Керімқұл Қосақовтың үйіне барды. Бірінші кезекте Рүстем Дәулет ҚР Президентінің, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының және аудан әкімінің Құттықтау қағаздарын ұсынып, сый-сияпат жасады. Ардагердің хал-жағдайын сұрастырып, аз-кем сұхбаттасқан соң Керімқұл Қосақов тәуелсіз мемлекетіміз жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, мемлекет және аудан басшылығына алғысын айтты.
Осыдан соң аудан әкімі Михаил Бакшеевтің үйіне барды. Жасы жүзге таяп қалған майдангерге Рүстем Рысбайұлы жылы лебізін білдіріп Президент Қ.Ж Тоқаевтың, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің және аудан әкімінің Құттықтау қағазын табыстап, арнайы алып келген сыйлықтарын ұсынды.
Келесі кезекте Рүстем Дәулет Николай Кожушконың үйіне барып құттықтады. Дәл сондай Құттықтау қағаздары мен сыйлықтарын тарту еткен соң, аудан әкімі еліміздің жеткен жетістіктері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің лайықты еңбегінің нәтижесі екенін атап өтіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан қарияға алғысын білдірді.
Майдангер Иван Ирхин үйіне келген қонақтарға «Біз сіздерге Жеңісті алып келдік, сіздер бейбіт өмір сүріп, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер», – деп алғысын айтып, көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін ризашылығын білдірді. Рүстем Рысбайұлы: «Біз осындай бейбіт өмір үшін сіздердің алдында қарыздармыз», – деп ардагерлер әрдайым мемлекеттің қамқорлығында болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ардагерлерге 1 млн теңгенің сертификатын табыстап, жеке шоттарына аудырылатындығын жеткізді.
Айта кететіні, бұл күні әр ардагердің үйіне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары да бірге барып, ән айтып, би билеп оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.