Сүлейменов көшесінің сиқы қашып тұр

0 0

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары соңғы екі жылдың көлемінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. Табиғаты тотыдайын таранды, сәулеті сұңқардайын сыланды. Аққу ұшып, қаз қонды. Оған жергілікті жұрт риясыз разы болды. Қазір де қаланың кейбір ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сұр мерген Ыбырайым Сүлейменов көшесінің аяқ жағына жаңа асфальт жабындысы төселіп көпшіліктің қуанышы қойнына сыймады. Алайда бұл көшенің қазіргі жағдайы жаңадан төселген деп айтуға келмейді. Әрине мұнда көшедегі жөндеу жұмыстарының сапасына күмән келтіргіміз келіп тұрған жоқ. Айтпағымыз көшенің тазалығы хақында болмақ. Мыңдаған тұрғын мекен ететін көшедегі мал қиынан аяқ алып жүрудің өзі қиын. Ал аталған көшенің бұл бөлігі облыс орталығын Талас, Сарысу, Жамбыл аудандарымен байланыстырушы күретамыр екенін ескерсек, біз сөз еткелі отырған мәселенің қаншалықты өзекті екеніне көз жеткізуге болады.

Тазалықтың сақтаған жерде болатыны жазылмаған заңдылық. Ал біз әңгімемізге арқау етіп отырған Сүйлейменов көшесінің аяғындағы жаңа асфальт жабындысының төселгеніне де көп бола қойған жоқ. Бұған дейін жергілікті тұрғындар мұнда жаңа асфальт жабындысын төсеудің өзі «жырға» айналғанын жақсы біледі. Ал жаңа жол төсемі төселе салысымен тұрғындар ондағы сорақы көріністің куәгері атанды.
– Расымен көшенің жөнделуі ұзақ уақыт жырмен біткен мәселе еді. Қаланың шет жағы болғандықтан мұндағы 1700-ге жуық тұрғын қолда мал ұстайды. Негізгі күнкөріс көзі де сол. Әрине малды бір жерде ұстап тұру да мүмкін емес. Көбіне мал өрісте болады. Таңертең өріске дәл осы көшемен шығып, кешке қайта кіреді . Бірақ бұл округтегі жалғыз мәселе емес. Мәселен Сұлтанбаев көшесінде әлі күнге жарықтандыру жоқ. Осы Сүлейменов көшесімен қатарлас жатқан Жақан Сабалақов көшесіне жылу құбырларын жүргізгелі біршама уақыт өтсе де қазылған жерлер сол күйі жатыр. Төрткүлден Ниетқалиев көшесіне шығатын көшені де қазып тастады. Сол маңайға халық автобус сұраған. Бұл мәселені қан орталығының қасындағы қалалық аурухананың құрылысы біткенде шешіп береміз деді. Бірақ аурухананың іске қосылғанына да үш жылдан асып кетті. Бұдан бөлек қазір осы Сүлейменов көшесіне жаңа аялдамаларды қалқайтып қойып жатыр. Бір-бірінен арасы тым алыс. Онысы егде жастағылар мен мектепке баратын бүлдіршіндерге қиын. Жаңасын салғаннан бұрыннан осында тұрған аялдамаларды жаңартса дұрыс болар еді. Жаңа аялдамалардың орналасқан жері халыққа мүлдем қолайсыз, – дейді аталмыш аумақтың кварталдық комитет төрағасы Жаңабек Сұлтанбеков.
Расымен аумақта қордаланған мәселелер көп. Дегенмен біз тек көшедегі тазалық мәселесіне ғана тоқталдық. Бұл бойынша қала әкімдігінің №1 және 2-і аумақтық округ бойынша бас инспекторлары Нұржан Жұмағұлов пен Әмірхан Қанаевтың да пікірін білдік.
– Қазір Сүлейменов көшесіне арық (лоток) жүргізілуде. Ол жұмыстар алдағы 1-2 айда толығымен бітеді. Сол кезде көше тағы да мердігерлер тарапынан түбегейлі тазаланады. Көше екі аумақтық округке қарайды. Расында мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі түрік ағайындар, Олар малмен айналысады. Тұрғындарға көше тазалығын сақтау туралы айтылған. Негізінде малды көшенің ортасымен емес, жолдың шетімен өріске шығару керек. Көше магистралды болғандықтан оның тазалығымен «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Серіктестік өз жұмысын дұрыс атқарып-ақ жүр. Бұл жерде мәселе тұрғындардың мәдениетінде болып тұр. Ал үйден шығатын қоқысты жұмасына бір мәрте «Сұлтан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарады. Күнде тазаланбаған соң мұндай олқылықтар орын алатыны рас. Негізінде көше таңертең мал өріске шыққанда тазалануы керек. Қорғамдық ортаның тазалығын сақтау туралы арнайы заңнама да бар.Бірақ осы аумақтық округке қарасты учаскелік полиция инспекторлар өз жұмысында осы заңдылықтарды көзге ілмей отыр. Қалай дегенмен олар үй-үйді аралап, тазалық талаптарын ескертсе, мұндай жайт орын алмайды, – деді Нұржан Жұмағұлов.

Қалай дегенмен көше қаланың айнасы, күнделікті тіршіліктің күре тамыры. Қазіргідей дамылсыз дамуды талап еткен уақытта біз үшін тазалық көзден таса қалып, көңілге қаяу түсіретін мәселе болмауы қажет-ақ. Себебі тазалық адам үшін де, қоғам үшін де үлкен мәдениеттіліктің өлшемі.

Нұржан Қадірәлі

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.