Рәміздерге құрмет – қастерлі міндет

0 5

Кеше облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда елдік нышандарымызды қолданудың тәртібі қаралды. Жиынды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды.

Мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерін пайдалану және қолдануына жүргізілген инспекциялық топтардың мониторингілеу қорытындысын облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов мәлімдеді. Инспекциялық топ Тараз қаласында, Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Байзақ аудандарында орналасқан жергілікті және аумақтық мемлекеттік мекемелерде, құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібін тексерген. Мониторингілеу барысында тексеріс облыс орталығы мен аудандық 75 мекемеге жүргізіліпті.
– ҚР Конституциясының 13 және 15-баптарына сәйкес әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Алайда облыстағы бірқатар мекемелерден түстері өзгерген, қарайған Елтаңбалар орналасқанын кездестірдік. Атап айтқанда, Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшісінде, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) департаментінде, Шу ауданының сотында, Шу аудандық қазынашылық басқармасында, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінде, Жуалы ауданының сотында, Жуалы ауданының қазынашылық басқармасында, Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінде, Қордай ауданының әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Қордай ауданының қазынашылық және кірістер басқармасында осындай олқылықтарға жол берілген. Жуалы ауданының прокуратурасында және сотында жарықтың мақсатты түспеуі байқалса, Жуалы ауданының халықты жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік Туға жарықтандыру болмаған. Жалпы, мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің бірқатары инспекциялық бақылау аяқталғанға дейін түзетіліп, мемлекеттік мекемелерде заңбұзушылықтарды жою бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 7-8 желтоқсан аралығында Талас, Сарысу аудандарына облыстық инспекциялық топ мемлекеттік рәміздердің жай-күйіне мониторингілеу жүргізіп,
63 мемлекеттік ұйым қамтылды. Талас ауданындағы Қаратау ауылдық округі әкімінің аппараты, «Нұрсұлтан» балабақшасы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі ғимараттарының сыртындағы мемлекеттік Тулар ескіріп, жыртылған. Берікқара ауылдық округі әкімінің кабинетіндегі мемлекеттік Тудағы ұштық сынған. Аудандағы «Халықты жұмыспен қамту орталығының» ғимараты сыртындағы мемлекеттік Ту кірлеген. Ал Сарысу ауданында Жаңаарық ауылдық округі әкімінің аппараты, аудандық қазынашылық басқармасы ғимараттарының сыртындағы, Талас ауданы Қаратау ауылдық округі әкімінің аппаратының маңдайшасындағы мемлекеттік Елтаңбаларының түсі өзгеріп, қарайған. Жоғарыда аталған рәміздер пайдалануға жарамсыз болып табылады және олар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен ауыстырылуға, жойылуға жатады. Сондай-ақ Сарысу ауданындағы Жаңаарық ауылдық округі әкімінің аппараты, М.Әуезов атындағы орта мектебі, «Халықты жұмыспен қамту орталығы», Игілік ауылдық округі әкімінің аппараты ғимараттарында орналастырылған мемлекеттік Тулары жарықтандырылмаған, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Айта кету керек, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық талаптар» ұлттық стандартына №1 өзгеріс 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Мемлекеттік Елтаңбада бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылды. Елтаңбаларды орналастыру және ауыстыру 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезеңі болып белгіленді. Осыған орай мемлекеттік органдар мен ұйымдар 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде Елтаңбаларды сатып алуға қаражат көздерін қарастыру қажеттігі ескертілді. Облыс бойынша латын графикасымен жазылған мемлекеттік Елтаңба жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелерінде 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, аумақтық департаменттер мен басқармаларда 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін толықтай ауыстырылуы тиіс.
Осы басқосуда Байзақ, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарындағы аталмыш мәселе бойынша атқарылған істерді аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндады. Жиын соңында жүзеге асырылуы тиіс тапсырмалар берілді.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.