Сабын жасау – шығыны аз кәсіптің бірі

0 15

Эльмира Жалтеева – Жетісай қаласының тұрғыны. Ол жолдасымен 1,5 жыл бұрын кір сабын шығаратын шағын кәсіп бастаған. Мемлекеттен қайтарымсыз 505 мың теңге грантын жеңіп алған ол бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазір Эльмираның шағын цехы бір күнде орта есеппен 1 тонна, яғни 5 000 дана сабын шығаруға қауқарлы. Сондықтан күнделікті қолданыстағы кір сабынды жасау әдісі қандай екені және сабын бизнесін бастау идеясы қалай келгені турасында Эльмираның өзінен сұрап білдік.

«Jetisay sabyn» қалай пайда болды?

Негізгі мамандығым – математика пәнінің мұғалімі. Кәсіп бастау жайлы ұсыныс жолдасымнан болды. Ол да мұғалім болып жұмыс істеген. Алайда бір сәтте жұмыссыз қалды. Бизнес жайлы көп ойландық. Жолдасымның ұсынысы бойынша бизнес түрлерін интернет желісінен қарап көрдік. Нәтижесінде, неге сабын шығару бизнесін қолға алмасқа деген ой келді. Жолдасым екеуміз сабын жасау техникасын интернеттен қарап үйрене бастадық. Кейін балаларымыз да бізге көмектесе бастады. Қазір де кәсібімізге көп қолғабысын тигізіп жатыр.
Біздің нағашыларымыз, анам саудаға жақын болған. Біз де іс бастау керек екенін біліп, басында сауда жасадық. Десе де, өндіріске бет бұру керек екенін түсіндік. Өзіміздің жеке кәсібіміз болғанын қаладық. Жетісайдың атын шығару мақсатында сабын атауын «Jetisay sabyn» деп қойдық.

«Бизнес бірден жүріп кетпейді»

Бизнес бастау туралы ойларымызбен бөліскенде айналамыздағылар бізге сенімсіздікпен қарайтын. Менің ойымша, ол қалыпты нәрсе. Жағымсыз пікірлерге құлақ аспай, ойға алған істі бастауды барынша қолға алу керек. Меніңше, бұл сәбидің дүниеге келу процесі сияқты уақытты қажет етеді. Идея туындады, оны толық іске асырып, бір жүйеге келтірдік. Бизнес бірден жүріп кетпейді. Қазір бизнесіміз еңбектеу сатысында. Болашақта «Jetisay sabyn» өнімдерін көптеген қалаларға тасымалдап, отандық кәсіпкерлікті дамытқымыз келеді. Бүгінде бір күнде орта есеппен 1 тонна, яғни 5 мың дана сабын дайындай аламыз. Бұл мөлшерді 10 мың данаға дейін ұлғайтқымыз келеді.
Сабын жасау – шығыны аз кәсіптің бірі
Қазіргі таңда цехта жолдасым екеуіміз және тағы бір көмекші жұмыс істейді. Сабын бағасы 70-80 теңгеден сатылады. Кір сабын жасау үшін тоң май мен сода керек. Бастысы – табиғи таза өнім, сапасы жоғары. Халық арасында сұраныс та бар. Десе де, карантин шараларының кесірінен өзімізге қажет кейбір қоспаларды ала алмай отырмыз. Сұраныс негізінен Жетісай қаласының тұрғындары арасында, бірақ болашақта қосымша жұмыс орындарын ашып, еліміздің басқа да өңірлеріне өнімдерді тасымалдағымыз келеді.

«Болашаққа жоспар көп»

Қазір тек қана кір сабын шығарып жатқанымызбен, болашақта бұл кәсіпті кеңейткіміз келеді. Дәл осы кір сабынның ұнтақ түрін, бірнеше иіс сабын, түрлі сусабын шығару ойда бар. Ай сайынғы табысымыз 300-350 мың теңге көлемінде, кей айларда табыс бұл сомадан көп болады. Тапқан табысымыз адал, балаларымыздың қажеттіліктеріне жетеді. Басты мақсат – қаламыздың атын шығарып, «Jetisay sabyn» өнімдерін халыққа ұсыну.

Cұхбаттасқан Назерке БАЙЖАН
Dauletten.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.