Қоғам

Саламатсыз ба, сержант мырза!»

Written by Aray2005

Немесе алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің шені неге өспейді?

Жалпы, алғашқы әскери дайындық сабағы кез келгенімізге жақсы таныс. Мектеп қабырғасында өткізген жылдарымызда бұл талайдың сүйікті пәні де болған. Себебі, бала кезінен құқық қорғау һәм қорғаныс саласында қызмет етуді армандаған жас жеткіншектер осы сабақта ең алғаш әскери өмірдің «әліппесімен» танысады. Қару-жарақ түрлерін шашып-жинауды үйреніп, әскери шендер мен мемлекеттік наградалардың ерекшеліктеріне қанығады. Сол арқылы Отанға деген сүйіспеншілігі нығайып, патриотизмнің негізі қаланады. Бұл тұрғыда балғын бозбалалар үшін әскери киіммен дәріс беретін пән мұғалімдері үлгі, өнеге. Тіпті, идеал тұлға десек те артық айтқандық емес. Бірақ, түсі суық, «қабағынан қар жауып тұратын» бұл мамандардың басым көпшілігінің арада жиырма жыл өтсе де, әлі күнге дейін кіші лейтенант шенімен жүргені еріксіз таңғалдырады. Ал, кейбірінде ол да жоқ. Жас жеткіншектердің жігерін жанып, ұлт мұраты жолында ұйытып жүрген ұстаздардың не жазығы бар? Бұның себебін анықтамақ мақсатта, біз ең алдымен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің есігін қақтық.
– Негізі, мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағынан тәлім беретін мамандарға ешқандай әскери шен берілмейді. Олар арнайы жиындарға да шақырылмайды. Сол себепті, бұл мамандар педагог ретінде қабылданып, ешқандай әскери атаққа ұсынылмайды. Ал, әскери атағы бұрыннан бар пән мұғалімдері Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар немесе біздің құрылымнан зейнет жасына шыққан адамдар. Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасын тәмамдаған түлектер болуы мүмкін. Бірақ, олар да мектепке қай шенмен қабылданса, қызмет ету мерзімі аяқталғанша сол әскери атақпен қалады.
Рас, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерін мектеп директоры бізбен кеңесіп жұмысқа алады. Біз өз тарапымыздан тиісті тексеру жүргіземіз. Алайда, олар бәрібір біздің құрылымның маманы болып саналмайды. Тіпті, қазір алғашқы әскери дайындық сабағына Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің бастапқы әскери дайындық мамандығын оқып шыққан қыздарды да қызметке алуға рұқсат беріп жатырмыз. Себебі, бұл пәнге ең алдымен әскери емес, педагог маман керек. Белгіленген талап сондай, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Ермек Абдуллаев.
Иә, маманның сөзіне сүйенсек, алғашқы әскери дайындық пәнінен тәлім беретін ұстаздар санда болғанымен, әскери санақта жоқ екен. Және олар қанша жыл еңбек етсе де, әскери атаққа қол жеткіземін деп армандамай-ақ қойса болатындай. Осы орайда, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасының оқытушыларына да осындай шектеу қойылған-қойылмағанын біліп көрдік.
– Біздің әскери кафедраны тәмамдап шыққан студенттер запастағы лейтенант шенін алып шығады. Одан кейін, олар қай құрылымда жұмыс істесе де өз таңдаулары. Бірақ, мектептерге алғашқы әскери дайындық сабағына ұстаздыққа барып жатқан шәкірттеріміздің шені сол бойы жоғарыламағанын талай мәрте естідім. Яғни, запастағы лейтенант күйі қалуда. Енді биыл тағы жаңа өзгерістер енгізіліп, кафедра оқытушыларының де әскери атағын азаматтық шенге дейін түсіріп тастауда. Нақтырақ айтсақ, бұрындары кафедра оқытушыларына өз шенін өсіруге мүмкіндік берілсе, енді бұл жүйе алынып тасталды. Әскери кафедрада негізі 15-ке жуық оқытушы студенттерге тәлім беретін. Жоғарыдағыдай өзгерістен кейін, қанша оқытушымыздың қызметте қалатыны белгісіз. Өйткені, әскери адамға ең бірінші шен маңызды, – дейді ТарМУ-дың әскери кафедрасы басшысының орынбасары Сейсен Жапаров.
Байқап тұрсақ, әскери атақтан қағылған «сарбаздардың» қатарына жақында әскери кафедра оқытушылары да қосылмақ. Сонда жастарға әскери өмірдің алғашқы «әліппесін» үйретіп жүрген мамандардың еңбегі мүлде еленбегені ме? Әлде, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Ермек Абдуллаев айтқандай, бұл бағыттағы жұмыстарға толықтай педагог мамандар жұмылдырылмақ па? Егер солай болса, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі бір ғана факультет арқылы барлық сұранысты қанағаттандыра аламыз ба?
– Университеттің бастапқы әскери дайындық кафедрасын 2017-2018 оқу жылында 25 маман бітірді. Ал, жалпы факультет ашылған 12 жылда 400 жас диплом алып шықты. Негізі, бізде теорияны оқыған студенттеріміз былтырдан бастап ТарМУ-дың әскери кафедрасында өз біліктіліктерін шыңдауда. Соның арқасында білімгерлеріміз запастағы лейтенант шенін алып шықты. Бұл қадамға біз түлектерімізді оқудан кейін «арнайы әскери дайындықтан өтпегенсің» деген сылтаумен көп жерде жұмысқа қабылдамағандықтан, құзырлы министрліктің келісімімен барып отырмыз. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген соң, оқытушылар құрамын да күшейттік. Қазір бізде полковник, капитан шеніндегі бұрынғы әскерилер дәріс беруде.
Жалпы, кафедраның білікті мамандар дайындауға қауқары жеткілікті. Сондай-ақ, студенттеріміздің арасында білімін шыңдап жатқан қыздарымыз да аз емес. Бір сөзбен айтқанда, кафедра оқытушылары қажетті санаттағы мамандарды дайындауға сақадай сай, – дейді ТарМПУ-дың бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Досым Сейтжанов.
Мәселенің мәнісі енді түсінікті бола бастағандай. Демек, құзырлы министрлік педагогикалық және әскери кафедраны біріктіру үшін, ондағы оқытушылардың шендері мен мүмкіндіктерін теңестіріп тастаған секілді. Бұл өскелең ұрпақ үшін жақсы шығар. Алайда, бұған бұл салада талай жыл еңбек еткен мамандар не дейді?
– Құмшағал ықшамауданындағы №56 мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен тәлім беріп келе жатқаныма 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде Отан алдындағы борышымды өтегенім үшін берілген сержант шені одан әрі өскен емес. Кеңестік кезеңде әскери атақ құрылымға қарай емес, салаға сіңірген еңбегіне орай берілетін. Қазір бәрі қиындап кеткен. Өзімізді не әскериге, не педагог маманға жатқыза алмаймыз. Оған қоса, әскери шеніміз бола тұра, әскери киімді тек мектеп қабырғасында киюге рұқсат етілген. Егер ол киіммен көшеде жүретін болса, тәртіп сақшылары әкімшілік жазаға тартады. Өз басым ондай жағдайға тап болмасам да, басқа мектептердегі әріптестерімнен сан мәрте естігенмін. Мейлі, әскери атақ бермесе, бермей-ақ қойсын, ең болмаса кезінде адал еңбекпен қол жеткізген әскери шенімізді құрметтесе болады ғой. Олай болмаған жағдайда бізге басқа әскери киім үлгісі бекітілгені жөн. Өзіміздің қызмет етіп жатқан саламыздың киімін еркін киіп жүре алмасақ, бұдан өткен қорлық бар ма? Осы жағын тиісті министрлік ретке келтіріп, талай жыл аянбай тер төккен мен секілді еңбек өтілі жоғары мамандарды назардан тыс қалдырмаса екен деймін, – дейді №56 орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің әскери жетекшісі Айдар Сыздықбаев.
Бұл пікірмен Талас ауданындағы Ақкөл орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғалымжан Қалаубеков те келіседі.
– Мектепте қызмет етіп жатқаныма он жылға жуықтап қалды. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін мектепке жұмысқа тұрғаныммен, әлі күнге сержант шенімен жүрмін. Бірнеше мәрте әскери атақты жоғарылату жолдарын сұрастырып көрген едім. Мамандар мұның мүмкін емес екенін айтты. Содан әйтеуір, бала-шағаның қамын ойлап, жұмысымызды атқарып жүрміз. Әйтпесе, не әскери шенің өспейтін, не әскери шараларға қатыса алмайтын мұндай қызметтің мәртебесі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ауыл болғаннан кейін әскери киімді еркін киіп жүрміз, бірақ қалаға шықсақ, тәртіп қатаң екенін біліп, шешіп кетеміз, – дейді Ғ.Қалаубеков.
Иә, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл мәселеде де бірізділік байқалмайды. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Әрине, заман талабына қарай жаңа өзгерістердің болғаны жөн шығар. Бірақ, жаңашылдыққа ұмтылып, ескіні елеусіз қалдыруға да болмас. Сондықтан, салаға жауапты мамандар екі тараптың ұсынысы мен сұранысын таразылап, тиімді шешім шығарады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР