Рақмет саған, туған ел!

0 5

Сонау есте жоқ ескі заманда Білге қаған «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» десе, «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деп Күлтегіннің кесіп айтқаны бар. Бұл ұғым арада дәуірлер көшіп, жылдар жылжып, айлар аунап, күндер сусылдап өткенімен әлі де өзіндік өзекті мағына биігінен түскен жоқ. Осы қағиданы ұстанған қасиетті Ұлы дала татулықтың темірқазығы, бірліктің бәйтерегіне айналды. Батаменен өсіп-өнген байтақ еліміздің өзгені де өзегіне басқан ақеділ мейірімі бұл күнде қамқорлық пен қайырымдылықтың құтты панасы, дарқан пейілдің дара даңғылы десек, артық айтқандық емес. Жүздеген ұлттың мыңдаған ұрпағын мейіріміне бөлеген Мәңгілік ел бұл күнде көпшіліктің риясыз рақметі мен кіршіксіз алғысына кенеліп отыр.

Тіршіліктің туған күні, дүниенің думан жыры болған 1 наурыз – Алғыс айту күні. 2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған болатын.
Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн. Алғыс айту күні жайлы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар отбасыны қабылдап алды. Әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін. Олар қорқып тұрды, киімдері жыртылған, өздері аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым… Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын. Бұл мейрам бізде ғана емес, дамыған алпауыттарда да аталып өтіледі. Мәселен АҚШ-та 1621 жылдан бастау алып, 1789 жылы ұлттық мерекеге ұласқан. Бұл күні ондағы барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосынсыйлар ойлап табады. Қаладағы көпшілік орындарда арнайы үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады. «Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек, бірлікті ойлау үшін тірлік керек» деп Төле би бабамыз айтқандай, Алғыс айту күні– Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын тұғырлы мереке.
Бәйтерегім сен едің, бір бүршігің мен едім,
Қолым қысқа демедің, қолтығымнан демедің.
Қазақ деп соққан жүрегі, қазығыңның бірі едім.
Тайғағында тағдырдың табанды саған тіредім.
Рақмет саған, туған ел! – деп өлеңмен өрнектеген ақын Нарша Қашағанұлының жауһар жыры дәл осы мерекенің, Ұлы дала, Отан-ананың әр перзентінің жүрек алғысына ерекше үн қосып тұрғандай. Өйткені бірлік пен ынтымақтың қадірі өмірдің өзіндей құнды, бақыттың өзіндей бағалы. Себебі біз, Қазыбек бише айтқанда,
Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа – ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күдері үкі таққан елміз!
Газетімізді рухани сырласы, жан серігіне айналдырған сіздерге де мың алғыс, құрметті оқырман! Бірлігімізді нығайтып, берекемізді байытқан мейірім мерекесі құтты болсын!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.