Жамбыл жаңалықтары

Сабалақов көшесіндегі жеке тұрғын үй «жыры» қашанға дейін жалғасады?

Written by Aray2005

Осыдан үш жыл бұрын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 20,4 гектар алқапта жеке тұрғын үй құрылысы басталғаны көптің есінде болар. Әлі есімізде сонда облыстағы баспасөз өкілдері ілкімді істі сүйіншілеп жеткізіп, шаһар тұрғындарын мейлінше құлақтандыруға тырысып бақты. Бұқаралық ақпарат құралдарының әр санында құрылыс барысы туралы мақалалар жарияланып, сол арқылы әріптестеріміз тұрғын үй тауқыметін тартқан тұрғындардың үміт отын оятуға күш салды. Алайда 2017 жылы басталған құрылыс жұмыстары күні бүгінге дейін аяқталмай, іс пен сөз қабыспай, соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқандай.

«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген қағиданы ұстанып, өткен сенбіде әлдеқашан пайдалануға берілуі керек болған жеке тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан алқапқа арнайы бардық. Мән-жайды көзбен көріп, сәні мен салтанаты келіскен жаңа үй тұрғындарын әңгімеге тартып, көкейге ұялаған көп сауалымыздың жауабын алуға тырыстық.
Жаңа үйдің кілтіне ие болып, қуаныштары әлі де басылмаған тұрғындардың пікірінен бұрын мақаламызға арқау еткен тақырыпқа байланысты Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Біржан Башанов берген мәліметті оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
– ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы №922 қаулысымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу қарастырылған. Бағдарламаның талаптарына сәйкес тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 120 000 теңгеден аспауы қажет. Бағдарламаны іске асыру мақсатында Сабалақов көшесінің соңынан 255 жеке тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жер телімі Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөліміне берілген.
Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі тарапынан 2005-2006 жылдары кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін 65 еріктінің көмегімен ескерту хаттары көрсетілген мекенжайларға жеткізілді. Нәтижесінде 11 752 ескерту хат таратылып, соның ішінде 488 азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалына жолдама алып, 54 азаматтың төлем қабілеттілігі расталды.
Қазіргі таңда аталған алқапта бағдарлама арқылы үй алған 15 отбасы тұрады, – дейді Біржан Сұлтанбекұлы.
Өткен жылы үлкен қуанышқа кенеліп, пәтер кілтін алған он бес отбасының бірі – зейнеткер Динакүл Рысқұлбекқызы. Газ шаруашылығының ардагері мемлекеттік бағдарламалардың халықты баспанамен қамтамасыз ету ісін ілгерілетуге оң ықпалын тигізіп жатқанын, баянды бағдарламаның игілігін өзі де көріп отырғанын жеткізді.
– 2006 жылы жердің кезегіне тұрдым. 2019 жылы 2006 жылы жердің кезегіне тұрғандарға жер беріліп жатқанын естіп, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне бардым. Бөлімдегі мамандар бос жатқан жерді және «Нұрлы жер» бағдаларламасына қатыса отырып жеке тұрғын үй алу мүмкіндігімінің бар екенін айтты. Өзім зейнет жасындамын. Сондықтан дайын үйді алған әлдеқайда тиімдірек болып, бағдарламаға қатысуға бел будым. Сөйтіп қателеспесем 2019 жылдың шілде айында жер қатынастары бөлімінің мамандары «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалына жолдама берді. Өкінішке қарай зейнет жасында болуыма байланысты үйді несиеге рәсімдей алмадым. Ұлдарыммен ақылдаса келе қолма-қол ақшаға 80 шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үйді 9,6 миллион теңгеге сатып алдым. Бірнеше ай құжаттарды ресімдеумен айналысып, 2019 жылдың күз айында пәтер кілті қолыма тиді. Үйдің сапасы толықтай көңілімнен шықты. Қажетті барлық инженерлік-инфрақұрылымы тартылған.
Алғашында бізге үйді қоршай алмайтынымызды ескертті. Алайда Тараз Еуропа емес. Сондықтан қоршаусыз қаншалықты қауіпті екені айтпаса да белгілі. Сондай-ақ үйіміздің айналасы қаңғыбас ит пен мысықтың мекеніне айналды. Сол себепті де көршілер ақылдаса келе бір үлгіде үйімізді қоршап жатырмыз,–дейді 15 ықшамаудандағы №565 үйдің тұрғыны Динакүл Рысқұлбекқызы.
Жалпы жеке тұрғын үйлерді 2005-2006 жылдары жер кезегіне тұрған қала тұрғындарының ғана алуға мүмкіндігі бар. Тараз қаласында 2005-2006 жылдары жер кезегінде тұрғандардың саны 13 132 адамды құрайды. Ал қазір Тараз қаласы бойынша барлығы 18 647 азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр.
Мұнан кейін бас сұққан тағы бір үйдің тұрғынының (аты-жөнін жазбауымызды өтінді) бүкпесіз, жасырмай айтқан әңгімесінен көп шындықтың беті ашылғандай болды.
– Өткен жылы Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінен үйге ескерту хат келді. Хатта 2005-2006 жылы жер кезегіне тұрған тұрғындарға бос жер немесе мемлекеттік бағдарлама аясында жеке тұрғын үй алуға болатыны көрсетілген. Қуанышымызда шек болмады. Сөйтіп алып-ұшып жер қатынастары бөліміне бардым. Бұл наурыз айы болатын. Кейін бөлім мамандары «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалына жолдама беріп, құжат жинау басталды. Құжаттарды түгендеп жүргенде 7-8 ай өте шықты. Әйтеуір арада тоғыз айдан аса уақыт өткенде 13, 92 миллион теңгеге көлемі 116 шаршы метр болатын төрт бөлмелі үйдің кілті қолымызға алдық. Үйді 19 жылға несиеге рәсімдедік. Қазіргі таңда ай сайын 93 мың теңге төлеймін.
Біздің үйімізді дайын күйінде берді. Барлық қажеттілікпен толықтай қамтамасыз етілген. Алайда бірқатар үйлердің иелері көп жұмыстарын өздері істеуге мәжбүр болып отыр. Себебі үйді соққан құрылыс компаниялары ішкі әрлеу жұмыстарын мүлдем жүргізбеген. Енді сіз ойлаңыз, қыруар ақшаға мемлекеттік бағдарлама бойынша үй аласыз. Ай сайын кемі 70-80 мың теңгеден несиесін төлеп отырсыз. Сөйте тұра, құрылыс компанияларының салғырттығының салдарынан тағы қалтаңыздан қағылуға тура келеді.
Одан бөлек бізге үйді қоршамайтынымызды, арнайы компания біркелкі үлгіде қоршап беретінін айтқан болатын. Алайда қоршау мәселесі де аяқсыз қалды. Кейін жауапты мамандардан «ақша жоқ, қалағандарыңша өздеріңше қоршап алыңдар» деген жауап естідік. Сөйтіп қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар өздері қоршай бастады, – деген тұрғын бір жылға жуық уақыттан бері ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатпағанын айтты.
Шынымен-ақ егер алқапты асықпай араласаңыз құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғаны көрер көзге көрініп тұр. Пайдалануға берілген үйлермен қатар, қаңырап бос тұрғандары да баршылық. Іргетасы қаланған күйі тұрған немесе қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылмай қалған үйлерден көз сүрінеді. Ал құрылысы толықтай аяқталмаса да негізгі жұмысының 80-90 пайызы еңсерілген 15 үй (суретте) қаңғыбас иттердің ордасына айналғандай. Үй көлеңкесін саялаған қой-ешкі де жиі ұшырасты. Айнала күл-қоқысқа толған. Ұзақ уақыттан бері қараусыз, қадағалаусыз қалғаны бірден байқалады. Егер дәл осылай жалғаса берсе, дайын тұрған үйлердің де жарамсыз күйге түсуі ғажап емес. Ал жарамсыз үйді қалпына келтіруге қайтадан қыруар қаржы жұмсауға тура келетіні біз айтпасақ та белгілі.
Тұрғындармен тілдесіп, алқаптағы ахуалды көзбен көріп, жалпы жағдайдың мән-жайынан хабардар болғаннан кейін маңызды мәселенің мәнісіне бойлап, анық-қанығын білмек ниетте облыс әкімдігі құрылыс басқармасына қайырылдық. Аталған басқарма басшысы Жайықбай Шалдаров құрылыс жұмыстарының не себепті тоқтап тұрғанын, орын алған олқылықты ретке келтіру үшін қандай шаралар қолға алынғанын баяндап берді.
– Тараз қаласы әкімдігімен 15 ықшамауданда бірыңғай сәулеттік стильдегі жеке тұрғын үйлер құрылысын жүргізу бойынша 2017 жылы 4 мердігер анықталып, өз қаражаты есебінен 255 тұрғын үйдің құрылысын 2018 жылы аяқтап, пайдалануға беру туралы келісімшарт ресімделген. Алайда бүгінге дейін тек 20 үй тапсырылып, 35 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйлердің құрылысы бірнеше себептермен созылуда. Атап өтер болсақ, тапсырылған 20 үйдің 18-і бойынша сатып алушымен келісімшарт түзілгенмен, жерге мемлекеттік акт Тараз қаласы әкімдігімен сатып алушыға ұзақ уақыт ресімделуінен банк тарапынан қаражат мердігерге аударылмай отыр. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде құрылыстың 1 шаршы метрі 120 мың теңгеден аспау талабы қойылған. Бұл ретте мердігерлер белгіленген бағаның төмен болуына байланысты қалған 200 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге қызығушылық танытпай отыр. Осыған байланысты Тараз қаласы әкімдігіне тұрғын үйдің жобасының құнын төмендету бойынша берілген тапсырма орындалмай отыр. Мәселен төселетін брусчатканы азайту, кірпіш орнына газаблок пайдалану, үйдің қасбетін әрлеу материалдарын өзгерту, ішкі қабырғаларды азайту, санитарлық тораптарды қосып, шығынды азайтуға болады.
Сондай-ақ «Damdes құрылыс invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын аяқтаған 15 тұрғын үй бойынша ресімдеу жұмыстары жүргізілмей отыр. Қазіргі таңда аталған мәселелерді мүдделі тараптармен бірлесіп, шешу жолдары пысықталу үстінде, – дейді Ж. Шалдарұлы.
Яғни кезінде талайдың баспаналы болу үмітін оятып, сенімін нығайтқан 255 жеке тұрғын үйдің мәселесін уақыт оздырмай майшаммен қарамаса жағдайдың ушығып бара жатқаны анық байқалады. Ал түйіткілді мәселеге байланысты Тараз қаласы әкімдігінен қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Шаһар басшысының баспасөз хатшысы Гүлбахрам Дүйсекова мен әкімдіктің құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Аманбай мәлімет алуға алдымен Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың немесе қала әкімі аппараты басшысының келісімі керектігін, енді бірде облыс әкімдігінен рұқсат алу керектігін айтып, сан түрлі сылтауды алға тартты. Мүмкін жауапты мамандар берген мәліметті дұрыс жеткізе алмай қалар деген күдікпен ауызша емес, жазбаша жауап бергенді жөн деп тапқан болар. Сондықтан Тараз қаласы әкімдігінен көпті алаңдатқан өзекті мәселеге орай жан-жақты түсіндірілген жауап беруін күтеміз!

Талғат Нұрханов
Тараз қаласы

ПІКІР