Сахна шеберлеріне құрмет көрсетілді

0 6

Халықаралық театр күні Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында аса жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік кеш барысында театр актерлері өнер көрсетіп, шығармашылық қарымдарын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Сонымен қатар ақжарма тілектер айтылып, құдіретті сахна өнері шеберлерінің еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

Мерекелік шараны театрдың жас актерлері әуезді әнмен бастап берді. Аға буынның ізін басып келе жатқан жас актерлер арнау ән орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Ал сахна төріне қойылған бейнеэкран арқылы қарашаңырақ театрда қолтаңбасы қалған, өнер ордасының қалыптасу, даму жолында өлшеусіз еңбек сіңірген айтөбел тұлғалардың суреттері көрсетіліп, асау толқындай аласапыран көңіл күйге бөледі.
Ал «Серпер» сыйлығының лауреаты, талантымен танылған актер Кенен Ақүрпеков «Өнер адамы» әнін орындап, «ұйықтап жатқан жүректі оятты». Сондай-ақ жас актерлерден құралған музыкалық хор ұжымы Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем, Қаламқас», «Әгугай-ай», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін шырқап, тәтті сезімге бөледі.
Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай тұңғыш кәсіби режиссер, халқымыздың ғасырда біртуар перзенті Асқар Тоқпановтың есімін иеленген өнер ұжымы өңір тұрғындарының рухани сұранысын қамтамасыз етіп, ұлттық дәстүрлеріміздің қарашаңырағына айналғанын атап өтті. Басқарма басшысы өнер ордасының жұмысына табыс тілеп, театрдың актерлері Әбу Шоңбаевқа, Абзал Дәулетбақовқа, бас есепші Динара Тілеубековаға облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сайлаухан Ашанов ұжымды мәртебелі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. С.Ашанов облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын және республикалық ардагерлер кеңесінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанат Төлендиевке, труппа бөлімінің меңгерушісі Сәнтөре Пірманға табыстады. Сонымен қатар бірқатар сахна саңлақтары Қазақстан Театр қайраткерлері одағы облыстық филиалының директоры Жүніс Әлімбековтің қолынан филиалдың Құрмет грамотасы мен алғыс хатын алды.
Мерекелік шараны қорытындылаған Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков әріптестерін мерекемен құттықтап, бірнеше актерді «Үздік рольдері үшін» аталымдарымен марапаттады.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.