Сәбилердің сырлы ақыны

Асқаржан Сәрсек туралы мөлтек сыр

0 86

Ауруханамызға Сауран Сәрсек деген науқас жас жігіт түсті. Ауруы әбден жанына батқаны байқалып тұр. Дәрігерлер ойласа келе жедел ота жасау керек деген шешімге келді. Өкінішке қарай, Сауранның дерті өте ауыр болып шықты. Шырылдап анасы мен жұбайы күндіз-түні ауруханадан бір қадам шықпай, Сауранның айығып кетуін тілеп жүрді. Кейін білдік, Сауран біз білетін балалар ақыны, марқұм Асқаржан Сәрсектің артында қалған жалғыз ұлы екен. Ол туралы Асқаржанның жұбайы Аягөз айтқанда ғана бірақ білдік. Ертеңіне ақынның соңғы жыр жинағын арнайы алып келді де «Асқаржан сіз туралы талай рет жақсы лебіздер білдіріп, сыртыңыздан мақтап жүруші еді. Мына кітап оның ең соңғы еңбегі. Сіздің әдебиетке жақын жүретініңізді газет-журналдардағы мақалаларыңыз арқылы білеміз. Сізге бізден естелік болсын», деп Асқаржанның 2007 жылы шыққан «Менің жұлдызым» атты қалың жыр жинағын ұсынған болатын. Кезінде араласқан, сыйласқан, көз көрген ақынның мына кітабы көп нәрсені ойыма салды, көз алдыма оның қоңыр тіршілігі, тұғырсыз тағдыры көлбеңдеп тұрып алды…

Иә, көзі тірісінде-ақ «Сәбилердің сырлы ақыны» деген атақ жамбылдық Асқаржан Сәрсекке берілді. Қазақтың мүйіздері қарағайдай Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлімбаев, Көпен Әмірбек, Серік Ақсұңқар секілді көрнекті қаламгерлері Асқаржан десе елең етіп, «Өзі қайда жүр?» дейді екен кезінде.
Бұл күндері «сатираның сайыпқыраны» атанған сатирик ақын Көпен Әмірбек Жамбыл облыстық «Aq jol» газетіне (26.03.2010 ж.) берген сұхбатында: «Асқаржан Сарсеков– менің курстасым. Мектеп қабырғасында «Балдырған» деген журналға мен Шымкенттен, ол Жамбыл қаласынан жазып жүргенде біз бір-бірімізді сырттан жақсы білдік… Нағыз талант – сол Асқаржан. Жылына бір өлең жаза ма, жазбай ма, бар болса екі-үш өлең жазар, болды. Себебі талғампаздығы сұмдық еді ғой. Мысалы 2 грамм алтын алу үшін 10 тонна руда, топырақ қазады екен. 10 тонна топырақтан 2, ары кетсе 3 грамм алтын алады екен. Көптеген қалам ұстаған ақындарымыз ренжімесін, сол 10 тонна топырақты илеп-шылап, анаусын-мынаусын қосып, 1 тонна дүние жасап береді. Ал Асқаржан Сәрсеков 10 тоннадан 2 грамм алтынды ғана айырып алып, оны балалар әдебиетіне ұсынатын. Бұл туралы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев та, Қадір Мырзалиев те баспасөз беттеріне «Асқаржан Сәрсеков– балалар әдебиетінің классигі» деп баға берген. Асқаржан «шынымен классик екенмін» деп ішінен шаттанса шаттанған шығар, бірақ ешкімге білдірткен емес. Ол өмірден солай өтті», деп еске алады тірісінде елеусіз болған Асқаржан ақын жайлы.
Жерлесіміз, қарымды журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы да 2004 жылы Асқаржан туралы «Сәбилердің Сәрсегі» деп қалам тербеп, ақынның шығармалары жайлы тұшымды мақала жазған болатын.
Асқаржан Сәрсек Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында 1950 жылы 21 қазанда дүниеге келіп, осында мектеп есігін қақты. Ол жастайынан өлең жазуға әуестеніп, республикалық «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарында, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің бетінде балаларға арналған көптеген өлеңдері жарық көрді. Оның балаларға ұсынған алғашқы «Мереке» атты өлеңдер жинағы 1976 жылы белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың алғысөзімен Алматыдан шықты. Ал 1981 жылы Асқаржанның «Қарға мен қарлығаш» атты екінші кітабы баспадан жарық көрді. Кейінірек ақынның «Жаман ойын» деген атпен бір топ өлеңдер жинағы өмірге жолдама алды. Олармен танысқан балалар ойына тез ұстайтын ерке жыр шумақтарын жеңіл жаттап, таңдайлары тақ-тақ етіп біразға дейін жатқа айтып жүрді. Бірде-бір балалар мерекесі мен балабақшадағы кештер Асқаржанның өлеңінсіз өтпейтін болды.
Республикалық «Балдырған», «Жыл он екі ай» журналдарында арасы суымай мезгіл-мезгіл А.Сәрсектің балаларға арналған сырлы жырлары жарияланып жатты. Кейбір таңдаулы өлеңдері орта мектеп оқулықтарында орын алды. Оған Асқаржан кейбіреулердей дандайсып, «мен керемет ақынмын» деп масайрап кетпеді. Баяғы үйренген «Aq jol» газетінің секретариатында моп-момақан күйі, барын қанағат-береке тұтып, қоңыр тіршіліктің соңында жүре берді. Бірақ қандай болмасын қаламын қолдан түсірмей, сәбилерге деген ақ жүрегімен балаларға арнап, тәтті бал тілімен жыр маржандарын төге берді. Тіпті шығармаларының араларында орыс тілінде жазған өлеңдері де кездеседі.
Бұдан сәл ертеректе, кеңестік дәуірде Мәскеудегі «Просвещение» баспасы «Хрестоматия всемирной детской литературы для старшего дошкольного возраста» деген оқулық шығарды. Соған өлеңдері енген екі қазақ ақыны болса, оның бірі Асқаржан Сәрсек болғанын біреу білсе, біреу білмес.
Ертеректе бір данышпан кісі: «Адам баласы небір ғажайыптарды жасай алады. Тек өлең ғана Құдайдың құдіретімен дүниеге келеді», деген екен. Осы сөздің өзі өлең-жыр жазу жеңіл-желпі іс емес екенін, яғни кейбіреулер ойлайтындай, өлең жазу еріккеннің ермегі емес екенін мойындатады. Шынында, ақындық пен жазушылық Тәңірдің сыйы. Сірә, оларды қолдан дайындауға, үйретуге, қалыптастыруға еш университеттің, академияның күші, қабілеті жете қоймас. Олар талантты адамды ұштайды, теориялық білім береді. Басқаның барлығы Алланың әмірімен, ананың ақ сүтімен беріледі. Асқаржан туа тұла бойы ақын болып дүниеге келген азамат. Оның мына «Көбелек» деген шағын да шымыр өлеңін оқылық:
Мен тимеймін жасқанба,
Дос болайық, көбелек.
Жайнап тұрған бақшамда,
Гүлдерімді көре кет.

Тұтқиылдан састыра,
Жаңбыр жауса себелеп.
Тақиямның астына,
Тығыла ғой, көбелек.
Шағын өлең болса да өлең жүрекке жылы, көңілге қонымды. Ақын ұшып жүрген кішкентай көбелекті ақ адал бала көңілмен суреттей отырып, оны, яғни табиғатты қорғауға шақырады. Баланың бал тілімен жеткізілген ойнақы, шыншыл, күнде көріп жүрген қарапайым дүние әсерлі, нанымды берілген. Оны әсем жырға айналдырып, дәл осылай шебер суреттеу әркімнің қолынан келе бере ме екен?
Түу сонау артта қалған бал дәурен балалық шақтан есте қалған бір көрініс – атарбамен ауыл-ауылды аралап, сауда жасап, талайымыз қызықтай қараған әртүрлі шарлар мен ысқырықтар, бояулар мен ойыншықтар, сырға мен моншақ, тарақ пен айна сататын «шарабара» туралы (неге екені белгісіз, сол «шарабара» иелері көбіне татар ағайындар болатын) қазақ ақындары ішінде кім өлең-жыр жазды? Менің білуімше, ол тақырыпқа Асқаржаннан басқа ешкім қалам тербей қойған жоқ сияқты. Ол өзінің «Шарабара» деген өлеңінде былай деп жырлайды:
Аулымызға жаңа ғана,
келіп кетті шарабара.
Алдында дәу сандығы бар,
сандығында барлығы бар.
Түрлі-түсті қаламы бар,
моншағы бар, тарағы бар.
Қызыл-жасыл шарлары бар,
үлкен кіші қармағы бар.
Барлық бала қоршап алды,
қуанысып шапқылады.
Аулымызға жаңа ғана,
келіп кетті шарабара, – деген жолдары кімді болса да бейтарап қалдыра алмайды. Ақын ауыл балаларының ойын дәл таба алған, оларды өзінше жаңылмай ұғып, тани білген. Кейінірек Асқаржанның бұл өлеңіне жерлесіміз, әуесқой сазгер Қалия Сейітқалыққызы ән жазып, қазір ол анда-санда болса да радиодан, теледидарда орындалып жүр. Басқа да бірнеше жырларына («Тәй-тәй», «Ана әлдиі», «Алтын балам, күміс балам Сауранға» және тағы да басқа) ән жазылды.
Балаларға өлең жазу үшін Асқаржан секілді айналамыздағы дүниені бала көзімен көріп, сәби жүрегімен шынайы сезіну керек. Сонда ғана балалар сүйіп оқитын, олардың есінде қалатын нағыз қызықты жыр шумақтары шығады. Иә, өкінішке қарай, Асқаржан тәрізді балалардың ішкі жан дүниесін, олардың сырлы әлемін жақсы ұғатын, балаларша ойлап, толғанып, жырлайтын нәзік жүректі ақындар ортамызда некен-саяқ.
Қаламгердің «Міне қызық, керемет» деген өлеңдер жинағы 2001 жылы Тараздың «Салық тәртібі» баспасынан жарық көрді. Онда балаларға арналып топтастырылған дүниелерді қызықпай оқымау мүмкін емес. Өйткені ақынның тілі жатық, сөзі көркем, өлеңдері жүрекке жақын, ұғымға жеңіл. Мысалға бір ғана «Жаман ойын» деп аталатын өлеңін алайық. Жапақ пен Сапақ есімді ағайынды екі жас бала үлкендерге еліктеп, «Пепси» ішіп тамсанып, құшақтасып «мас» болады. Ақын одан әрі екі баланың ойынын былай суреттейді.
Теңселемін дегенде,
Мастың салып қылығын.
Жапақ құлап еденге,
Бұзып алды мұрынын.

Сапақ келіп сүйреді,
Құлап жатқан ағасын.
Үзіп барып түймесін,
Жұлып алды жағасын.

Анау көріп мұны шын,
Кетті түрі бұзылып.
Сасып қалған інісін,
Атып ұрды кіжініп.

Отыр міне, ағасы,
Жағасынан айырылып.
Ұрсады ғой мамасы,
Отыр соған қайғырып.

Тұр кемсеңдеп інісі,
Жанарына жас толған.
– Ойнамаймын, құрысын,
Жаман екен мас болған!…
Балалардың ішкі дүниесінің білгір маманы, сезімтал жүректі Асқаржанның бұл жинағындағы қайсы өлеңін алмаңыз, жұп-жұмыр болып, бүкіл жыр-шумақтары шындыққа тұнып, ыстық күнге әбден қапталып, пісуі жеткен тәтті сары шабдалыдай уылжып тұр-ау, уылжып тұр. Жас балаға тән оймен ойланып, соларша толғанып, жіпке тізген маржандай әдемі, тапқыр сөздері баланың мінезіндей ойнақы, жеңіл, қарапайым, түсінікті. Балаларға «шылым шекпе, «арақ ішпе» деп Асқаржан ақыл айтпайды, оның зияндығын, залалын еске салып, дұрыс бағытқа жөн сілтейді.
Жерде жатқан шылымды,
Есек келіп иіскеді.
Иіскеді, бірақ тиіспеді.
Жерде жатқан шылымды,
Ит те келіп иіскеді.
Иіскеді, бірақ ол да тиіспеді.
Сол шылымды алайда,
Тауып алды Балабек.
Алақ-жұлақ етеді,
«Сіріңкеңіз бар ма?» деп, – деп оқушысына ой тастайды.
Асқаржанның «Шала қазақ» деген өлеңі бар. Ол өзі қазақ болып дүниеге келіп, ана тілінен мақұрым қалған қазіргі жастар туралы былайша ой толғайды:
Келді бірде қаладан,
Әсел деген жиенім.
Қазақшасы шалалау,
Күлемін де күйемін.

Алдыменен танысқан,
Көрші бала Боран кеп.
Қазір оны алыстан,
Шақырады «Баран» деп.

Өкпелеп жүр бір апта,
Күлім көзді Күлиман.
Тілі келмей бұл атқа,
Деген еді «Хулиган».

Енді міне, бүгін кеп,
«Слон» деді Сланды.
Несін адам тілін деп,
Слан шатақ шығарды.

«Атам менің Бекжігіт»,
Дедім талай ақырын.
Сонда дағы «верблюд»,
Деп жүр мені батырым.

Түсінбедің сөзіме,
Әй, Әселбек, Әселбек!
Сондықтан да өзіңе
Атақ берем «осел» деп!
Ақынның бала тілімен ана тілін жөнді түсінбейтін жас қыздың шалалығын суреттеуі керемет. Тапқырлығына риза боласың. Қазақ тілін түсінбейтін қыз қылығын мазақ етіп, әшкерелейді, басқаларға сабақ болсын деп күледі.
А.Сәрсектің шығармаларында осы секілді нанымды дүниелер аз емес. Асқаржан өлеңдері бала психологиясына сай, балалардың мінез-құлқын, ой-өрісін дәл тауып, жаманнан жирендіріп, мағыналы өмір мен орынды тәрбие жайлы ой қозғайды. Асекеңнің аз жазса да саз жазатынын мойындаған сол кезеңдегі ақын-замандастары өлеңдерінің дыбыс әуезділігін, айрықша көркемдігін, шеберлігін ерекше бағалады, біраз шығармалары қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына енді. Өзгелер жаза алмайтын ойлы да орамды, тапқыр да тамаша өлеңдер жазды. Соңғы жылдары жазған «Айша бибі» аңыз-хикаясы ерекше кесек дүние десек болады. Бір таңғаларлығы, Асқардың орыс тілінде жазған да өлеңдері бар екен. Олармен «Менің жұлдызым» кітабында кездескенім бар.
Асекеңнің мінезіне астарлы юмор, ойнақы, жеңіл, зілсіз әзіл, пейіл кеңдігі тән еді. Ол өмірде өте қарапайым, тіпті мына жарық дүние қыспағына икемсіз жан болды десек те болады. Керемет, тамаша жырлар жазып жүрген ақын біреуге еш салмақ салған емес, «мені еліміздің мықты-мықты деген қаламгерлерінің өзі мойындаған ақынмын» деп кеуде соғып, кекірейіп-шікірейіп, аспандап жүргенін көрмедік. Бәлсініп, ешкімге салмақ салмай, ортамызда сабырлылығынан, қарапайымдылығынан бір айнымай, көпшіліктің көзіне түспей қоңыр тіршілік етті. Әркез бірсыдырғы, біреуді сыртынан жамандап, мысқылдап, біреуге қатты сөз айтқанын білмеппіз. Көшеде жолыға қалса, жымиып қана сәлемдесіп, көпсөздікке бармай, кездескендегі әңгіме көбіне аман-саулықтан аспайтын. Сірә, табиғатынан қанға сіңген мінезі сондай болса керек.
Өмірінің соңғы жылдары ол науқастанып, денсаулығы сыр беріп, бірнеше рет ауруханаға жатып емделіп, біраз қиналды, тіпті тұрмыс тауқыметінен қажыды да. Ақынның өзі жазғандай:
«Өмірім бе? Өмірім – өлең еді,
Өлең барда өзгеше деме мені.
Мынау дүние «жалған» деп жатамыз ғой,
Жалған болса, қолыңнан не келеді?» немесе «Шарап» атты өлеңінде:
«Дос боп жүріп, жау боп кетті қанша жан,
Жеріндірді жан сұлу да аңсаған.
Түңілген де кездер болды баршадан,
Безіп, тіпті өмірден де шаршағам», –
деп ауыр мұңға беріледі. Тағдыр оған осындай өмірді «сыйлады», әлгі көпшілік айтқандай, пешенесіне жазылғанын көрді.
Бір кездескенінде оның жағдайын сұрамақ болып:
– Асеке, қайда жұмыс істеп жүрсіз? – дегенім бар.
– «ЖұмЖур» ЖШС-ның белді қызметкерімін, – деді Асқар жымиып.
– Оныңыз біз білмейтін қандай мекеме?
– ЖұмЖур», яғни жұмыссыз журналист деген сөз ғой, Сәке-ау. Әзірше жұмыссызбын,– деді шекесінің терісі қалыңдай түсіп, жанарлары тұнжырап, басындағы ала тақиясын жөндегендей қимылдармен алақанымен баса киіп. Сол бір «қайта құру жылдары» деген берекесіз кезеңде газеттегі штат қысқарып, Асқаржан бірер жыл жұмыссыз қалғанын естігенбіз.
Cол сәтте «Осы кезде кім кімнің қадіріне жетіп, барын бағалап жатыр?» деген сұрақ-ой басымыздағы миымызды инедей шабақтағаны рас. Бірақ бізде не шама, не амал бар… Кісіні тірісінде құрметтеп-қастерлемей, бағаламай, аяламай, көзі жұмылғаннан кейін баяғы әдетімізге басып «керемет зерек еді», «тамаша адам еді», «талантты, дарынды жан еді» деп бос көлгірсуден, қанға сіңген бұрынғы әдетімізден бір аумай келеміз-ау шіркін. Әлі де сөйтіп келеміз ғой…
Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, 2006 жылы «Елу жас» деген еңселі белден асар-аспас «тал түс» мезгілінде Асқаржан Сәрсек бақилық болып кете барды. Артында күміс қоңыраудай күмбірлеген сырлы жырлары қоңыр күздің салқын желіне жамырай ұшқан сары жапырақтардай сусылдап, бейберекет шашылып, түптелмей қала берді…
Жырлары жалын атқан дарабоз ақын Қасым Аманжолов бір торыққан шағында:
Әттең, дүние жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін…
Басымнан таярмысың бір күн дәурен?
Жалт беріп нажағайдай жоғалар ма,
Жүзінде шалқып тұрған күлкім дәурен…
Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай? –
деп жырлағандай, Асқаржан жырсүйер қауымның қолпаштау құрметін, ой мен сырға толы жүрегімен жазылған бар шығармаларының басын біріктірген, түптеген көлемді жыр кітабын көре алмай өмірден озып еді. Қайран, рақымсыз, сайқымазақ дүние-ай!
Фәни дүниеден озғаннан кейін Асқаржанның жары Аягөз оның артында қалған барлық дүниелерін жинап, сұрыптап, ретін тауып, 2007 жылы баспадан оның «Менің жұлдызым» атты жыр кітабын шығарыпты. Онысы жырсүйер қауымның қолына тиген тәп-тәуір тартымды дүние екен. Балалардың талантты ақыны Асекеңнің иманы серік, рухы биік болсын.
Өкініштісі, өмірдің ауыр жүгін арқалаған табиғи талант иесі, шырайлы жырларымен нәзік, сезімтал жүрегімен талайды тамсандырған, балалардың кіршіксіз таза жүрегінен орын алған сыршыл жыршысы, замандасымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған дегдар ақын Асқаржан Сәрсектің есімі жыл өткен сайын көмескіленіп, көлеңкеленіп, уақыт ағыны, тепеңдеген күнделікті тіршілік оны ұмыттырып бара ма, қалай? Тіпті оның есімі, неге екені белгісіз, 2003 жылы баспадан шыққан «Жамбыл облысы – Тараз» энциклопедиясына да базбір себептермен кірмей қалыпты. Соңғы жылдары жарық көрген басқа да жыр антологияларынан, кітаптардан оны кездестіре алмадық. Кезінде қатар жүрген үзеңгілес қаламдастары да уақыт көшінің күнделікті бір бітпейтін күйбең тіршіліктерімен Асқаржанды бірте-бірте ойдан шығара бастаған секілді. Естеріне түсіргенде ғана «Е, несін айтасыз, Асқаржан сәбилердің нағыз жыршысы, балалар әлемінің шебер суреткері еді ғой» деп күмілжиді.
Қазақта «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөз бар. Қаламы жүйрік Асқаржан Сәрсекті көзі тірісінде ақын ретінде бағаламадық, құрметтемедік, тіпті қадіріне жетпедік. Көптің, елдің ортасында жүріп, ол жалғыздықтың тауқыметін көп тартты, шарасыздықтан қанаты қайырылды. Оның тұғырсыз тағдырына, ауыр өміріне үңіліп, көңіл аудармадық, зер салмадық, қиналған кезде демеу болып, қол да созбадық. Мына құйтырқы, алмағайып заманда, алдамшы өмірде адамдар неге солай болды екен? Неге?!
Біздің ойымызша, заманадас-қаламдастары «Сәбилердің Сәрсегі» деп орынды аталған балалар ақыны А.Сәрсектің творчествосы ең болмаса жерлестері – жамбылдықтар арасында дәріптеліп, есімі елдің жадында сақталуы тиіс. Сондықтан мектеп оқушылары арасында ақынның күндерін өткізіп, еске алып тұрған артық болмас еді-ау деген тәтті қиял санамызды қытықтайды.
Иә, Асқаржан Сәрсек сияқты талантты балалар ақынын басқалар ұмытса, жерлестері, яғни жамбылдықтар ұмыта қоймас деген ойдамыз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.