Мәдениет

Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған…

Ғасырға жуық уақыт жарық көріп келе жатқан облыстық «AQ JOL» газеті ұлтымыздың ұлық мерекесі – Наурыздың қарсаңында қайырымдылық шарасын қолға алды. Облыста тойлануы тоғыз күнге белгіленген ұлттық мерекеміздің алтыншы күні – «Ынтымақ күні» аясында ақжолдықтар арысы алты Алашқа, берісі аймаққа аты мәлім ел ағаларын, белгілі азаматтарды шақырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеті баланың тұсауын кестірді.

Облыс орталығындағы Баспасөз үйінде өткен қайырымдылық шарасының басында алдымен облыс журналистикасының абызы, жуырда ғана тоқсан жасқа толған Баттал Жаңабайұлы жазмыштың дегенімен балалар үйінен бақыт пен мейірім тапқан бейкүнә бүлдіршіндерге аталық ақ батасын беріп, Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінен арнайы шақыртылған жеті сәбидің бірінің тұсауын кесті. Одан кейін жазушы, республикалық «Жамбыл» журналының Бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы, Тараз қаласының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков, облыстық «Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы Бекет Момынқұл, республикалық «Салық тәртібі» газетінің Директор-Бас редакторы Ғалым Қасабай, облыстық «JAMBYL» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық және Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Асылхан Шүңіреков сынды белгілі жерлестеріміз тәй-тәй басуға талпынып келе жатқан балалардың тұсауын кесіп, қадамының құтты болуын тіледі және ұйымдастырушылар ұсынған бағалы ойыншықтарын қолдарына ұстатты.

Шара барысында сөз алған аталған бөбектер үйінің әдіскері Алтыншаш Әлішери бөбектің бәрі бақытты болуға лайықты екенін ескеріп, «үміттік» сәбилердің болашағына алаңдаған ақжолдықтарға, тұсауын кесіп, мейірімін төккен ағаларға ақ алғысын жаудырып, баршаны алдағы мерекемен құттықтады.

Балаларға бақыт сыйлаған шара соңында дәстүр жолымен қонақтар дастарханда бас қосып, наурыз көжеден дәм татты. Ол жерде де аға буын өкілдері салиқалы, өнеге мен өсиетке толы әңгіме айтып, Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы ақжарма тілектерімен бөлісті.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР