«Сақалды» құрылыс қала көркін кетіріп тұр

0 1

Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте Тараз қаласы мен аудан орталықтарында тоқтап тұрған құрылыс нысандары мен пайдаланусыз бос жатқан жер учаскелері төңірегіндегі мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығын атап өткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «сақалды» құрылыстардың қала көркін кетіріп тұрғанын айтты.
– Аудандарды, Тараз қаласын аралау кезінде біраз жайтқа қанықтық. Кейбір ғимарат құрылысының тоқтап тұрғанына жиырма жылға жуықтаған. Осы уақытқа дейін онда ешқандай жұмыс, қозғалыс жоқ. Мұндай келеңсіздікке қатысты тұрғындардың да арыз-шағымы аз емес, – деді аймақ басшысы.
Басқосуда осы мәселе бойынша облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Досмаханбет Әлиев баяндама жасады.

Ол өз сөзінде облыс аумағында «сақалды» құрылыс, яғни ұзақ жылдар бойы құрылысы бітпей, тоқтап тұрған 51 нысан анықталғанын атап өтті. Олардың басым бөлігі, яғни 35-і Тараз қаласына тиесілі. Сақалды құрылыстардың 37-сі – кәсіпкерлік, екеуі – білім беру, екеуі – медициналық, бесеуі көпқабатты және бесеуі жеке тұрғын үй мақсатындағы нысандар екен.
Облыс әкімі басқарма құзыретіндегі билікті пайдаланып, нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.
Жиын барысында Д.Әлиев аталмыш нысандарға шара қарастыру және рұқсат құжаттары бар нысандарды іске қосу бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтып өтті.
– Нысандарды іске қосу бойынша қала және аудан әкімдігі мен меншік иелері арасында 33 меморандум және құрылысты жүргізу кестесі бекітілді.
Бүгінгі күнге дейін қала әкімдігі мен 21 меншік иесі арасында үшжақты келісімшарт негізінде қол қойылып, жұмысты аяқтау кестелері бекітілді.
Қазіргі таңда Тараз қаласында үшжақты келісімшарт негізінде қол қойған меншік иелерінің 6 нысанында құрылыс жұмыстары басталған, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ Талас ауданында 1, Меркі ауданында 1 нысан 100 пайыз аяқталып, қазіргі кезде нысанды пайдалануға беруге құжаттары ресімделіп жатыр екен. Сарысу ауданында 1 нысан пайдалануға беріліпті. Шу ауданы әкімдігімен рұқсат құжатсыз, тоқтап тұрған 1 нысанды бұзу бойынша азаматтық тәртіпте жолданған талап-арыз сотта қаралуда. Ал Жамбыл ауданында бір нысан бұрын пайдаланылған құрылыс материалдарымен соғылғандықтан, иесі қыркүйек айына дейін өз еркімен бұзу міндеттемесін алып отыр.
Тараз қаласының әкімдігі іс-шараға сәйкес, заңбұзушылықтармен салынып жатқан 18 нысанға және аудандар тарапынан 4 нысанға шара қолдану үшін ақпараттарын басқармаға ұсынды. Осыған байланысты біздің басқармамен толыққанды тексеру жүргізу мақсатында сіздің өкіміңізбен жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні 17 нысан тексеріліп, 4 нысанға құрылысты жобалау құжатсыз және техникалық қадағалаусыз жүруіне байланысты әкімшілік шара қолданылды. Қалған 13 меншік иесіне ғимараттың беріктігі, сенімділігі, қауіпсіздігі және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау қорытындысын алу бойынша нұсқама берілді, техникалық зерттеп-қарау қорытынды нәтижелері бойынша сәйкес келмеген жағдайда, яғни нұсқама орындалмаған жағдайда әкімшілік іс қаралып, сотқа жолданады. Қалған 5 нысанға басқарманың тексеру жұмыстары жалғасуда, – деді Д.Әлиев.
Ал жиында қаралған келесі мәселе – облыс көлемінде 2019-2020 жылдары құрылысқа арналған жер учаскелерін өзге мақсатта пайдаланған жер иелеріне шара қолдану туралы облыстық жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек баяндады. Ол өзі басшылық ететін басқарма Жер Кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес заңбұзушылықтар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.
– 2019 жылы басқарма тарапынан Тараз қаласы бойынша 149 жер учаскесіне қатысты тексеру жүргізіліп, 27 заңбұзушылық анықталды. Жер иелеріне заңбұзушылықты жою туралы 1 жылға нұсқама беріліп, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Тараз қалалық бөлімі тарапынан жер учаскелеріне ауыртпашылық қойылды және Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан салық мөлшері 10 есеге ұлғайтылды, – деді Ә.Тамабек.
Сонымен қатар 26 жер учаскесінің иесі тұрғылықты мекен-жайларынан табылмаған. Сондықтан ол учаскелер енді иесіз мүлік ретінде есепке алынбақ.
Сондай-ақ тексеру барысында 43 жер учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізілгендіктен, заң бұзушылық анықталмапты. 42 жер учаскесі сатылып кетуіне және сыйға берілуіне байланысты, 2 жер учаскесінің жалға алу мерзімінің аяқталуына және 3 жер учаскесі сот шешімі негізінде әкімдік қаулысының күші жойылуына байланысты жер иелерінің атында жер учаскесі тіркелмегендігі анықталған.
Қысқасы үй саламын деп алған жерді қолдан қолға сатып немесе туысына сыйға тарта салған жайттар да бұл салада әлі біраз былықтың барын көрсетіп отыр.
Жиын соңында көтерілген екі мәселенің де өзекті екенін ескерткен аймақ басшысы баяндамашылардың ұсынысына сәйкес Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеп, нақты міндеттер қойды.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.