Жамбыл жаңалықтары

Сақтық шаралары күн тәртібінен түспейді

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Онда коронавирустық инфекциямен күрес бағытында өңірде атқарылып жатқан істер, қолға алынған жұмыстар мен алдағы уақыттағы жоспарлар сараланды.

13 тамыздағы жағдай бойынша облыста КВИ белгілері бар 3947 адам тіркелсе, оның 82,2 пайызы жазылып шыққан. Бүгінде азаматтардан ПТР тест алу мен зерттеу мақсатында 7 зертхана жұмыс істеуде. Сондай-ақ 53 миллион теңгенің гуманитарлық және 634 миллион теңгенің демеушілік көмегі көрсетілген.
Отырыста баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев нақтылы кезеңде ауру көрсеткіші төмендеп келе жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі таңда ауыр жағдайдағы науқастар саны 16, жан сақтау бөлімінде жатқан науқастар саны 31-ді құрайды. 214 мобильдік топ өз жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда олардың жұмысында кейбір жағдайларда төмендеу бар. Олармен бүгінгі таңда 544 хаттама толтырылып, 28 миллион теңгеге айыппұлдар салынды. Ең аз айыппұл Жуалы, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында салынған. Халықтың әлі де бетпердесіз жүруі, кейбір мейрамхана, тойханалардың астыртын жұмыс істеу фактілері кездеседі. Алдағы уақытта карантин шаралары жеңілдетіледі. Алайда халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жалғастыру қажет, – деді ол.
Сондай-ақ Ержан Жылқыбаев медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеуді ұйымдастыру үшін бірнеше рет комиссия отырысы өткенін атап өтті. Өңірде 304 медицина қызметкері КВИ-мен ауырса, олардың әрқайсысының инфекцияны жұқтыру жағдайлары зерделеніп, анықталуда. Оларға тиесілі үстемеақы төлеу жөніндегі ұсыныстар жолданған.
Сонымен қатар азаматтардың денсаулығын жақсарту мен медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Мысалы жақын күндері 4 дана цифрлы рентген аппараты, ауыр дәрежедегі науқастарға арналған 2 дана ЭКМО құрылғысы, 7 компьютерлік томография аппараты, 14 өкпені жасанды желдету аппараты және басқа жабдықтар алынбақшы. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры арқылы тағы 8 жедел жәрдем автокөлігі, 5 өкпені жасанды желдету құрылғысы мен 50 оттегі концентраторы, «КазТранс Ойл» компаниясы арқылы тағы 4 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілмек.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев карантиндік режімді сатылап жеңілдету шараларын баяндады. Ол 17 тамыздан бастап барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, ашылатын шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тізіп шықты. Нақтырақ айтсақ, олардың қатарында сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда желісі кәсіпорындары, базарлар, сұлулық салоны, шаштараз, СПА орталықтары, косметикалық қызмет көрсететін нысандар, моншалар мен сауналар, фитнес-орталықтары бар. Барлығы 477 кәсіпкерлік нысан жұмысын қайта бастайтын болса, онда 6 690 адам еңбек етеді.
Штаб отырысын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қорытындылады.
– Қазіргі таңда Тараз қаласы мен Қордай ауданында КВИ-мен ауыру көрсеткіші өсуі әлі де болса байқалады. Сондай-ақ Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласындағы мобильдік топтардың жұмысы өте нашар. Бірнеше тексеру жүргізгенмен, ешқандай заң бұзушылық анықталмады деп есеп береді. Ал науқастар тіркеліп жатыр. Мысалы Тараз қаласында кешегі бір түннің өзінде 8 науқас тіркелді, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанына сендірді. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша атқарған жұмыстары сын тезіне алынған бірқатар аудан әкімдері де жауап беріп, алдағы уақытта жұмысты жандандыруға уәде берді.
Облыс әкімі түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.
– Карантин режимін кезең-кезеңімен жеңілдету азаматтарды өз денсаулығына және айналасындағылардың денсаулығына жауапкершілікпен қараудан босатпайды. Эпидемияның қайтадан өршуіне жол бермеу үшін біз санитарлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды жалғастыруымыз керек. Халық арасында түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет, – деді Бердібек Машбекұлы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР