Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру: Cананың ашықтығы және ұлттық білім жүйесі

DCIM100MEDIADJI_0012.JPG
Written by Aray2005

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қазіргі таңда тек біздің еліміз емес, бүкіл әлем жұртшылығы қиын да күрделі жағдайды басынан өткеруде. Адамзат баласының өміріне қауіп төндіріп тұрған індеттің зардаптары қоғам өмірінің барлық салаларына қатты әсер етуде. Әр заманның өз міндеті, ұрпаққа қояр талабы бар демекші, халықтың халық болып қалуы, мемлекеттердің іргесінің беріктігі, болашақта ары қарай дамуы адамдардың уақыт талабына сай бейімделіп, елімізде қабылданған төтенше жағдайға қалыптасуға деген ұмтылысына байланысты болмақ. Технологиясы озық дамыған әлемдегі алпауыт мемлекеттердің өзі пандемияның алдында шарасыз болып отыр.

Осыдан 3 жыл бұрын әлемдік жаһандану мен бәсекелестік дәуірінде қоғамның дамуы мен еліміздің өркендеуіне бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Мақалада көрсетілгендей қоғамдық сананы жаңғыртпайынша, әрбір адам өзінің ішкі руханияты арқылы сыртқы өзгерістерді дұрыс қабылдап, шешім қабылдамайынша ешқандай жазалау шаралары арқылы індетті тоқтата алмаймыз. Мемлекет тарапынан халыққа барынша моральдық, материалдық қолдаулар көрсетілгенімен, қашан біз өзіміз саналы түрде болып жатқан оқиғаның қаншалықты маңызды екендігін түйсінбесек, жасалып жатқан іс-шаралар оң әсер бермейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өзінің биылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде азаматтық жауапкершілік, байсалдылық таныту, тәртіпке мойынұсыну мәселелерін көтере отырып, елді татулық пен бірлікке шақыруы да осыны аңғартады. Әлемді шарлаған індетпен ілесіп келген экономикалық дағдарыс қоғамымызда қордаланып қалған біраз мәселелердің бетін ашып берді. Әсіресе бұл жағдай халықтың әлеуметтік жағдайын көрсететін денсаулық сақтау, білім беру салаларына үлкен салмақ түсіріп, жүйедегі олқылықтардың орны көрінуде. Міне осы сәтте Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған қазіргі заманның сәт сайын құбылып тұрған өзгерістеріне ғана емес, болашақтың күрделі өзгерістеріне жауап бере алатындай болу керек деген ойдың қаншалықты орынды айтылғанының куәсі болып отырмыз.
Қазақстанды өркениет көшінің алдына бастайтын жаңа бастамалар қашанда көпшіліктің қолдауына ие. Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Тарих сахнасына көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне осы рухани жаңғыру дәлел. Ұлан ғайыр қазыналарымызды қалпынша қолданып, қорғау, бір мақсатпен межелеген межеге жету арқылы түрлі саяси радикалды идеологияларға тосқауыл болудың бағдарын ұсынды.
Әрине, бағдарламадағы өзекті міндеттердің қай-қайсысы да еліміздің болашағы үшін аса маңызды екені айтпаса да белгілі. Алайда осы мақаладағы білім мәселесіне арналған «Білімнің салтанат құруы» атты бағыттың орны ерекше. Өйткені білімі мен ғылымы дамыған ел ғана бәсекеге қабілетті бола алады, жаңашылдыққа ұмтылған қоғам ғана ілгері жылжиды. Елбасының тәуелсіздік алғаннан бері халыққа арнаған дәстүрлі Жолдаулары мен өз туындыларында айтылған ордалы ойлары осы бағдарламада жаңа қырынан жинақталып, ел руханиятына байланысты тың ұсыныс-пікірлері ортаға тасталды.
Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан келіп туындаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» бүгінгі таңдағы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен ондағы білім сапасын арттыру, студент жастардың жатақханалық жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстары да ел ішінде тың серпін туғызғанын атап өтуіміз керек. Бұл нағыз дер кезінде көтеріліп отырған, көптен айтылмай келе жатқан ең өзекті мәселе екені сөзсіз. Өйткені жыл өткен сайын жастарымыздың жоғары білім алуға деген ынта-ықыласы артып келеді. Оның үстіне елдің демографиялық өсімі де жоғарылай түсуде. Сондықтан да студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында университетте заманауи талаптарға сай 518 орындық жатақхана құрылысы аяқталуда. Бұл шара да жастардың игілігі үшін жасалуда.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында алға қойып отырған өзекті мәселелердің бірі – сананың ашықтығы. Қазіргі кезеңдегі жаһандану үрдісінде ұлттық ерекшеліктің тамыры сабақтасып, әлемдік тілдерді үйреніп, білуге талпыну. Бұл болашақ жастарды ғаламдық үрдіске толыққанды араласуға жол ашады және әлемдік жетістіктер мен озық тәжірибелерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызады.
Мақаланың алғашқы тарауларында айтылатын ұлттық, қоғамдық сананы жаңарту туралы мәселелер таяу жылдары атқарылатын нақтылы міндеттерді жүзеге асыруды талап ететінін көрсетті. Осыған орай қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі де оқу-білім ісімен тікелей байланыста орындалатыны анық. Қолдану аясы жағынан жаһандық графикаға айналған латын әліпбиіне көшу процесінің қаншалықты күрделі әрі жауапты іс екенін уақыт өзі көрсеткендей. Небәрі 3 жылда әліпби үш рет өзгеріске түсті. Қазіргі таңда әліпби жобасын жетілдіру мәселесі бойынша ғалымдар әлі де жұмыс атқаруда.
«Рухани жаңғыру» бағдарла­масындағы ауқымды әрі білім беру ісімен тығыз байланысты жоба «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 оқулық». Күні бүгінге дейін университетке осы жоба аясында аударылған оқулықтардың 58 аталымы бойынша 9223 данасы келіп түсті. Оқулықтарды толықтай білім үрдісіне енгізу мақсатында жол картасы даярланды. Бұл жоба арқылы студенттер әлемдік деңгейдегі оқулықтардан білім алып, жаңа танымдық көкжиектерге қол жеткізуге мүмкіндік алды. Бұл – ұрпаққа сапалы білім берудегі игілікті іс болды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында студентке жаңа тұрпатта білім беру мен оқу сапасын, әсіресе, гуманитарлық білім беру үлесін арттыру мақсатында университетте 2017 жылы «Мехатроника» мамандығы ашылып, соның негізінде Люблин политехникалық университетімен (Польша) бірлесіп «Мехатроника» мамандығы бойынша оқу бағдарламасы жүзеге асырылды. Осыған сәйкес университеттің бірқатар мамандықтары бойынша бакалавриат және магистратура аясында қос дипломды білім беру жүзеге асырылуда.
Бағдарламалық мақалада көрсетілген принциптерге сай, жаһандану заманына бейімделген жаңа тарихи сананы қалыптастыру мақсатында қоғамның рухани жаңғыруы аясында «Қазақстан Республикасындағы заманауи тарихи сананы қалыптастыру», қызмет көрсету жүйесі деңгейінің тиімділігін және профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің компьютерлік сауаттылығын арттыру бағытында «Университеттің имидждік саясаты» мен «Электронды университет» тұжырымдамалары дайындалып, жүзеге асырылуда. «Электронды университет» тұжырымдамасы аясында бүгінде студенттер үшін «Демеу» кешенді білімгерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Универсиетте құжат айналым электронды форматқа ауысты. Ол «Directum» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар бағдарламадағы «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» мен Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» секілді патриоттыққа баулитын жобаларды іске асыру жұмыстарын білім беру ісі мен ғылым саласы өкілдерінің қызметінсіз көзге елестету де мүмкін емес. Мұны Елбасының өзі де: «…бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі», деп орынды айтты.
Аталған шараларды жүзеге асыруда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары белсенді атсалысты. Мәселен өңірде мектеп оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығын даярлауға тарихшы ғалымдарымыз белсене араласты. Сондай-ақ ұлттық дәстүрді, өнерді паш ететін халықаралық «Бабалар мұрасы» атты фестиваль, шетелдік және отандық ғалымдардың басын қосқан симпозиум, конференциялар өткізілді. 2017 жылдан бері жаз айларында аймақта «Әулиеата – киелі мекен» атты тарихи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде өңір тарихына қатысты тың ғылыми зерттеу еңбектері баспадан шықты.
Ал «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеу арқылы жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл жобаға өңірден қатысқан үміткерлерге де универсиет ұжымы үнемі қолдау көрсетеді. Жоба жеңімпаздарымен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастыруда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірқатар профессор-оқытушылары Үндістанға барып, Кашмир университеті Орталық Азияны зерттеу орталығымен бірлескен «М.Х.Дулати – Қазақстан мен Үндістан арасын байланыстырушы алтын көпір» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Үндістандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Сринагар қаласында әртүрлі жағдайлармен бүлінген ғұлама тарихшы М.Х.Дулатидың қабірі қайта жөндеуден өткізіліп, өмірі мен қызметінен мәлімет беретін арнайы ақпараттық тақтасы орнатылды. Осыдан бастап ұлы баба мазарына мемлекеттік дәрежеде мән беріліп, Үндістан мемлекетінің қорғауына алынды. Іссапар барысында Қазақстан мен Үндістан ғалымдарының халықаралық байланысы орнатылды, М.Х.Дулати мұраларын екі ел ғалымдары бірлесіп зерттеуде. Соның нәтижесінде құнды еңбектер баспадан шықты.
Қоғамда қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты оқу жүйесі толықтай қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды. Әйтсе де, тура осы сәтте білім алушыларымызды сабақ оқытумен қатар онлайн форматта әртүрлі іс-шараларға қатыстырып, карантинде отырғанда рухани азық болып табылатын – кітап оқу, қоғамдағы тың тақырыптар бойынша ақпараттық-медиа кеңістікке өз ойларын жариялау, өнерін шыңдау сияқты игі дағдыларға баулу мүмкіндіктері де қарастырылуда.

ПІКІР