«Рақмет саған, туған ел!»

0 1

облыста алғыс айту күні кең көлемде аталып өтті

Осыдан 4 жыл бұрын Қазақстанның елдік деңгейде атап өтетін мерекелер тізімі Алғыс айту күнімен толықтырылғаны белгілі. Содан бері 1 наурыз күні баланың ата-анаға, шәкірттің ұстазға, дос-жаран және тағы да басқа өзгенің жақсылығын, қайырымын көргендердің бір-біріне алғыс айтуы дәстүрге айналды.
Десе де 1 наурыздың елімізде Қазақстанның барлық этникалық топтарын құрметтеу белгісі ретінде тойлануымен ерекшеленетінін айта кеткіміз келеді. Соның ішінде кезінде тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне табан тіреп, еліміздің кең байтақ даласынан пана тапқан, қиын-қыстау кезеңде бір үзім нанды бөлісіп жеп, бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысы шексіз.
Биыл да облыс тұрғындары, жастар мен кешегі қуғын-сүргінді бастан кешіп, өңірімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің ұрпақтары «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне жиналып, аталған мерекені жоғары деңгейде қарсы алды. «Ынтымағы жарасым тапқан, туған елім – Қазақстан!» атты шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұртшылықты дүбірлі мерекемен құттықтады.

– Құрметті қонақтар, қадірлі жерлестер. Қазақта ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан қасиет, өсиет секілді құнды өнеге бар. Ол – бауырмашылдық, мейірбандық, достық ұғымы. Неше түрлі қиын заманды бастан өткерсек те, яғни бір кезде ел ішін жұт жайлаған ашаршылық нәубеті, ұлт зиялыларын қынадай қырған қуғын-сүргін, кешегі зұлматты жылдардың бірі Ұлы Отан соғысы кезінде де қазақ халқы кең құшағын тарылтпай, өзінің бір үзім нанын өзге ұлт өкілдерімен бөлісіп жеген. Сондықтан біздің ендігі негізгі міндетіміз – ата-бабамыздан қалған асыл өсиетті әрмен қарай жалғастырып, елімізде достықтың, ынтымақтың, бейбітшіліктің салтанат құруын қамтамасыз ету.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сара саясатының бірі көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болатын. Егер қандай да бір мемлекетте тұрақтылық пен бейбітшілік болмаса, онда сол елдің дамуы мен болашағы қиындайды. Біздің қазақ елінің осы 30 жылдағы жеткен жетістіктері, табысы ынтымақ пен берекелі бірліктің арқасы. Негізінен Алла Тағала әр нәрсені адамның пейіліне, ниетіне сай береді. Сондықтан ниетіміз таза болса, бір-бірімізді әрқашан қолдап жүрсек, онда біздің ұлт, біздің мемлекет әрқашан биіктен көрінеді. Ең негізгі парызымыз қазақ ұлты мемлекеттің негізін қалаушы, мемлекет құрушы ұлт болғандықтан, біз қасымыздағы ғасырлар бойы бірге тұрып келе жатқан өзге ұлт өкілдеріне әрқашан үлгі болып, жол көрсетіп, бірлікті қамтамасыз етіп, мемлекеттің дамуы үшін еңбек етуіміз керек.
Барлықтарыңызды көктемнің алғашқы күніндегі Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, құт-береке, елімізге тыныштық, татулық, бірлік тілеймін! – деді Бердібек Машбекұлы.
Мерекелік жиында Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов та сөз алып, өзінің жүрекжарды лебізімен бөлісті.
– Тараз топырағына табаным тиіп, айтулы мерекені жерлестеріммен бірге қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бүкіл қазақ жерін, оның ішінде Әулиеата өңірін жайлаған ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне білдірген алғыс айту лебізіне куә болу көрінісі мені ерекше сезімге бөледі. Осы орайда бүкіл өнер адамдарының атынан барлығыңызды осынау дүбірлі мерекемен құттықтаймын. Достық, ынтымақ, татулық бұдан әрі де беки түсуіне тілектеспін.
Біз қазақ деген құшағы кең халықпыз. Қазақ қашанда аңғал, адал, ақкөңіл болған халық. Біздің бауырымызға басқан, құшағымызға сыйдырған өзге ұлттардың санында есеп жоқ. Осы біздің халыққа ғана тән керемет қасиет. Қазақтың «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал бар. Сондықтан біздің айналамыздағы өзге ұлттардың бір-бірімен тату-тәтті тұрмыс кешіп, ынтымақта берекелі өмір сүруі біздің жүрегіміздің кеңдігін көрсетеді. Еліміз бойынша аталып өтіп жатқан Алғыс айту күні дер кезінде қолға алынған мәні мен маңызы айрықша мереке деп білемін. Бірлікті ту ету біздің атадан балаға жалғасқан, бабалар аманаты. Ендеше елімізде достық, татулық ұғымы мәңгі жасай берсін. Бірімізді-біріміз құрметтеп, сыйлап жүре берейік. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Қазақтың кең пейлділігі өзге ұлттарға да жұғысты болсын! – деді Т.Жаманқұлов.
Бұдан кейін құттықтау сөзді облыстық «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лариса Калькова, облыстық «Барбанг» күрділер ассоциациясы облыстық филиалы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабри Асанов жалғап, мерекелік лебізі мен қазақ халқына деген алғысын білдірді.
Бірлік пен береке, татулық пен ынтымақ атты ұғымға қатысты таным-түсініктің ерен үлгісі паш етілген Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ «Көне Тараз» тарихи-этно­мә­де­ни кешені аумағында жұртшылыққа дос­тық дастарханы жайылды. Мерекелік шара не­гі­зін­де қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, және ордабасы секілді ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.
Алғыс айту күні мерекесі Қордай ауданында да кең көлемде тойланып өтті. Күн нұрымен шуағын шашқан көктемнің алғашқы күнін ауыл тұрғындары көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Таң сәріден орталық алаңға қалың көпшілік жиналып, айтулы мерекені тойлай бастады. Айта кететіні, бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Ең әуелі Ноғайбай би ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, бабамыздың рухына тағзым етілді. Содан соң халық сахна алдына қарай бет алды. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, бозкілем төселіп, кең дастархан жайылды. Жас спортшылар алаңдағы тоғызқұмалақ ойынын ойнап, бозкілемде өнерін көрсетсе, енді біреулері қол күрестіріп, кім мықтыны анықтады. Ал, сахна төріне түрлі ұлт өкілдерінен құралған аудан өнерпаздары керемет концерттік бағдарлама ұсынып, бар өнерін паш етті. Аудан әкімі Рүстем Дәулет және де аудан ақсақалдары жиналған көпшілікті Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі тілектерін аямады. Кейіннен түрлі ұлт өкілдері сахнаға көтеріліп, халықты бірлікке шақырып, қазақ халқына алғыстарын айтты.
Ауданның ұлттық мәдени бірлестіктер өкілдері сахна маңына орнатылған шаңырақ астында «Достық» биін билеп, кейін барша тұрғындарға ұлттық дастарханнан дәм татуға шақырды. Жиналған көпшілік керемет ұйымдастырылған іс-шараға ризашылықтарын жасырмай, алғыстарын айтты.
Сондай-ақ, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарында болып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, қоғамдағы бірлікті, бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырды.
– Сонау қиын-қыстау кезеңдерде көптеген этностар мен ұлттар қазақ жеріне қоныс аударылды. Қазақтар ешкімнің де діні мен тіліне қарамай, құшақ жая қарсы алып, қолындағы нанымен бөлісті. Содан бері жергілікті халық пен қоныс аударушылар етене араласып, тату-тәтті тірлік кешуде. Қазақстан – достықтың орталығы, – деген облыс әкімі аудандағы ахуалдың тұрақталғанын баса айтып өтті.
Сондай-ақ, кездесуде Масаншы ауылының тұрғыны Луй Исхар елдегі барлық этностардың тату-тәтті тіршілігін тілге тиек етіп, оларды мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды.
– Біз Қазақстанда тұрып жатқаннан соң мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге міндеттіміз. Қазақстан бізге өз мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтауға жағдай жасады. Біз де енді өз кезегімізде қазақ тілін білу арқылы оларға деген құрметіміз бен алғысымызды көрсету керекпіз. Мемлекеттік тілді білсек, өзара қарым-қатынасымыз да тереңдей түсері сөзсіз, – деді Л.Исхар.
Бұл күні облыстың барлық аудан, елді мекендерінде ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.