Жамбыл жаңалықтары

Руханият жанашырларымен риясыз кездесу

Жамбыл атындағы облыстық «Руханият орталығында» облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали жергілікті ақын-жазушылар һәм әдебиет ауылының жастарымен жүздесіп, шығармашыл жандардың жай-күйімен жіті танысып, алдағы жоспарларды талқылады.

Алдымен Берік Уәлиұлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мағынасы терең, маңызы зор мақаласындағы құнды ойларды жүзеге асыру жолындағы жоспарларды, келер жылы қыр астында тұрған Ұлы Дала елінде ақынның атымен аталатын жалғыз облысымыздың 80 жылдық мерейтойын тілге тиек етіп, текті сөздің тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаманға берді. Өз сөзінде одақ филиалының басшысы Жамбыл облысында тұрақты түрде поэзия фестивалі ұйымдастырылса, 7-8 жас ақынның пышақтың қырындай ғана жеке-жеке қалта кітаптары шығарылса және өңірімізде бұрнағы ғасырларда ғұмыр кешкен Сарбас, Майкөт ақындар сынды тұлғалар шығармашылығына арналған антология жарыққа шықса деген ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесі бар болса, соның 16-сы Әулиеата еншісінде екен. Аталған ұсыныстарды жиынға қатысқан аға буын өкілдері де құптап отыр. Жазушы-драматург Елен Әлімжан облыстағы ақын-жазушылардың мерейтойларының тізімі жасалып, сол бойынша жұмыс жасалса және олардың денсаулығы, хал-жағдайы назарда болса деген ниетін жеткізді. Себебі, соңғы жылдарда жамбылдық жазушылардың қазасы да назардан тыс қалып жатқан көрінеді. Ал, облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург Болат Бекжанов нақты уақытта бір шаңырақтың астында шоғырланған қазақ және орыс театрларының жай-күйін, театрдың атауына қатысты ойын, сонымен қатар, тарихта әр ғасырда ілім іздеп әлемнің түкпір-түкпіріне кеткен 300-ден астам Тарази бар екенін, солардың 80 шақтысының дерегі белгілі шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші Әбсаттар Дербісәлінің жеке қорында сақтаулы тұрғанын тілге тиек етіп, Тараздан шыққан Таразилер жайлы жинақ шығаруды ұсынды. Ал белгілі мұрағаттанушы, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет Одақ филиалының жеке өз алдына отыратын жерінің жоқтығын да алға тартып, одақ тізіміндегі жамбылдықтардың саны 16-мен шектелмейтінін, жалпы саны жүзге жетіп жығылатынын, бірақ, олар жайлы өскелең ұрпақтың бейхабар екенін айтты. Сол үшін әрбір тасада қалған талант иесі көзі тірісінде мекендеген үйге тақтайша орнатуды ұсынды. Жамбыл атындағы облыстық «Руханият орталығының» меңгерушісі Ахметжан Өзбеков күні бүгінге дейін Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында жамбылдық жас ақындардың кеші өтпегенін, сол іс қолға алынса, Әулиеата жастарының талантын танытуға сеп болатынын айтты. Сонымен қатар, зиялы қауым тарапынан Тараз шаһарынан «Ақындар аллеясын» ашу жайлы да ұсыныс түсті. Жас ақын Данияр Әлімқұлов шығармашыл жастарға әдеби номинация бойынша 2014 жылдан бері берілмей қалған облыс әкімінің стипендиясы қайтарылса және жастар сүйіп оқитын Серік Томанов, Нарша Қашағанұлының атындағы стипендия болса деген ойын ортаға салды. Берік Уәлиұлы айтылған әрбір ұсынысты өзінің жіті назарына алатынын жеткізді. Жиын соңында ақын Шырын Мамасерікова қаламдас, замандастарының атынан көптен бері көңіл бөлінбей келе жатқан әулиеаталық әдеби қауымға деген ізгі ниеті үшін басқарма басшысына аналық алғыс, ақ батасын беріп, өзінің жыр жинағын сыйға тартты.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР