«Рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынас»

0 5

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік – рухани тәрбие беру. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі», — деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек.Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімді болып тәрбиеленуіне отбасы мен ұстаздар шешуші роль атқарады. Осы тұрғыда «Өзін – өзі тану» пәні ұлттық құндылықтарды дәріптеуі, оны білім мазмұнына енгізу  арқылы ұлттық тәрбие беруді, оны үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат етіп отыр.

Ата-ананың баласына қалдыратын ең үлкен мұрасы оны жақсылап тәрбиелеу. Қазақ баласын үш-ақ сөзбен тәрбиелеген екен. Ол – обал болады, сауап болады, ұят болады. Міне, осы үш сөздің құдіреті баланы дұрыс жолға салып отырған. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Көрнекті педагог В.Сухомлинский  «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан – жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етуі сөзсіз. Өзін – өзі тану пәні әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Бала тәрбиесі қашанда кезек күттірмейтін, күн тәртібіне түспейтін өзекті мәселе болып қала бермек. Бала үшін отбасы – басты ақпарат көзі, сондықтан бала өмірді алғаш отбасының ықпалымен таниды.

Ата-аналар балаларды тәрбиелеу ісінде мектеппен қарым-қатынас, тікелей байланыс жасауды басты міндеті деп есептеуі тиіс, өйткені, олардың өз балаларын тәрбиелеудегі жетістіктері сынып, мектеп ұжымдарының оқу-тәрбие жұмысының нәтижесімен байланысты.

2020 жылдың 30 қазан күні Облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынас» атты тақырыпта облыстық онлайн семинар-практикум өтті. Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Саткынов Жан Мейранбекович аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің қашықтан оқыту жағдайында «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқушылардың оқу материалдарын меңгеруі бойынша қажетті ұсыныстарынан тұратын мәліметтер берді. «Өзін-өзі тану» пән мұғалімдері мен ата-аналармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстары туралы шолу жасап, баяндама оқыды.

Семинар-практикумға облыс көлемінде өзін – өзі тану пәнінің мұғалімдері мен ата-аналар қатысты. Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның «Өзін-өзі тану» пән мұғалімі Сыргабаева Токынай мен Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің «Өзін-өзі тану» пән мұғалімі Калбанова Перизат сабақтарын әртүрлі әдістермен өткізіп, өзара пікірлер алысып, іс-тәжірибелермен бөлісті. Семинар соңында ата-аналар мен педагогтар пікір алысып, өзара тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа, түсінушілікке баулып, баланың бойында жалпы адамзаттық қасиеттерді сіңіретінін айтып өтті.

Семинар соңында ата-аналар да өз пікірлерімен бөлісті. Бала тәрбиесінің алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басынындағы ата–ана тәрбиесі, өнегесі. Яғни өнегелі отбасының мәуелі жемісі – саналы тәрбиеленген ұрпақ болары даусыз. Сондықтан әрбір ата-ана баласын ар-намысты болуға, адамгершілікке, мейірмандыққа, тектілікке, кісілікке, атамекенді сүюге баулу керек екендігіне дағдыландыруды ұғынды.

Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен халқымыздың мол мұрасы осы пән арқылы келесі ұрпаққа жетіп жатса – біздің де мақсаттарымыздың орындалғаны.

Жан Саткынов,

Жамбыл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.