Мәдениет

Рәмізге құрмет – қастерлі міндет

Written by Aray2005

Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы ауылдық округтер әкімдігінің, денсаулық, білім, мәдениет саласындағы мекеме ғимараттарындағы мемлекеттік Тулар сөгіліп, жыртылса, енді бірінің түсі өзгеріп, кірлепті. Осындай мемлекеттік нысандардың кейбірінің атаулары жазылған маңдайшаларындағы мемлекеттік Елтаңбалардың түсі қарайып кетсе, енді біріндегі тұрақты тігілген мемлекеттік Туларға түнде жарық түспейтін көрінеді.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануы бойынша зерделеу жұмыстары барысында барлығы 172 мекеме қамтылғанын тілге тиек етті.
– Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті. Сондықтан бекітілген стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға болмайды. Сонымен қатар, Ата Заңымыздың 4-бабы, 1.12-тармағына, Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысымен бекітілген қағиданың 2-бабы, 5-тармағына сәйкес ғимараттарға тұрақты тігілген (орналастырылған) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсуі қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ бұл талаптарды сақтамаған кейбір мекемелер біз зерделеу жұмыстарын жүргізген әрбір ауданнан табылып отыр. Сондықтан кемшіліктері көрсетілген мемлекеттік ұйымдардың басшылары олқылықтың орнын толтыру үшін бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуы тиіс, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Жалпы, Мемлекеттік рәміздердің жыртылуы және кірленуі, түсі өзгеріп қараюы бойынша анықталған кемшіліктердің бірқатары зерделеу жұмыстары аяқталғанға дейін бір жұмыс күні ішінде түзетіліп, қалпына келтірілген көрінеді.
Жиында Д.Бейсенқұлов Мемлекеттік рәміздерді қолдану және пайдалану бойынша барлық аудандар мен Тараз қаласындағы тиісті мемлекеттік ұйымдарда тұрақты түрде әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта да басқарманың жауапты қызметкерлері жергілікті мекемелерде семинар-кеңестер өткізетінін сөз етті. Сондай-ақ ол ел бойынша бұрнағы жылдың қараша айынан бастап латын графикасындағы Елтаңбаға көшу жұмыстарын жүргізу қолға алынғанын жеткізді. Соның нәтижесінде Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылғанын, Елтаңбаларды орналастыру және ауыстыру мерзімі 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі болып белгіленіп, жаңа Елтаңбаларға ауысу жұмыстары осылай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты. Мәселен бірінші кезең бойынша былтырғы жылдың соңына дейін мемлекеттік органдардың ресми веб-сайттарында, ресми басылымдарында және бланкілерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі ауыстырылғаны есте. Енді екінші кезең бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын басшылардың кабинеттерінде, ғимараттар мен маңдайшаларда, ақпараттық стендтерде және тағы басқа арнайы орындарда ауыстыру жұмыстары осы жылдың соңына дейін жалғасады екен. Бүгінгі таңда латын қарпіндегі Елтаңбаны қолдануға облыстағы жергілікті атқарушы органдардың 85 пайызы ауысыпты. Мұндай жаңашылдықты қабылдап үлгермеген кейбір мекемелер Елтаңбаның жаңа нұсқасын пайдалануға ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін көшпек. Ал жаңа Елтаңбаларға ауысудың соңғы, яғни 3-ші кезеңі келер жылдың соңына дейін жүрізілетін көрінеді. Елтаңбаның бейнесінің мөрлерде және жеке куәлік, туу туралы куәлік, паспорт секілді тағы да басқа ресми құжаттарда көрініс табуы осы соңғы кезеңде жасалып бітеді. Бір айта кетерлігі, өңірдегі мәдениет үйі, клуб, ауылдық кітапхана секілді кейбір мекемелердің Елтаңбаларын латын графикасына ауыстыру жұмыстары баяу жүріп жатқан көрінеді. Осыған орай және орын алған олқылық бойынша Ержан Жұматұлы аталған аудандардағы жауапты қызметкерлермен бейнебайланыс арқылы тілдесіп, бұл бағыттағы жұмыстарға барлық мемлекеттік органдардың басшылары бірдей атсалысу керектігін ескертті.
– Мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы және қолдануы бойынша тексеру жұмыстарын Тараз қаласымен қоса, барлық ауданда жүргізу керек. Жалпы, аталған мәселе бойынша жауаптылар тексеруді күтіп отырмай, кеткен кемшіліктерді тез арада жоюы тиіс. Біз осы мәселе бойынша тағы да зерделеу жұмыстарын жүргізгенде, олқылықтар қайталанбауы шарт. Бұған тиісті тұлғалар асқан жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Өйткені мемлекеттік рәміздер-елдігіміздің нышаны, тәуелсіздігіміздің ажырамас бөлігі. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауда басқаларға өзіміз үлгі болуымыз керек.
Айтқандай, өңірімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнін кең ауқымда атап өту жоспарланып отыр. Сондықтан барлық аудандарда, Тараз қаласында өтетін патриоттық тұрғыдағы осы іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін барлығыңызды атсалысуға шақырамын, – деді Е.Жылқыбаев.
Сондай-ақ Ержан Жұматұлы «Менің туым» акциясы аясында барлық орталық көшелер мен алаңдарды Мемлекеттік Тудың макеттерімен, тұрғын үйлердің балкондары мен терезелерін Мемлекеттік Тумен бірыңғай безендіру қажеттігін айтты. Сонымен қатар осы күні тұрғындардың қатысуымен бір мезгілде Әнұранымыз шырқалуы керектігін, мұның жеткіншектер үшін де тәрбиелік мәні зор екенін айта келе, көшелерде авто, мотошерулер ұйымдастыру, Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеріп, Мемлекеттік Гимнді орындау ұсынылып отырғанын еске салды. Әлеуметтік желілерде мемлекеттік Гимнді орындау челленджін ұйымдастыруды, аталған іс-шаралар барысында карантиндік режим ескерілу керектігін, соған сай барынша сақтық шараларды ұстануды тапсырды.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР