Диагноз

Салаға серпін

Written by Aray2005

Таразда трансфузиялық медицинаның өзекті мәселелері талқыланды

Облысымыздың қан қызметіне биыл 80 жыл толып отыр. О баста облыстық аурухананың құрамында болған қазіргі қан орталығы осыдан 54 жыл бұрын өз алдына бөлек мекеме ретінде құрылған еді. Аталған мекеменің облыстың қан орталығы статусын алған мерзімі 2010 жыл. Дүниежүзілік стандартқа сәйкес жаңа құрал-жабдықтармен жасақталған орталық жылына 15 мың литр қан дайындау әлеуетіне ие. Облыстық, қалалық және аудандық медициналық ұйымдарды қан компоненттерімен үздіксіз қамтамасыз ететін орталық өткен аптаның соңында өзінің бай тәжірибесімен «Достық» үйінде өткен «Трансфузиялық медицинаның өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бөлісті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы еуразиялық медициналық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен облыстық қан орталығы ұйымдастырған шараға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, осыдан 80 жыл бұрын құрылған облыстық қан орталығы қызметінің тарихы мен бүгінгі жетістігіне қысқаша тоқталды.
– Облыстың қан қызметіне 80 жыл толып отыр. 1939 жылдың қараша айында облыстық аурухана құрамында қан құю тірегі болып құрылған бұл мекеме сол кезден бастап қан дайындау жұмыстарын жүргізе бастады. Сол жылдың өзінде өңірде 81 науқасқа қан құйылыпты. 1942 жылдардағы Ұлы Отан соғысында 165 литр, ал 1946 жылы 175 литр қан дайындаған. 1965 жылдың тамызында облыстық аурухана құрамындағы қан құю пункті жеке мекеме ретінде қайта құрылды. Бүгінде аталған қан орталығының қызметкерлерінің сапалы қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Көпжылдық тәжірибесі бар облыстық қан қызметі өзінің басты миссиясын кәсібилік пен озық технологияны пайдалана отырып орындап шығуға әзір, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.
Жиында сөз алған Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің «Н.И.Пирогов атындағы ұлттық медициналық-хирургиялық орталық» федералды мемлекеттік университетінің бас трансфузиологы, Ресей трансфузиологтар қауым­дастығы кеңесінің төрағасы Евгений Жибурт қан сапасы мен құрамы қауіп төндіретін бірқатар мемлекеттерді атай отырып, Қазақстан Республикасының қан қызметінің деңгейі жоғары екенініне айрықша тоқталды. Өзге де сарапшылар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және коммерциялық денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері өз тәжірибесімен бөліскен шарада қан компоненттерін дайындау, донорлық қанды тестілеу, гемотрансфузия қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер талқыланды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР