Сұхбат

«Сүрінген сәттерден сабақ алу адамды шыңдайды»

Written by Aray2005

Төленді Жексенбекұлы,
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалының заңгері

Бүгінде елімізде жастардың жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан шаруа ұшан-теңіз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей ықпалымен «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданып, арнайы тұжырымдама бекітілді. Баянды бағдарламалар қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асуда. Бір сөзбен айтқанда, оқимын, еңбек етемін, кәсіппен айналысамын дейтін жастар үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Төленді Жексенбекұлы да мемлекеттік жастар саясатының ілгерілуіне атсалысып келе жатқан азаматтардың бірі. Заңғар ойлы замандасымыздың алдағы мақсаты да айқын.

– Төленді Жексенбекұлы, мемлекеттік жастар саясатында өзіндік орны бар азаматсыз. Облыстық жастар ресурстық орталығында жауапты қызметтер атқардыңыз. Бірақ, кейінгі кездері мұндай ортадан көрінбей кеттіңіз. Мұның себебі неде?
– Өмір – ұлы мектеп. Сол мектептің үйретуімен көздеген мақсатыма жету үшін ерінбей еңбектеніп келемін. Бабалардан қалған «Әрекет түбі – берекет» деген қағиданы берік ұстанамын. Жастар саясатынан қол үзіп кете қойған жоқпын. 2016 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының Жамбыл аудандық филиалында заңгер болып қызмет атқарудамын. Бұл да жастардың жай-күйімен тығыз байланысты жұмыс болғандықтан өзіме ұнайды.
Негізгі мамандығым «Құқықтану», Тараздағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін бітіргенмін. Адам мамандық таңдауда қателеспесе, өмір жолының да сәтті болатынына сенемін. Себебі, бұл біздің қазіргі және болашақ капиталымыз. Ал, құқықтық нормаларды білмесең, көп сыбағаңнан құр қаласың. Мен мамандық таңдауда ұзақ ойландым. Шыны керек, бұрын «Заң саласы бойынша білім алу қиын» деп ойлайтынмын. Бірақ, тәуекелге бел буып, оқуға шындап көңіл бөлгенде ғана көп нәрсеге қол жеткізетінімді ұқтым. Ішкі түйсігім алдамапты, шүкір, мақсаттарыма рет-ретімен қол жеткізіп келе жатырмын. Қытай ойшылы Конфуцийдің «Мемлекет дамуы үшін етікші етікші болуы қажет, диқаншы егін ексін, ұстаз білім берсін» деген сөзі рас. Енді мынаны қараңызшы, біз «Мемлекет» десе бірден Үкіметті еске аламыз. Негізінде мемлекет деген біздің отбасымыз екенін ескере бермейміз. Осы орайда ата-бабамыз «Отан отбасынан басталады» деп тектен тек айтпаған болар. Ортақ шаңырағымыз – Отанымыздың өркендеуі үшін әр азамат өз үйіндегі және қызметіндегі жұмысты адал атқарып, іскерлік танытса, ұтылмаймыз. Бұл тұрғыда партияның мектебінен өтіп жатқанымды мақтаныш етемін. «Нұр Отан» партиясы жас екенімді ескеріп, түрлі оқуларға жол ашты. Соның ішінде «Саяси менеджмент» пен «Саяси көшбасшылық» туралы дәрістерді былтыр ашылған саяси академиясында оқытты. Бұл екінің біріне бұйырмайтын бақ. Себебі, арнайы емтиханнан өтуге тура келеді. Осындай сынақтарды сәтті тапсырып, саяси сауатымды жетілдіре түскендеймін.
Халқымызда «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Сол ұстаныммен біреуге қол ұшын созсам лезде ұмытуға тырысамын, тіпті, отба­сымнан да жасырамын. Дәл қазір әлеумет­тік жобаларды қолға алып, Дүниежүзілік банктің тағайындаған гранттарын жастар арасында жүзеге асырудың тетіктерін үйретіп жүрмін. Осы жобамен 15 отбасына көмек көрсетуді көздеп отырмын. Жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жағдай жасасам деген ойым бар. Болашақ Олимпиада, Азия чемпиондары ауылда өсіп келе жатыр. Міне, осындай талантты балаларға үйінде жаттығатын жабдықтарды жыл аяғына дейін жасатып, орнатып берсем деп отырмын. Спортпен шұғылданған баланың өресі биік, салауатты азамат болып өсетіндігі сөзсіз.
– Байқаймыз, әлеуметтік желіде де белсендісіз және философиялық ойлар қозғайсыз. Сізді бүгінгі қоғамның қандай мәселелері көп толғандырады?
– Өз басым қолым қалт етсе, кітап пен газет арқылы рухани азықтанып тұруға құмармын. Философиялық тұрғыда көп ойланып, пікірімді көпшілікпен бөлісіп отыратыным сондықтан болар. Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр ғой. Сондықтан да жақсы дүниені өзім ғана зердеме тоқымай, замандастарыма, кейінгі жас толқынға жеткізуге тырысамын.
Дәл бүгінгі уақытта саналы азаматты толғандыратын мәселе көп. Жат ағымдардың жымысқы әрекеті, көңілге кірбің ұялататын келеңсіздіктер жаныма батады. Иманы берік адам азбайды. Бұл тұрғыда бағзыдан қалыптасқан дін мен дәстүрдің сабақтастығына ерекше ден қойсақ, ұтылмасымыз анық.
– Бүгінде бала тәрбиесіне байланысты әңгіме өрбісе, ата-аналар рөлінің әлсіреп кеткені қатар айтылады. Ал, сіз қандай әкесіз?
– Мемлекеттің мыңдаған отбасынан құралатынын ескерсек, ел дамуында әр жанұяның өзіндік орны бар. Әрине, барлығы да адамның сана-сезіміне байланысты. Сондықтан да отбасылық құндылықтарды қадірлеуді әркім өзінен бастауы керек. Бұл тұрғыда ата-әжелер мектебінің маңызы зор. «Бала – бауыр еті, көз нұры» дейді дана қазақ. Сондай-ақ «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деген де ұлағатты сөз бар. Үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап өскен бала өскенде өрелі тұлға болып қалыптасады. Бүгінде бір қыздың әкесімін. Тұңғыш немере болғандықтан ата-әжесінің тәрбиесіне бергенбіз. Дегенмен, әкелік міндетімді ұмытпаймын. Кішкентай болса да арнайы уақыт бөліп, қызыммен тілдесуге тырысамын. Қыз бала – ертеңгі күні ұлт болашағына жауапты ана. Сондықтан, бойына бала күнінен жақсы қасиеттерді сіңіріп өсіруге барымды саламын. Мүмкіндігінше ибалы, инабатты, сыпайы, қанағатшыл, ар-намысты биік қоя білетіндей етіп тәрбиелеуге тырысудамын. Келешекте халқының нанын емес, қамын жейтін адал адам болып өсуін тілеймін.
– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Негізгі қызметіңізден бөлек, бойыңызда бұғып жатқан қандай қасиеттеріңіз бар?
– Абай атамыздың:
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы?, – деген жыр жолдарын жатқа білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Мен де өлең жазғанды ұнатамын. Әрине, ол дүниелерді төрт аяғын тең басқан тұшымды туынды дей алмаспын. Оны жарыққа шығаруға да құштар емеспін. Ең бастысы, өлең жазу арқылы қиялымды қияға өрлетіп, өз-өзіммен сырласамын. Сол арқылы рухани ләззат аламын. Жан сарайым кеңіп, көзге көрінбейтін, қолға ілікпейтін ғажайып бір әлемге енгендей күй кешемін.
Сонымен қатар, спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Құрылыс жұмыстарына да аздап икемім бар. Тиыннан теңге құрастырғанды ұнатамын. Әрине, бәрін адал жолмен жасауды естен шығармаймын.
– «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты». Өмірде кімдерді ұстаз тұтасыз?
– Барлық адам өмір жолында өз әкесі мен анасынан үлгі алып, ұстаздарының ұлағатын бойына сіңіріп өседі. Мен де мектепте, оқу орнында, қызметте өзіме жол көрсетіп, жөн сілтеген азаматтарды ұстаз санадым. Бұл тұрғыда ең алғаш рет қолыма «Әліппені» ұстатып, әріп жаттатқан Үміт апайдың орны бөлек. Жоғарғы сыныптарда Жамбыл ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте оқыдым. Ондағы әрбір мұғалімді ерекше құрметтеймін. Ал, жоғары оқу орнында Ерболат Саурықовтан көп нәрсе үйрендім. Іскерлігі, қарапайымдылығы, қарбалас жұмыстың арасында уақыт тауып, спортпен шұғылданатыны тұнып тұрған өнеге. Ал, қызметте өзімнің замандас досым, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожаның еңбекқорлығына тәнтімін. Ол да маған дәріс беріп, ұстаздық еткен азаматтардың бірі. Ал, жастар саясаты саласында қызмет еткенімде Еркебұлан Құралбаев дұрыс бағыт-бағдар беріп, жан-жақты жетілуіме оң септігін тигізді. Шүкір, өмір жолымда осындай атпал азаматтар көп кездесті. Әрине, бәрінің аты-жөнін атап шығу мүмкін емес. Ең бастысы, жақсының шарапатын бағалай білсек болғаны.
– Бүгінгі уақытта «Болам» деген баланың белін бууға» мүмкіндік мол. Жастарды қолдауға арналған бағдарламалар да жетерлік. Алайда, ілгерілеудің орнына іркіліп, істің көзін таппай жүрген замандастарымыз қаншама? Мысалы, кәсіп бастағысы келетін жастардың көбі көмекке мұқтаж. Қандай ақыл-кеңес қосар едіңіз?
– Тағы да Абайға жүгінуге тура келеді. Ұлы ойшыл «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді. Тура жолды нұсқайтын бағдаршам – сол. Көп оқыған адам кедергілерді жеңіп, қиындықтан жол таба біледі. Кәсіпкер болу үшін ақша санай алу жеткіліксіз, психолог, заңгер, қаржыгер сынды қабілеттерді қатар меңгеру маңызды. Ерінбей еңбектенген адамның еңсесі биіктейді. Сүрінген сәттерден сабақ алып, қайта тұрып, алға басу – адамды шыңдайды. Жеңілістер алдағы үлкен жеңіске апарады. Қазір кейбір жастар «бүгін кәсіп ашып, ертесіне бірден мол табысқа кенелемін» деп ойлайды. Ол мүмкін емес. Кедергілерді көрмей, әдіс үйренбейсің, ащы-тұщыны сезінбей, тәжірибе жинақтай алмайсың.
– Қазір әлеуметтік жобаларды жүзеге асырушылардың арасында беделді азаматтардың басын қосып, дөңгелек үстел, семинар өткізушілер көп. Мұндай шаралардың қандай пайдасы бар? Бұл, әлде құрғақ әңгімемен уақыт өткізіп, есеп берудің оңай жолы ма?
– Әлеуметтік жоба көпшілікке адами құндылықтарды, іскерлікті, жүргізіліп жатқан саясаттың дұрыстығын кеңінен ұғындырып, бұқара мен билік арасына көпір жасауды мақсат етеді. Ұйымдастырылған шаралардың өзіндік көздеген мұраты бар. Бірақ, оған қатысушылар жақсы ой түйе білсе, нәтижелі болмақ. Немқұрайды қатысса, онда уақыттың зая кеткені. «Досымнан қорықпаймын, ары кетсе сатып кетеді. Жауымнан қорықпаймын, ары кетсе атып кетеді. Басты қорқыныш – немқұрайдылық» деген сөз бар. Қай салада да орға жығатын осы – немқұрайдылық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР