Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру – мәңгілік елдің алтын арқауы

Written by Aray2005

Елбасының бастамасымен іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл – шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғамның барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Бүгінде бұл бағытта ілкімді істер атқарылып, жүйелі жұмыстар жасалынуда. Осы орайда «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің басшысы Серікбол Берікқожамен сұхбаттасқан едік.

– Серікбол Қайратұлы, биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына екі жыл болды. Осы екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облысымызға не берді? Өзіміздің киелі жерлерімізді өзгелерге таныта алдық па? Тіпті, өзіміз қаншалықты таныдық?
– Елбасының бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттер негізінде осы 2 жылдың ішінде облысымызда ірі жобалар мен бастамалар легі талай белестерді еңсеріп, қыруар тірліктердің тамырына қан жүгіртті. Өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық, туған жерге деген құрмет сынды құндылықтарды сіңіре білді.
2017-2018 жылы жалпы көлемі 2,5 миллиард теңгеге барлығы 230 жоба жүзеге асырылып, оған 620 мың адам қамтылды. Қазіргі таңда облыс аумағында тұрақты түрде мониторинг жүргізу қолға алынған. Жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халықтың 96 пайызы білетінін және аталмыш бағдарламаға қатысы бар екенін жеткізген.
Ал «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» базалық бағыты бойынша Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облысымыздан 35 тарихи-мәдени нысан, оның ішінде 8 жылпыұлттық нысандардың тарихы туралы арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылған болатын. Барлық нысанның GPS координаттары жасалып, нысандарға қолжетімділік толықтай қамтамасыз етілген. Бұл нысандар Тараз қаласының 44 туристік мекемелері маршруттарына енгізіліп, еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келген туристерге таныстырылуда. Киелі жерлердің картасына енген 8 жалпыұлттық нысанның тарихы туралы арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылған болатын. Бұл деректі фильмдерді әлеуметтік желідегі парақшалардан да көруге болады. Сонымен қатар аталмыш нысандарға баратын жолдар жөнделіп, ондағы инфрақұрылымдар мен қызмет көрсету сапасы жақсартылды. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің туризм басқармасымен бірлесе іс-шаралар ұйымдастыруды тұрақты түрде қолға алып отырмыз.
Тоқталып өтетін болсам, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының орта мектептері мен колледждерінен 500-ден аса оқушылар мен студенттер қатысқан «Тараз жеріне тағзым» атты жас туристер фестивалін өткіздік. Фестиваль аясында Тараз қаласының және жақын орналасқан аудандарының тарихи-мәдени нысандары мен көрікті жерлеріне экскурсиялық турлар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Ақыртас» сарай кешенінде «Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» тарихи-өлкетану конференциясы өткізілді. Конференцияда жасөспірімдер туризмін дамыту перспективалары мен мәселелері пленарлық сессияларда талқыланды. Конференцияға облыстың барлық аудандарынан, Тараз, Алматы, Түркістан қалаларынан, Алматы және Түркістан облыстарынан 100-ге жуық адам қатысты.
Жуалы ауданы, Берікқара шатқалында «Тюльпан – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жалпы бағдарлама қойған нақты тапсырмалар жоғары деңгейде іске асуда деп есептеймін. Оның ішінде өзіміздің өңірге тоқталып өтсем, биыл 21 қаңтарда облыс әкімі барлық арнайы жобалар қамтылған салааралық іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар бойынша барлығы 83 ірі іс-шара ұйымдастырылуы керек. Жүзеге асырылатын іс-шараларға облыстық бюджеттен 304,3 миллион теңге қаражат жұмсау көзделген. Сондай-ақ жоспардан тыс іс-шаралар да тұрақты түрде өткізіліп келеді.
– Биыл ақпан айында Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысымен «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Осы ұжымның басшысы ретінде мекемені құрудағы мақсат пен алдағы жоспарларға тоқтала кетсеңіз?
– Мекеме қызметінің мәні қоғамдық сананы жаңғыртумен тығыз байланысты. Ал мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасының жүзеге асырылуын бақылау. Бағдарламалық мақалалар аясындағы барлық арнайы жобалары бойынша жұмыс жүргізу.
Жалпы, мекеме жаңадан құрылған­дықтан алдағы уақытта көптеген іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Осы мақсатта жобалық офис басқармалардағы, аудандар мен Тараз қаласы әкімдігіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыратын жауапты қызметкерлермен, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшыларымен, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам белсенділерімен кездесулер өткізіліп, жұмысты жүйелеуге, жандандыруға қатысты көптеген ұсыныстар жиналды.
Нақтырақ айтар болсам, алдағы уақытта «Әулиеата үміті» сыйлығын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – жас таланттардың еңбегін бағалау, оларды ынталандыру. Жамбыл жері даңқты да талантты тұлғалардың кіндік қаны тамған жер десек, артық айтқандық емес. Міне, сол азаматтар өзінен кейінгі ұрпаққа сенім білдіре отырып, «сен осы өңірдің менен кейінгі жарық жұлдызы болуға тиіссің» деген ұранмен сыйлықты өз қолымен табыстап, жастарға жігер береді деген сенімдемін. Сонымен қатар облысымыздағы қайырымды жандар мен кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Жомарт жүрек» облыстық байқауын ұйымдастыруды да қолға алып отырмыз.
«Қазақстанның сакралды геогра­фиясы» жобасы аясында «Жайнаған Жамбылым» атты фотожинақ басып шығару, «Туған жерге туыңды тік!» форумын, «Латын әліпбиі – рухани тұтастық негізі» атты республикалық конференция ұйымдастыру көзделуде.
Облысымыздағы аға буын мен жас толқынның шығармашылық байланысын нығайту мақсатында ақындардың дуэлін, ұлтық спортты дамыту мақсатында тегін үйірмелер мен іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атауымен «Саналы TALKS» интеллектуалды кештерін, «Қоғамдық лекция» әлеуметтік жобасын, «Жамбыл жауһарлары» атауымен облысымыздың тарихи-мәдени кешендері мен табиғатын, көрнекті жерлерін дәріптеу мақсатында облыстық фотокөрмені де қолға алсақ деген жоспар бар.
– Бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатқанын білеміз. Осы ретте кәсіпкерлердің белсенділігі қандай? Туған жеріне туын тігіп жатқан азаматтарымыз жайлы не айтасыз?
– «Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Яғни Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге, кіндік қаның тамған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Әр адамның өзінің шығу тегі мен тамыры тереңге жайылған туған өлкесі бар. Міне, осы негізде бағдарламаның «Туған жер» жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы бар.
Қазақ әр уақытта барын жақсылыққа, қуанышқа шашуды жақсы көретін, қаны тектілікте жатқан халықпыз ғой. Сол себепті бұл бағыттың жақсы дамып келе жатқанын қуанышпен айтуға болады. Зиялылықтың бірінші шарты адамның туған жерге, халыққа және ұлт болашағына деген шынайы жанашырлығынан бастау алмақ.
Аталмыш жобаны өңірімізде жүзеге асыруда екі жылдың ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Сомасы 2 миллиард теңге көлемінде 129 жоба, 13 іс-шара ұйымдастырылды.
Ал ағымдағы жылы осы уақытқа дейін демеушілік және меценаттық көмектер есебінен 765 миллион теңгеге 29 жоба жүзеге асырылды. Мысалы, Тараз қаласындағы «Атшабар» сквері жаңғыртылып, «Жастар» аллеясы деп қала игілігіне қайта берілді. Қордай, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тұрғын үйлер берілсе, Талас ауданында жол абаттандырылып, көшелер жарықтандырылды. Мұның барлығы біздің кәсіпкерлеріміз бен қалталы азаматтарымыздың өз туған жеріне туын тігуі деп есептеймін.
Жыл соңына дейін жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге қарастырылған барлығы 29 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» арнайы жобасы аясында озық өнер мен технология үлгілері негізінде музейлер, өнер және мәдениет орталықтарын қазіргі заманғы талапқа сай жүйеге келтіру көзделген. Осы бағытта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Шахристан» этномәдени кешенінде «Өлкетану» музейі, «Қолөнер шеберлері», «Руханият» орталықтарының құрылысы басталғалы отыр.
Міне, осындай жақсы жобалармен облысымыз мақтана алады. Ал осы меценаттарымызды ынталандыру мақсатында өткен жылы «Жомарт жүрек» республикалық байқауы өткізіліп, біздің облыс байқаудың 4 номинациясын жеңіп алды. Атап айтсақ, «Жыл меценаты» номинациясымен «Alga Diamond» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанболат Бекмұсаев, «Жыл тұлғасы» номинациясымен «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев, «Туған өлке» номинациясымен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов және «Ерен еріктілік» номинациясымен Айгүл Разақова марапатталды.
– Аталған мақала аясында келешек жастардың білім алуына алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқыту үрдісі енгізілді. Ол – «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Бұл жоба өңірде қалай іске асырылуда?
– Бағдарламаның «100 жаңа оқулық» жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілде гуманитарлық білім бағыттары бойынша студенттердің толыққанды білім алуы үшін жағдай жасау, әлемнің озық оқулықтарын түпнұсқадан қазақ тіліне аудару. Бүгінгі таңда жоба аясында облысымызға аударылған 19 кітаптың
7 000-ға жуық тиражы келіп жетті. Аталған кітаптар облыстық, қалалық, аудандық және жоғары оқу орындарының кітапханаларына үлестіріліп берілді. Қазіргі таңда кітаптардың электронды үлгілері әзірленіп, интернет желісіне орналастырылған. Жобалық офис кітаптардың QR-кодтары бедерленген арнайы тақтайшалар әзірлеп, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында адам көп шоғырланатын орындарға орналастыруды қолға алуда.
Сонымен қатар жобалық офис М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қолдауымен әр апта сайын бір кітапты таныстырып келеді. Осы жылы 30 кітап аударылып, оқырманға таныстырылады деп жоспарлануда.
– Жаңғыру – жазудан басталады деп жатамыз. Осы орайда бағдарла­малық мақалада 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екені қадап айтылған. Аймақта бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған сәйкес облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар жолға қойылған.
Жаңа қазақ әліпбиін өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы бейнеролик әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында пайдалану үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан Латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып, латын негізді қазақ әліпбиіне көшу жөнінде облыс тұрғындарына әдістемелік көмектер көрсетілді.
Латын графикасына негізделген қазақ жазуын түсіндіру, азаматтардың жаңа әліпбиді үйренулеріне мүмкіндіктер жасау мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан 4 әлеуметтік жоба аясында 120-дан аса іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қамтылса, биылғы жылы 2 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Биыл жыл басынан бері латын негізді әліпбиді өңір тұрғындарына түсіндіру мақсатында 74 іс-шара өткізіліп, оған 18 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде 10 аудан мен Тараз қаласы тұрғындарына арналған көшпелі семинар-тренингтер ұйымдастырылса, Тараз қаласында орналасқан 52 мекемеде «Qazalipbi.kz» онлайн оқыту бағдарламасы таныстырылды.
– Биыл «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы өз жұмысын бастап жатыр екен. Бұл бойынша қандай іс-шаралар атқарылады?
– Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту және ауылдық жерлерде еңбек идеологиясын ілгерілету міндеттерін алға қойып, оған қол жеткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосуды тапсырған болатын.
Жоба аясында «Қарқынды бақтар– біздің болашақ» атты елді мекендерде көктемде бақтарды отырғызу, күзде жинау акцияларын ұйымдастыру және бақтарда «Экологиялық тазалық» акциялары өтетін болады.
Жоба аясында алдыңғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік шаруа қожалықтарды аудан және облыс көлемінде анықтау мақсатында «Үздік фермер» байқауы мен «100 жаңа фермер» жобасын, «Жыл фермері» республикалық конкурсы, ауыл еңбеккерлеріне мемлекеттік марапаттар мен бірқатар жеңілдіктер енгізу, ауыл тақырыптарында сериал, көркемдік және деректі кинофильмдер шығару жоспарланып отыр.
– Бағдарламалық мақаланың «100 жаңа есім» дейтін керемет жобасы бар. Өкінетін жайт, осынау жобаға биылдыққа өңірден ешқандай азамат ілінбепті. Мұның себебі неде?
– Иә, дұрыс айтасыз. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» базалық жобасы тізіміне алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша облысымыздың 8 азаматы еніп еді. 2019 жылдың қорытындысымен жобаның екінші кезеңінде облыстан 66 үміткер республикалық іріктеуге жіберіліп, онлайн дауыс беру сатысында медицина мамандары Ғани Құттымұратов, Қасым Аманқосов, мәдениет саласынан Кенен Ақүрпеков, әлемге танымал спортшы Дмитрий Трубин және қоғам белсендісі Руслан Төлегенов сынды 5 кандидат бақ сынады. Өкінішке қарай, 100 жаңа есім тізіміне дауыс беру нәтижелерінің төмен болуына байланысты енбеді.
– Өткен жылдың аяғында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспеттес «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Аталмыш мақала аясындағы жұмыстарды тілге тиек ете кетсеңіз.
– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобалары аясында облыс әкімінің жылдық жоспарына сәйкес ағымдағы жылы барлығы 27 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 600-ден астам адамның қатысуымен 67 іс-шара өткізілді.
Жақында ғана облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Ерлікке тағзым– ұрпаққа парыз» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға «Архив – 2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғали, Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің жанындағы Қоғамдық Кеңес төрағасы Борис Жапаров, Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова, Польша Республикасының Гданьск қаласындағы Поморск генеологиялық қоғамы президентінің орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы Войцех Бещински және өзге де өңірлердің архив басшылары мен мамандары қатысты.
– Осы мақаланың көтерген тақырыптарының бірі – тарихты кино мен телевизия арқылы таныту жөнінде де біраз дүние айтылды. Сіздіңше, кино арқылы тарихи тұлғаларымызды қаншалықты таныта аламыз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Кино – бір ұлттың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық идеясын көрсететін құрал. Түріктер, кәрістер және батыс елдері өздерінің тарихи кинолары арқылы өздерін таныта білді. Студент кезімде кәрістің «Жумонг ханзада» деген киносы отандық телеарналарда көрсетілді. Қандай тамаша телехикая. Кезінде сыртқы жаумен ғасырлар бойы арпалысып, осынау ұлан-байтақ жерді иемденіп келген біздің де жауынгер бабаларымыздың Жумонгтан қай жері кем? Елбасымыз айтып өткендей, расында, біздің өткен тарихымызда ұялатын жеріміз жоқ. Бір ғана кино адам санасын өзгертуге ықпал ете алатынын ескерсек, біздің батыр бабаларымыз жайлы қанша сериялы кино түсірсек те жарасады.
Қазақ халқы батырлармен қатар би-шешендерге, сал-серілерге де кенде емес. Солардың өмірі мен өмір жолын, тарихи оқиғаларға негізделген кинолар түсіру қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар тек кино емес, анимациялық мультфильмдер шығару қажет.
Бағдарламаның «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобасының негізгі мақсаты да Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі және қысқаметражды фильмдерін өндіріске енгізу.
Бұл арнайы жоба аясында Қазақстан жазушыларының еңбектерінің негізінде тарихи фильмдер түсіру және шығармашыл жастарды кино әлеміне тарту, үздік сценарийлерді жазуға ынталандыру бағыттарында жұмыс атқарып келеміз. Биылғы жылдың ауқымды іс-шараларының жоспарымен бөлісетін болсам, ағымдағы жылдың маусым айында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасындағы «Үздік сценарийлер», «Жалынды жастық шақ» бейнероликтер байқауын, Меркі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Меркі, Аспара қалашығы, Меркі – 1,2,3,4,10 қорғандары мен Сандық, Қарақыстақ шатқалы, балбал тастардың тарихи-мәдени мұралары туралы деректі фильмдер түсіру жоспарлануда. Жуалы ауаны әкімдігінің ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атамыздың «Қызыл жебе» романы желісінде Тұрар Рысқұлов туралы қысқа­метражды фильм түсіру де жоспарда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР