«Сабыр сақтаған мұратқа жетеді»

0 0

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
Қазақстан Фермерлер ассоциациясының басқарма төрағасы:

– Мына бүкіл жер-жаһанды жайлап, пандемиялық сипат алған вирус ешкімді аяйтын түрі жоқ. Мұндайда Жаратушының «Сақтансаң сақтаймын!» деген бұйыра айтқан сөзі ғана қауіптен құтқарады. Сол себепті ел болып қауіпсіздік шаралары жедел қолға алынып, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті. Бұл қадамды Президент өз мәлімдемесінде түсіндіріп берді.
«Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды. Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар. Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін. Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым. Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ», деуі Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының халықпен жаны да, ой-ниеті де бір екенін аңғартады.
Президенттің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр екен. Әрине, оған күмәніміз жоқ. Дәрігерлер мен әкімдік, полиция, әскери қызметкерлердің күндіз-түні тынбай еткен еңбектерінің бағасы бұл.
Сондықтан жұрт болып жұмылып, атқарушы биліктің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындайық. Осы оқшаулаудың арқасында біз үлкен қатердің алдын ала алдық. Әлі де сабырлылық керек бізге.
Осы ретте Президентіміз «Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім. Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда», деп еліміздің әрбір азаматының жағдайы ескерусіз қалмайтынын айтып отыр.
Айта кететін бір жайт, карантин кезінде фермерлер де бір тынған жоқ. Әсіресе диқандар қауымы «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы басшылыққа алып, көктемгі дала жұмыстарын күн құрғатпай жүргізді. Оңтүстік аймақ тәмамдап, енді міне солтүстік өңірлерде науқан басталып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің де қиындыққа қарамай, азық-түлік қауіпсіздігі жолында қолдан келгенше қарекет қылып жатқанын атап өткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.