«Рысқұловшы» деген жалған айып тағылған

Бекбосын Құлжабаев пен Жақаш Мамыров бір күнде атылған ауыл шаруашылығы саласының қайраткерлері еді

0 18

Тарихымыздағы қайғылы да қасіретті кезең – саяси қуғын-сүргін кезінде Шымкент қаласында бір күнде, яғни ақпанның 19-ында 32 адам ату жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың ішінде 24-болып Бекбосын Құлжабаев, 25-кезекте Жақаш Мамыров атылған.

Бұл екеуінің жас айырмашылығы шамалы ғана, алғашқысы кейінгісінен үш жас үлкен. Ал өмірбаяндарында ұқсастық көп. Екеуі де өлкеміздегі алғашқы аграрлық өзгерістерді жүзеге асыруға белсене қатысқан, көп оқып, көп ізденген сауатты, ой-өрістері кең, елге кеңінен танылған қайраткерлер. Және бір ерекшелік – екеуі де партияға шексіз сенді. Бірақ бұл үміттері ақталмады. Архив деректері осы жайында баяндайды.
Бекбосын Құлжабаевтың өз қолымен жазған өмірбаяны архивте сақтаулы. Ол Әулиеата қаласындағы қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Жастай еңбекке араласқан, 1916 жылы тыл жұмысына алынып, Минск қаласында теміржолда істеген, одан оралған соң Ташкентте жасақталған бірінші коммунистік полктың жауынгері болған. 1919 жылы коммунистік партия қатарына қабылданған. Көп ұзамай Түркістан өлкелік партия-кеңес мектебіне оқуға жіберіледі. 1921 жылдың мамырынан 1924 жылдың қарашасына дейін ВКП (б) Әулиеата уездік комитетінде алғаш ұйымдастыру бөлімінің, кейін үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Осы қызметте жүргенде 1922 жылдың
1 мамырынан «Вольная беднота» деген атпен орыс тілінде шығып келе жатқан уездік газеттің жұмысына атсалысқан. 1924 жылы уездік комитет 13 маусымдағы мәжілісінде газетті қазақ тілінде шығару туралы арнаулы қаулы қабылдап, Құлжабаев, Әлиев, Камаловтарды редакциялық алқа мүшелері етіп бекітеді. Ал тамыз айында тұңғыш рет таза қазақ тіліндегі дербес басылым – «Еңбек» газеті шыға бастайды. Бекбосын Құлжабаев осы газеттің тұңғыш нөмірін редакциялап, қол қойған. Таралымы 3 мың дана болған газеттің 224 нөмірі жарық көрген. Бекбосын Құлжабаевтың келесі жылы шыға бастағанына 100 жыл толатын «Aq jol» газетінің алғашқы редакторы қатарында аталып келе жатқанында осындай сыр бар.
Негізгі қызметін ауыл шаруашылығында атқарған Бекбосын Құлжабаев 1926 жылы Әулиеата уездік Қосшылар (шаруалар) одағының төрағалығына сайланды және бір мезгілде уездік жер-су комитетін де басқарды. Кейінірек Алматыға ауысып, Қосшылар одағы өлкелік комитетінің жауапты хатшысы болып істеді, Орта Азия мен Қазақстанда жер-су реформаларын жүзеге асыруға қатысты.
Сонымен саяси қуғын-сүргін басталған 1937 жылдың қазан айы, «Халық жауларын», «рысқұловшыларды», «ұлтшыл-фашистерді», «жапон тыңшыларын» әшкерелеу науқанына үн қосу мақсатында Мирзоян аудандық партия комитетінің пленумы шақырылды. Осы жиында Бекбосын Құлжабаевқа кісі күлерлік жалған айыптар тағылған. Сондағы ілік еткендеріне қараңыз, Мирзоян аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүргенінде 1936 жылдың 5 шілдесінде толтырған анкетасына 1921-1925 жылдары Рысқұлов тобына қатысқанын, бұның осы топты жақтаушыларды қызметке алу, жоғары жылжыту арқылы көрініс тапқанын жазғаны. Арада жыл өткен соң осы жолдар өзіне үлкен айып болып тағылатынын қайдан білсін…
Күтпеген жерден талқыға алынып, «Рысқұловшы» деген айып тағылған Бекбосын Құлжабаев, әрине, үнсіз қала алмады. Жауап сөз сөйлеп, Рысқұловпен бірге қоян-қолтық қызмет істегенін, тобында болғанын растай келе, адамдарды жоғарылатып отырғанда олардың іскерлік белгілерін ескергенін айтқан. Ағынан жарылған осы сөзі-ақ жеткілікті еді. Пленум Құлжабаевты партиядан шығару, атқарып отырған қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
Облыстық архивте Бекбосын Құлжабаевтың жоғары партия органына өзін арашалауды сұрап жазған хаты да сақтаулы. Ол: «Мен, Коммунистік партия тәрбиелеп шығарған түлек жауға барып, пара алумен айналысып көргенім жоқ. Қайда барсам да Совет өкіметін және Коммунистік партияны жақтап, үгіт-насихат жұмысын жүргіздім…
6 қазанда әртүрлі желеулермен мені партия қатарынан шығарды. Мен партияның осындай қиын уақытта мені сақтайтынына сенемін…» деген жолдармен басталады.
Хаты тиісті жеріне жеткен жоқ. Бекбосын Құлжабаев 23 қазанда қамауға алынды.
Жоғарыда жазылғандай, 1938 жылдың 19 ақпанында жосықсыз жалаға негізделініп шығарылған үкім орындалды.
Арада ондаған жылдар өткен соң, яғни 1961 жылғы 25 наурызда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы қылмыс құрамы болмағандықтан Бекбосын Құлжабаевқа шығарылған үкімді бұзды. Есіл ер осылай ақталды.
Облыстық мемлекеттік мұрағатта Әулиеата уездік атқару комитетінің мүшелігіне сайланған Жақаш Мамыровтың 1926 жылғы 20 наурызда өз қолымен, қызыл сиямен толтырған жауапты қызметкерлердің жеке парағы сақтаулы тұр. Ол көп жайдан хабардар етеді. Ол 1894 жылы Әулиеата қаласының іргесіндегі Төңкеріс қыстағында дүниеге келген. Қырғыз педагогикалық курсын бітірген. Өзінің ана тіліне қоса орыс, қырғыз, татар тілдерін де жетік меңгерген. Тумысынан дарынды болған, домбырамен ән салған. Өлеңді суырып салып айтатындықтан айтыстарға да қатысқан. Өзімен түйдей құрдас Тұрар Рысқұлов 1917 жылы Меркіде ұйымдастырған «Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағының» белсенді мүшесі болған. Әулиеатада Кеңес үкіметі орнағанда ауылда ревком төрағасы болған, кейін Меркі, Шу аудандарында басшылық қызметтер атқарған, уездік, өлкелік партия конференцияларына, 1924 жылы одақтық сьезге қатысқан. Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде өлеңдері мен мақалалары жарияланған.
Небір жайсаң азаматтарды қойдай қамап, қояндай қырған 1937 жылы мамыр айында Мәскеуде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеп жүрген Тұрар Рысқұлов тұтқындалды. Бұл хабар онымен хат алысып тұратын, Түркістан-Сібір теміржолын салу кезінде талай жолығып сырласқан, 1936 жылдан Ново-Ивановка МТС-інің (қазіргі Байзақ ауданының Жетібай ауылы) директоры болып істеп келе жатқан Жақаш Мамыровқа оңай тиген жоқ. Әрі МТС қамтуындағы шаруашылықтар бұрынғыдай астық пен мақта ғана емес, жоғарының нұсқауымен қант қызылшасын да өсіре бастағандықтан жұмысы да мейлінше ауырлап кеткен еді.
Шаруашылықтарды аралап, кеңсесіне қажып қайтқан Жақаш Мамыров «Ұлтшыл-фашистердің басшылары Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбеліндей бір топ қана сұрқия жөліктер партия билетін тек өздерінің екіжүзділік бетін бүркемелеу үшін пайдаланып жүрді. Олар еш уақытта адал ниетімен большевик болған емес. Рысқұлов-рысқұловшылар жауыздық істерін пантюркистік контреволюциядан бастады..» деген сөздер жазылған газетті жұрт көзінше жыртып тастаған. Бұл «Тұрар Рысқұлов жау емес!» деп ашық айтумен тең еді. Азамат ерді аяқтан шалуды көздеп жүргендердің көктен күткені жерден табылып, дереу арыз жөнелтті…
«Бұрыннан-ақ Рысқұловтың контрреволюциялық бандасына белсене қатысушы болған Мамыров партияның Қазақстандағы халық жауларын ұлтшыл-фашист сілімтіктерін түбірімен құрту жөніндегі шараларын жек көрді. Осыдан да оның халық жауларын, Отанның қаныпезер сатқындарын, жапон-герман фашизмінің жалдамалы құлы Рысқұловты және басқаларды әшекерелеген мақала шыққан газетті жұмысшының қолынан жұлып алып, жыртып тастауы тегін емес..
… халық жауы және ұлтшыл-фашист Рысқұловтың қолшоқпары ретінде МТС директоры қызметінен алынып, партиядан шығарылсын..»
Мирзоян аудандық партия комитетінің архивінен табылған қаулысында осылай жазылған.
Зұлымдық зобалаңы белең алған сол қиын-қыстау кезеңде қаншама тағдыр тәлкекке түсті. НКВД-нің шаш ал десе, бас алатын әпербақандары тағы да бір «бүлдіруші», «ауыл шаруашылығына зиян келтіруші» топты ашқандарын жариялады. Сөйтіп, Мамыровпен бірге орынбасары Ақзен Иманов, МТС-тің агрономы Сейдалин, учаскелік агрономы Үмбетовтер де жазаға тартылды.
Арада жылдар өтті. КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының анықтамасы: «Тұтқындалғанға дейін (1937 жылдың
3 қазаны) Мирзоян ауданындағы Ново-Ивановка МТС-інің директоры болып істеген Жақаш Мамыровты айыптау жөніндегі істі КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы 1962 жылдың
6 желтоқсанында қарады. Әскери алқаның Ж.Мамыровқа қатысты 1938 жылғы үкімі жаңадан ашылған жағдайларға байланысты қайтып алынып, қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылды. Ж.Мамыров қайтыс болған соң ақталды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының сот құрамына төрағалық етуші, әділет полковнигі Ю.ДОЛОТЦЕВ».
Зобалаң жылдарда жауапты қызметкерлер анкета толтырғанда «Өзіңізді қай салада пайдалануды дұрыс көрер едіңіз?» деген сұраққа жауап жазатын-ды. Мамыров мұндай құжаттарға «Ауыл шаруашылығында» деген сөз жазып отырған. Бұдан Тұрар Рысқұловқа адал дос бола білген әрі тағдырлас азаматтың осы салада халқына мол пайда тигізуге ұмтылғаны аңғарылады. Бірақ сталиндік террор бұл мақсатына жеткізбеді.
Архив деректерімен алғаш жұмыс істей бастаған кезімде Жақаш Мамыров жайлы «Қайтыс болған соң ақталды» деген көлемді мақала жаздым. Ол «Еңбек туының» 1988 жылғы 19 қарашадағы санында жарияланды. Арада төрт жыл өткенде Байзақ ауданындағы туған ауылын басқаруға келген, талантты ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы ретінде жақсы танымал, облыс басшылары алдында беделі де зор марқұм Орынбек Тілеубаев ағамыз ауыл атын өзгертуге қол жеткізді. Елу үш жыл М.Фрунзенің атында болып келген ауылға облыстың сол кездегі әкімі Өмірбек Байгелдінің 1992 жылдың 6 шілдесіндегі №60 шешімімен Ж.Мамыров есімі берілді. Содан беріде «Жақаш ауылы» аталып келеді.

Жазықсыз орға итеріліп, ұлтымыздың арыстарымен бірге Шымкент қаласында атылғанда Бекбосын Құлжабаев – 47, ал Жақаш Мамыров 44 жаста болатын. Нағыз толысқан шақтарында өмір сапарлары үзілген қос арыстың ауыл шаруашылығы саласының қайраткерлерінің елге берері көп еді!..

Тұрсынхан Толқынбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Байзақ ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.