Елден хабар

Рухани жаңғыру – кемел келешек кепілі

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуни­ка­ция­лар министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте аймақ басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарды жан-жақты әңгімеледі.

– Қазіргі таңда Жамбыл облысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «100 жаңа есім» арнайы жобалары бойынша ауқымды бастамалар қолға алынып отыр.

2017 жылы жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге 22 жоба жанданса, биыл 3,8 миллиард теңгеге 133 жоба мен 66 іс-шара іске асырылуда, – деп сөзін бастаған облыс әкімі бұдан әрі кіші бағдармалар бойынша жүйесін тапқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

– Бағдарламалық мақаланың «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында өткен жылы Тараз қаласы мен аудандарда бір мезгілде «Туған жерге туыңды тік!» ауқымды акциясы бастау алды. Акция барысында өз туған өлкесінің дамуына үлестерін қосуға 80-ге жуық меценат ниет білдіріп, олар 3,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйды.

Бұдан бөлек, былтыр меценаттар есебінен жалпы құны 817,0 миллион теңгеге 23 әлеуметтік нысан салынса, биыл құны 1,5 миллиард теңге тұратын 29 әлеуметтік нысанды ел игілігіне беру көзделуде.
Сонымен қатар, «Бір сәби – бір ағаш» жобасы бойынша 2017 жылы жаңадан туылған сәбилердің ата-аналары 1 000 түп ағаш отырғызса, биыл 5 000 түп ағаш егілді.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасына келсек, жалпы білім беретін орта мектептерде «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», колледждерде «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары енгізіліп, аптасына 1 рет «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» сабақтары музейлерде, тарихи ғимараттарда өткізілуде. Сондай-ақ, 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулықтары шығарылуда. Ал, әр ауданның тарихы, тұрмыс-тіршілігімен тереңірек танысу үшін «Сен өз өлкеңді танисың ба?» тақырыбында онлайн режимінде арнайы сабақтар ұйымдастырылуда.

Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқыту мақсатында «Best видео», «Туған Өлке», «Виртуалды мектеп мұражайы», «BILIM анимация» және «BILIM FM мектеп радиосы» жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, 257 мектеп пен 25 арнаулы орта оқу орнында «Зерде» және «Рухани жаңғыру» орталықтары ашылып, өз жұмысын бастап кетті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универ­си­те­тін­де білімнің ашықтығы және қолжетімділігі идеясына негізделген «Жамбыл-Тараз 24/7» ашық электрондық кітапхана жобасы да өз жүйесін тауып отыр, – деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Асқар Исабекұлы қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстарына да айрықша тоқталды. Өңір басшысы Жамбыл облысында қазіргі таңда жоғары оқу орындарында латын әліпбиін оқытатын арнайы кафедралар ашылып, «Латын әліпбиінің негіздері» оқыту курстары енгізілгенін хабардар етті. Және алдағы уақытта облыстық «Jambyl» телеарнасынан «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» атты телебағдарламаның тұсауы кесілетіндігін жеткізді.

«Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасының қасиетті 100 нысан тізіміне облысымыздан 8 тарихи-мәдени орын енгізілген. Олар – Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық, Ақыртас, «Ежелгі Тараз қалашығы» кешендері, Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа Хатун және Байзақ батыр Мәмбетұлы кесенелері. Облыс әкімі міне, осы тарихи-мәдени орындардың айналасында жаңғырту жұмыстары басталып кеткенін айтты. Сондай-ақ, жуырда ғана Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасында «Ақыртас» тарихи кешенін қалпына келтіруді бірлесе жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойылғандығынан құлағдар етті.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында облыстық орыс драма театрының әртістері Сербияның астанасы Белград қаласында өткен Халықаралық «Славия-2017» байқауына қатысып, Э.Родзинскийдің «Нерон и Я» қойылымын сахналағаны үшін «Дон кихот» мүсінімен марапатталған. Сонымен қатар, Румынияда өткен «BABEL FEST» Халықаралық театр фестивалінде облыстық қазақ драма театры «Қыз Жібек» саунд-драмасы қойылымын көрсетіп, 23 мемлекет театрларының арасынан «Ең үздік театр» және «Ең үздік ашық аспан астындағы қойылым» номинациялары бойынша жеңімпаз атанған. Аймақ басшысы өңір өнерпаздарының бұл жетістіктерін де мақтанышпен жеткізді.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасына келсек, өткен жылы жүзеге асырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында облысымыздың 8 азаматы жеңімпаз атанды. Жоба жеңімпаздарының бүгінде жастармен жүздесулері ұйымдастырылып, олар жөнінде арнайы роликтер көрсетілуде.

Міне, осы жұмыстарды баяндап шыққан Асқар Исабекұлы барлық бастамаларды бағдарлап, зерделеп отыру үшін «Достық» үйінен интерактивті алаңдар ашылғанын тілге тиек етті. Ал, сөз соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алға тарта отырып, киелі Әулиеата өңірінің өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын жаңғыртып, оны одан әрі дәріптеп, насихаттау басты мақсат екенін айтты.
Баяндама жасалғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкіміне бірқатар сауалдарын қойды. Ең алдымен журналистер облысқа қарасты елді мекендерді денсаулық сақтау нысандары мен емдеу орталықтарымен қамтамасыз ету мәселесінің қалай шешіліп жатқанын сұрады. Бұған Асқар Исабекұлы 2018-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарына сәйкес, 82 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар, Тараз қаласынан 200 төсекті облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысын бастауға республикалық бюджеттен биылға 750,0 миллион теңге қаралғанын жеткізді. Ал, жалпы нысанның жобалық құны – 13,9 миллиард теңге.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері облыс әкімінен «Бурылбайтал-Астана» тасжолының қашан жөнделіп, пайдалануға берілетінін сұрады. Аймақ басшысы аталмыш көлік дәлізінің биыл 62 шақырымы жөнделетіндігін, ал, қалған бөлігі кезең-кезеңімен реттелетінін тілге тиек етті.

Журналистер 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласының тарихымыздың темірқазығы саналатындықтан, облыста туристік кластер бағыты қалай дамитындығына да қызығушылық білдірді. Асқар Исабекұлы қазіргі таңда «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы қала қонақтарына қызмет көрсетіп тұрғанын, ал, алдағы уақытта «Шахристан» базары аумағынан жаңадан салынатын «Руханият» орталығы да туристерге Әулиета өңірінен мол мағлұмат беретін орынға айналатынын айтты. Сонымен қатар, биылдан бастап облыста туризм басқармасының өз алдына бөлініп, жұмысын бастағанын да жеткізді.

Сондай-ақ, тілшілер облыс аумағындағы аудандарды көгілдір отынмен қамту, Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын студенттер жатақханасын салу және өзге де мәселелерге қатысты өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР