«Рухани кемел адам дағдарысқа ұшырамайды»

0 63

«Сәті түскен сұхбат» айдарының бүгінгі қонағы – Байзақ ауданын­дағы Бурыл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз Жанар Қалиева.

– Жанар Әріпжанқызы, «Жазушы – адам жанының инженері» дейді ғой. Қай кезеңде де ақын-жазушылар азаматтық ұстанымын ашық айтып, қоғамның алға жылжып, дамуына ықпал етіп отырғаны анық. Сол әдебиет өкілдерін өскелең ұрпаққа таныстыратын пәннің мұғалімі ретінде қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстаздарының қазіргі білім деңгейі қандай дер едіңіз? Және бүгінгі оқушылар көркем әдебиет оқуға неге құлықсыз?
– Көркем әдебиет оқу адамды саяси қайраткерлікке дейін тәрбиелейді. Рухани азықтың бәрі көркем әдебиетте. Кітап оқыған адам рухани кемелдікке жетіп, қай ортада да мерейі үстем болып жүреді. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желі әуелеп тұрғанда оқушының кітап оқуға аңсары ауа бермейді. Қазақ әдебиетінің жағдайы қалай деп қалдыңыз. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналдары арқылы жастар шығармашылығын қарап отырамыз. Ал енді ұстаздың білім деңгейіне көп нәрсе байланысты. «Етікші болсаң да мамандығыңның шебері бол» дейді. Грамматикалық қатенің өте көп заманында әсіресе осы тіл мен әдебиет мамандары көп жұмыс істеуі тиіс! Әлеуметтік желідегі жастардың диалогы өте төмен деңгейде. Сөйлеу мәдениеті мәз емес. Тіпті көп жағдайда «мақауша», яғни «смайликтермен» сөйлеседі.
Бұл қателіктермен арпалысатын тіл-әдебиет мамандарының күш-жігері сарқылмасын деп тілейміз. Ал енді оқушылардың кітап оқуға құлқының жоқтығы – қолындағы телефонның салдары. Дегенмен жастардың бәрі құрдымға кетіп бара жатыр деп айта алмаймыз. Қазақы уызына жарып өскен қаракөздер бар. Ата-әжесінен тарих-шежіре тыңдап өскен балалар көп ауылда. Әлбетте, олардың қабілетін ашып, дұрыс жолға салып, бағыт-бағдар көрсету – бізге, яғни ұстаздарға міндет.
– Сіз өзіңізге қандай талап қоясыз? Өзіңізді жоғары санаттағы мұғаліммін деп айта аласыз ба?
– Оқушы кезімізде Құдайберген Нұртаев деген ағай болған. Тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі еді. Білімі терең болатын. Баспасөзді үзбей қарап отыратын. Кабинетке кіріп келгенде орнымыздан атып тұрып, құрмет көрсететінбіз. Мұғалім оқушыға ықпал жасауы үшін алдымен оның Құдайдан берілген ұстаздық және іскерлік, шешендік қабілеті болуы керек. Әр оқушының ішкі дүниесін оқып отыратын психолог болмасаң, оларды бағындырып, ұстап отыру да оңай шаруа болмай қалады. Жалпы айтқанда, адалдық пен қаталдықты қатар алып жүру керек.
Менің қай санаттағы ұстаз екенімді тәрбиелеп шығарған шәкірттерімнен аңғаруға болатын шығар.
– Оқушыларды қоғамдық жұмысқа араластыру, сенбіліктерге шығару дәстүрі бар еді бұрындары…
– Біз оқушы күнімізде қоғамдық жұмыстың ішінде өстік. Сенбіліктерде көше тазалап, ауылдың бос жерлеріне терек қадап өскен оқушылармыз. Әрине, уақыт өткен сайын қоғамдық құрылым дамып, құбылып тұрады емес пе? Соған байланысты тәртіп пен талап та өзгеріп, бұл үдеріс идеологиялық жұмыстарға да әсер етпей қоймайды. Сондықтан бүгінде оқушыларды қоғамдық жұмыстарға, сенбіліктер мен егіс алқаптарына бұрынғыдай алып бару мәнін жоғалтқан. Бірақ мектеп мүлдем әрекетсіз отыр деуге де болмас. Қоғамдық жұмыс қашанда оқушы үшін табылады.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да қандай жұмыстар атқардыңыздар?
– Бізге жаттанды болып қалғанмен, бұл тақырып – өте маңызды дүние. Бізде қазір рухани түлеу, бойдағы жаман қасиеттерді жойып, жақсы мінездердің іргетасын қалау мүмкіндігі бар. Рухани кемелдену үшін қазіргі ораза айын тілге тиек еткім келеді. Жазушылар адам жанының инженері болса, ішкі дүниемізді жілік-жілікке бөліп, асыл қасиеттерді үйренудің озық үлгілерін көрсетеді. Рухани кемел адам қандай жағдайда дағдарысқа ұшырамайды. Біз кешегі С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» романындағы секілді бұрмаланған кейіпкерлерді толық ақтап, оларды қазақтың шын жанашырлары екенін ұрпаққа ұғындырып берсек, рухани жаңғырудың бір көрінісі осы бола ма деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДА

Leave A Reply

Your email address will not be published.