Рухани жаңғыру

Ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба

Written by Aray2005

Қайрат Досаев, Тараз қаласының әкімі

Тараз қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің басшылығымен қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім» арнайы жобалары бойынша ауқымды бастамалар қолға алынған.
Жалпы, 25 жобаны іске асыруға 2 миллиард 472 миллион 750 мың теңге қаржы жұмсауды қажет етіп отыр. Былтыр қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 9 жобаға 321 миллион 600 мың теңге бөлді.
Ал облыстық жобалық офиске «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылды. Олардың жалпы құны 374 миллион теңгені құрайды. Аталған жобалар демеушілердің көмегімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Арман Жұмабаев теміржол бекеті маңындағы скверді абаттандыруға 150 миллион теңгеге көмек көрсетіп, «Арайстроймаркет» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаев «Атшабар» скверінің құрылысына 224 миллион теңге жұмсады. Сонымен қатар «Бір сәби – бір ағаш» жобасы бойынша былтыр жаңадан туылған сәбилердің ата-аналары 500 түп ағаш отырғызса, биыл қала көлемінде 6 200 түп шыбық тігіп, қала жасыл желекке орана түсті. Мұның бәрі көне шаһарды көркейте түскен игі шаралар десек, артық айтқандығымыз емес.
Бағдарламаның «Туған жер» жобасының ерекшелігі – оны жүзеге асыруға өңірлерді де белсенді тартуында болып тұр. Облыстар, шағын қалалар, аудан, қала берді әрбір елді мекенді көркейтуге ұмтылуда. Бұл ретте кәсіпкердің, меценаттардың азаматтық белсенділігі бізге көп көмегін тигізіп отырғанын айтқан жөн. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік арқылы көрсетілетін патриотизм – ұлттық генетикалық кодтың негізі.
Былтыр аталған «Туған жер» жобасы аясында Қазақстан Республикасының спорт шебері, әйелдер арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова өз бастамасымен екі мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Жолдыбаевтар жанұясына автокөлік сыйлады. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың демеушілігімен шаһарда «Ғибрат» орталығы ашылды. Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаев, «Альтаис групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабаев Тараз қаласының тұрғындары – Тұрғановтар және Әбілбашировтердің отбасына пәтер кілттерін табыс етті.
2017 жылы «Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өз қаражатына «Мыңбұлақ» ықшамауданында әмбебап заманауи спорттық алаңшасын салып берді. Спорттық алаңшада бір мезгілде 25 бала спорттың волейбол, баскетбол, шағын футбол секілді түрлерінен ойнауға жағдай жасалған. Мұндай игі бастамаларға үн қосып жүретін меценаттар қатарында қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Кан да бар. Ол «Самал» ықшамауданында 25 және 30-үйлердің ауласына бейнекамералар орнатып берді.
Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге, оның ішінде Тараз футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшысына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тегін оқу грантын тағайындады.
«Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» басшысы Сейітхан Жошыбаев 7 638 миллион теңгеге 3 800 тұрғынды тегін дәрігерлік тексеруден өткізсе, «Жасұлан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ж. Омарова аз қамтамасыз етілген бір отбасының баласының жоғары оқу орнындағы 5 жылдық оқу ақысын төлеп берді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Біздің арамызда мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсетіп тұратын нағыз азаматтардың бары, әрине, қуантатыны сөзсіз. Осыған орай, игі істердің басында жүрген азаматтар былтыр тамыз айында қалалық мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты атанып, салтанатты жағдайда марапатталды. Осы жиында «Батыл жүрек» аталымын қалалық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің жол қауіпсіздігі полициясының аға лейтенанты Самат Алашев, әлеуметтік маңызы бар, қайырымдылық жобаларды және акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізген, қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасаған «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов «Жылдың үздік ұйымы» аталымын иеленді.
Былтыр «Достық» үйінде Тараз қаласы және Түркістан облысы кәсіпкерлерінің қатысуымен «Тараздың түрленуі» атты іскерлік-әріптестік форум өткені белгілі. Ауқымды жобалар аясында мәдени-іскерлік орталық пен «Шахристан», «Көне Тараз», Тектұрмас кешендерінің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ коммерциялық нысандардың құрылысын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлер 800 миллион теңгенің меморандумына қол қойды.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, қазынамызды қадірлеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретін болады.

ПІКІР