Қоғам

Сақтық шаралары қаншалықты сақталуда?

Written by Aray2005

Елімізде һәм өңірімізде карантин режимі жеңілдетілгенімен, сақтық шаралары әлі де жалғасуда. Яғни аймақтағы қоғамдық тамақтану нысандары, құрылыс және шаруашылық тауарларын сататын сауда базарлары мен шаштараздарға арнайы белгіленген талаптармен жұмыс жасауға рұқсат етілгенімен, ондағы сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Осы ретте кеше облыс орталығындағы аталмыш бағыттағы нысандарға арнайы рейд жүргізілді.

Облыс аумағында енгізілген карантин режимі кезінде сауда орындарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына талдау жүргізу мақсатында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ішкі сауда және жергілікті қамтуды талдау бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаев бастаған мамандар қаладағы құрылыс базарлары, шаштараздар мен қоғамдық тамақтандыру нысандарындағы санитарлық жұмыстармен танысты.
Жауапты тұлғалар рейд жұмысын алдымен қаланың орталығында орналасқан «Lemon» сұлулық салонынан бастады. Мұнда жұмыс жасайтын мамандар толығымен санитарлық талаптарды сақтап отыр екен. Келушілердің арнайы тізімі де уақытымен жазылған. Сонымен қатар, рейд тобы қаладағы «Баходир», «Абдукодир» тамақтану орындарына да ат басын бұрды. Мұнда да нысанның кіре берісінен сақтық шаралары жазылған арнайы ескерту қағаздары ілініп, антисептиктер орнатылған. Сала мамандары тамақтану орнының қызметкерлеріне әлі де сақтық шараларын қатаң сақтауды жіті түсіндіріп өтті. Ал Ташкент көшесінің бойында құрылыс тауарларын сататын кейбір базарлардың сатушылары сақтық шараларын өз деңгейінде сақтамай отырған көрінеді. Осы орайда басқарма өкілдері тиісті талаптарын түбегейлі түсіндіріп, ескерту жасады.
– Ағымдағы жылдың 19 мамырынан бастап карантин режимінің 3-кезеңінде атқарылатын іс-шаралар жоспары шықты. Жұмыс кестесі белгіленді. Ондағы жұмыс жасауға рұқсат етілген нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет. Бүгін қала бойынша сол кестеге енген нысандарды аралап өттік. Кемшіліктер де анықталды. Оларға бүгінге ескерту берілді. Бұл шара қала және аудан әкімдіктері тарапынан күнделікті жүргізілетін болады. Талап сақталмаған жағдайда жедел штабтың зерделеуімен санитарлық қаулы бойынша шара қолданылады, – дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Маратұлы.
Ескерту алған сауда нүктелерінің сатушылары да рейд тобының бақылауына алынды. Алдағы уақытта да аталған үш бағыттағы қызмет көрсету нысандары жіті қадағаланатын болады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР