Мәдениет

Сабантойға бардыңыз ба?

Қазақ халқы қай дәуірде де жомарттық пен қайырымдылықтың, ынтымақ пен еңбексүйгіштіктің белгісі болған Сабантойға айрықша көңіл бөлген. Бұл мереке егін бітік шығып, қырманың қызылдап, қамбаң астыққа толған сәтте шүкіршіліктің де мейрамы болған. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары бұл дәстүр ұмыт болып, келмеске кеткендей еді. Алайда, жуырда «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаев жоғалғанымызды қайта жаңғыртып, үлкен Сабантой берді.

Биыл 3 700 гектар арпа, 4 200 гектар бидай еккен қожалық арпаның әр гектарынан 21, бидайдан 30 центнерден өніп алып, шаруасын шалқытқан. Шаруашылық мал бағудан да істің көзін тауып отыр. Бүгінде оның жайылымының сәнін 42 000 бас қой мен 2 100 жылқы кіргізіп отыр. Төл алудан да табысы толайым. Бұл жылы «шәушендік» шопандар 100 қойдан 105 бас қозы, 100 жылқыдан 95 бас құлын алып, өрісін төлге толтырды. Жүзден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып, маусымдық кезеңде қосымша еңбеккерлерді шаруаға тартып отырған агроқұрылым жылқышы, шопан, диқандардың басын қосып, дүбірлі думан ұйымдастырды. Өрнек ауылдық округінде орналасқан қожалықтың «Қарабұлақ» қымызбен емдеу шипажайында өткізілген тойда сый-сияпатсыз қалған еңбекші болған жоқ. Тұлпар үстінде тоқымы кеппеген малшылар мен жүзін күн қақтаған егіншілерге еңбек қызған шақта уақытты тиімді пайдалануға көмектесер жол талғамайтын автокөліктер тарту етілді. Атап айтсақ, сақпанда жан аямай еңбекқорлық танытқан шопан Жәнібек Қадырмановқа «Нива», механизатор Әбдіқадір Жаппасбаевқа «Лада Гранта», жүргізуші Ардақ Кобдиковқа «Нексия» автокөлігінің кілттері тапсырылды. Қожалық басшысы Сайрамбай Дөненбаев еңбек майданында іскерліктерімен көзге түскен үздіктерді ақшалай және бағалы сыйлықтармен қуантты. Тағы бірқатар жұмысшылар облыс және аудан әкімдерінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Ал, ұйымшыл ұжым кәсіптің көзін тауып, бір мақсатқа ұйыстырып отырған Сайрамбай Дөненбаевтың өзіне «Toyota Lаnd Cruiser» маркалы автокөлігін сыйға тартты.
Тойшыл қауымға жайылған кең дастархан, шат-шадыман жұрттың көңіл-күйі халқымыздың қонақжай пейілін аңғартты. Облыстық филармония әншілері мен аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары жиынды әнмен әрлеп, күймен көріктендірді. Мың бұралған бишілер көлде қалықтаған аққудай сұлу ырғақпен көпшіліктің көзайымына айналды. Нағыз қазақылықтың иісі аңқыған, меймандос пейілді, дархан даланың дарабоз думанын көріп, біз де марқайдық.
Расында, таңның атысы, күннің батысында дамыл таппай, бел жазбай малдың қамы, шаруаның жайымен аптапта да, аязда да дала төсінде жүретін еңбекшілерге құрмет көрсетілу құп көрерлік бастама. Мұндай қолдау қара жұмыстың қиындығынан қаймықпауға ынталандырады. Бойға қажыр-қайрат жиюға серпін береді.
Ертедегі Сабантойлардың куәсі, бүгінде «Шәушен» шаруа қожалығынан бұйырған ырыздығын алып отырған еңбеккердің бірі Рамазан Тоғызбаев өткен күнді еске алып, қазіргі таңда шүкіршілік етуде.
– Кеңес үкіметі кезінде кеңшар жұмысшылары үшін Сабантой жылда ұйымдастырылатын. Өзім кеңшарда электрші болып жұмыс істедім. Дала жұмысы басталғаннан-ақ үй бетін көрмей, шопандар мен диқандардың қосынын аралап кететінбіз. Содан күзде егін жиналып, қамба астыққа толып, мал қыстауға бет түзерде барлық жұмысшылар Сабантойға қатысатын. Әрбір жұмысшыны еңбегіне қарай сый-сияпаттармен марапаттайтын. Сол Сабантойларда олжалаған бұйымдарым үйімде әлі сақтаулы. Ол уақытта сыйлыққа түкті кілем, өрнекті алаша, шашақты үстел жапқыш, қабырға сағаты секілді тұрмыстық бұйымдар беретін. Соның өзіне марқайып, кәдімгідей арқаланып қаламыз. Дүйім жұрттың алдында атымыз аталып, ортаға шығып, басшының қолынан сыйлық алып, мақтау естіп, ертеңгі жұмысқа ерекше жігермен кірісетінбіз. Сосын ол тойда жұмысшылар үшін арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, өнерпаздар шақырылатын. Бәйге, көкпар, қыз қуу, қол күресі секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылып, өзара күш сынасатынбыз. Сол күні таң атқаннан қас қарайғанша дала төсі думанға бөленіп, маңайды ән әуелейтін.
Әр мереке мен жиын-тойдың өзіндік қадір-қасиеті бар ғой. Алайда, Сабантой – күн-түн демей, шаруаның бабымен тыным таппайтын, нағыз қарапайым жұмысшылардың мерекесі. Біз ол тойды күн санап, асыға күтетінбіз. Бүгін осы үрдісті «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаевтың қайта жаңғыртып жатқаны қуантып отыр, – дейді шаруа.
Зейнеткер Боранбек Айдаров та ұйымдас­ты­рыл­ған Сабантойға дән риза.
– Мен Талас ауданындағы Тамабек ауылын­да туып-өстім. Сонда ержеттік. Еңбек жолын алғаш әкемнен көрген өнегемен мал бағумен бастадым. Кейін егістікте мұрап болып, алқаптың толыққанды суғарылуын күні-түні қадағаладым. Одан соң қойма меңгерушісі қызметін атқардым. Сол кездерде жылда күздің басында барша жұртты жинап өткізілетін Сабантойдан қалмайтынбыз. Қойма меңгерушісі болған соң көбіне ұйымдастырушылар жағында жүрдім. Шақырылған меймандардың түгел келгенін қадағалап, еңбеккерлердің жұмысы әділ бағаланып, тиісінше сыйлық алғанына мән беретінбіз.
Бүгінгі Сабантой да өз деңгейінде өткізіліп жатыр. Ұйымдастырылған шараларды көріп, өткен күннің естеліктері көз алдымнан өте шықты. Осындай еңбек адамдарының мерекесіне мұрындық болған адамдарға айтарым тек алғыс, – дейді еңбек адамы.
Иә, Сабантойда бабалардан қалған дәс­түр де, кейінгі ұрпақтың жоралғысы да сақ­та­ла­ды. Және діл мен дінге бөлінбеген шаруа­лар бір дастарқан басында бас қосып, тату­лық­­тың үлгісін көрсетеді. Алты ай жазда аян­ба­ған жұмысшылардың еңбегі еленіп, еске­ріл­гені оларды ілкімді істерге жетелейді. Сондықтан, Сабантой қарапайым халықтың тойы. Сайранбайдың Сабантойы өзге шаруа­шы­лық­тарда да жалғасын тапса игі.

Қамар Қарасаева

ПІКІР