Жамбыл жаңалықтары

Сабырлы жетер мұратқа

Written by Aray2005

Карантин режимі кезең-кезеңімен жеңілдетіледі 

Елімізде төтенше жағдай режимі тоқтатылғанымен, облыс аумағындағы карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров мәлім етті.

– Бүгінде облыста тұрақты карантин режимі сақталуда. Осы жылдың 28 сәуірінен бастап бірқатар бизнес субъектілері үшін шектеулер алынып, 18 мыңға жуық адам жұмысын қайта бастаған еді. 11 мамырдан бастап карантиндік шараларды жеңілдетудің екінші кезеңі енгізіліп отыр. Мұндай шешім облыстық жедел штаб тарапынан қабылданды. Десе де 11 мамырдан бастап санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, бірқатар нысандардың жұмыс жасауына рұқсат берілді, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Апта басынан Тараз-Нұр-Сұлтан-Тараз бағыты бойынша авиарейстер қайта іске қосылыпты. Сервистік орталық, коммуникациялық технология компаниялары, ауданы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер, тұрмыстық техника дүкендері, оптика, фотосалон, гүл сататын дүкен және дүңгіршек, жарнама агенттіктері сақтандыру компаниясы, медициналық орталық секілді тағы басқа нысандар да қызмет алушыларға есігін айқара ашқан. Әйтсе де олар азанғы сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Алдын ала алынған мәлімет бойынша өңірде 632 бизнес нысаны ашылып, 6470 адам жұмысқа қайта оралады деп күтілуде.
Тұрғындардың көшеде спорттық жаттығулар жасауына рұқсат бар, бірақ ойын-сауық, спорттық және басқа да қоғамдық іс-шараларды, көпшілік жиналатын отбасылық, естелік шараларды өткізуге болмайды. Жұмыс істеуіне тыйым салынған нысандар қатарында шаштараз бен сұлулық салондары, барлар мен түнгі және ойын-сауық клубтары, сауда орталықтары мен кинотеатрлар, спорт ғимараттары, монша, мейрамхана мен кафелер, базарлар бар. Қоғамдық көліктер де әзірше жүрмейді. Тұрғындардың үйіне жақын жерде серуендеуіне рұқсат етілгенімен, саябақтар мен скверлерге баруына тыйым салынған. Облыс аумағы және Тараз қаласы бойынша автожолдарда, елді мекендерде блок-посттар жұмысын жалғастыра беретін болды.
Брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев өз жұмысын бастаған нысандарда санитарлық талаптар сақталмаса, шара қолданылатынын ескертті.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР