Uncategorized

Саланы да, сананы да серпілтеді

Written by Aray2005

Кез келген салада соны серпіліс, алға ілгерілеушілік болуы үшін жаңашылдық қажет-ақ. Бұл қандай да бір жетістікке жетудің батыл қадамы. «Jambyl» телеарнасында апта сайын тікелей эфирде өтіп жүрген «Сөзден іске!» атты ток-шоу – бұқара мен билік арасында дәнекер болуда маңызды рөл атқаруда. Сонымен қатар бұл жоба облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуынан, халықтың тұрмыс жағдайы мен рухани деңгейінің жақсаруынан халықты хабардар ететін идеология негіздемесі болары хақ. Сондай-ақ, қоғамдық сана мен адамның дүниетанымын өзгертуде айрықша маңызға ие болатыны да сөзсіз.

Жалпы өткен айдың жиырмасынан бастап көрерменге жол тартқан аталған жоба осымен үшінші мәрте тікелей эфирден берілді. Апта сайын облыс тұрғындарымен қауышып, соны тақырыптарды қозғайтын жаңа бағдарламаның кешегі шығарылымында білім саласы бойынша қоғамдағы, тіпті жұртшылықты күнделікті өмірде толғандыратын реформалар мен ұзтаз мәртебесіне қатысты мәселелер әңгімеге арқау болды. Студияның басты қонағы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы болса, оларға қарама-қарсы орынға облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзұмбеков пен облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали жайғасты. Ал ҚР білім беру ісінің үздігі, Құрметті қызметкер, ардагер ұстаз Айша Ниязбекова бағдарламаға тәуелсіз сарапшы ретінде қатысты. «Білім беру жүйесінің жаңа кеңістігі» атты тақырып талқыға салынған «додада» ток-шоудың жүргізушілері Данияр Асқарұлы мен Темірғали Ахаттың ортаға тастаған алғашқы сауалы «Бүгінде білім саласының материалдық-техникалық базасы жақсарған, бірақ білім сапасы неге төмен?» деген күмәнді ойға негізделді.
– Мен білім сапасы төмен деген пікірмен келіспеймін. Білім сапасы әрдайым шыңдалу үстінде. Жалпы өңірдегі педагогтардың барлығы да сапаға жұмыс істеп жатыр. Дегенмен аталған мәселе бойынша кемшіліктер жоқ емес. Негізінен мұны кемшілік деуге де болмайды. Өйткені салада шешімін таппаған мәселелер көп. Мәселен ол мұғалімге байланысты немесе қаражат тапшылығына қатысты факторлар болуы мүмкін. Ең бастысы мұғалім балаға сапалы білім беруі үшін оған жағдай жасалуы керек. Ал ұстазға жағдай жасалуы үшін қаражат керек. Менің осы өңірдің білім саласының басшысы болып келгеніме бір айға жуықтады. Соның өзінде бірқатар сараптама жасап үлгердім. Оқу ісін жақсарту немесе үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін жою болсын бұл салада қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Алдағы жаңа оқу жылында көптеген мәселе өз шешімін табады деген үміттеміз, – деді Гүлнар Махақызы.
Сондай-ақ онда тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жылға жуықтаса да әлі күнге дейін кейбір орта мектептер Кеңес үкіметінің көзі саналатын парталарды қолданып отырғаны, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, Түймекент ауылындағы орта мектепке бас сұққанда, аталған мектеп жағдайының жоғарыдағыдай болғаны мысалға келтірілді. Бұл мәселеге облыстың бас ұстазы парта немесе басқа да жабдықтардың өз қолданылу мерзімі болатынын, ол 7 не 15 жылды құрайтынын, Кеңестік кезеңдегі партаға өз замандастары отырғанын, бүгінде орта білім беретін мекемелерде ол дәуірден қалған парталардың жоқтығына сенім білдіре келе, қаражат тапшылығынан тозығы жеткен парталардың қолданыста болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұдан бөлек ол облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұл мәселені шешу, яғни мектеп жиһазын ауыстыруға арнайы қаржы қарастырылғанын сөз етті.
Өз кезегінде Данияр Асқарұлы: «Сөз бен істің арасы қанша уақыт?» деген сұрақ қойды. Бұл мәселеге Г.Ходжабергенова: «Облыс бойынша биыл 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол мектептердің 100 пайызы болмаса да, 50-60 пайызының жиһаздары жаңартылады» деп жауап берді. Келесі кезекте жүргізушілер облыста ұстаздар ұстаханасы есебіндегі жоғары оқу орны ТарМПУ екенін еске салып, бұрын ҰБТ-дан төмен балл алғандар педагог болуға талпынса, биылдан бастап 70 пайыздан астам балл жинай алмағандар бұл мамандықты таңдай алмайтынын айта келе, мұның кадр дайындауда тиігізер әсері қалай болатынын білгісі келді.
– Ұстаз тәрбиелеу ол оңай шаруа емес. Ұстаз болу үшін біріншіден адамда мұғалімдік мамандыққа деген махаббат ерекше болуы керек. Екіншіден қазіргі таңда көптеген педагогикалық жоғары оқу орнының студенттері арасында кезінде 50 балл алған немесе оған да жете алмай қалған, осы факультетке шығармашылық мамандықтар арқылы ауысып келген студенттер бар. Соңғы кездері педагог мәртебесін көтеру туралы әңгіме жиі айтылып, арнайы Заң қабылданғаннан кейін былтыр – 60, биыл 70 балға дейін шекті мөлшер белгіленді. Педагогика мамандығы студенттерінің шәкіртақысын 42 мың теңгеге көтеру туралы Президентіміздің арнайы тапсырмасы жүктелді. Осындай жаңашылдықтар сапалы маман даярлауға мүмкіндік беретіні анық. Дегенмен біздің оқу орнында өте алғыр және қарым-қабілеті орташа немесе ортадан төмен студенттер бар. Оны біз жасырмаймыз. Бірақ олармен 4 жыл бойы жұмыс істеп белгілі бір дәрежеде нарыққа шығару біздің міндетіміз. Бірақ мектепте нашар оқыған оқушы студент атанса, оны 4 жылда мықты маман етіп шығарамыз деп айта алмаймын, – деді Е.Әмірбекұлы.
Тележурналист Темірғали Ахаттың кадр дайындау, кадр тапшылығын жою мәселесіне қатысты қойған сауалына орай Ержан Әмірбекұлы студенттер арасында орыс тілі пәні мұғалімімен қатар, физика, математика секілді жаратылыстану пәндері мамандығын таңдайтындар аз екенін, оларға «сен мына мамандықты таңда» деп ешкім күштей алмайтыны, дегенмен кадр тапшылығын жою мәселесі біртіндеп шешіліп жатқаны, осы оқу орнын бітірген түлектердің 75,8 пайызы жұмысқа тұратыны жөнінде жауап берілді.
Эльмира Инаятқызының қойған сауалы: «Елімізде орын алған пандемия, карантин жағдайы біздің қоғамда, әлеуметтік дамуымыз тұрғысында қандай осал тұстарымыздың бар екенін және мүмкіндігіміз де мол екенін көрсетіп берді. Мен өңірдегі ата-аналардың атынан шығып тұрғаннан кейін бұл сұрақты қоймасам болмас. Мәселен біздің шалғай аудандарды айтпағанда, Тараз қаласының шет жағының өзінде интернеттің әлсіз болғаны байқалды. Көптеген балалардың қолында компьютер, гаджет, смартфон секілді техникалық құралдар жеткіліксіз болды. Мұғалімдер де алдын ала онлайн оқыту даярлығынан өткен жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, білім сапасы төмендегені байқалмады ма?».
Өз кезегінде өңірдегі білім саласының басшысы пандемияны ешкім күтпегенін, бұл жағдайға жалғыз білім саласы емес, барлық сала 100 пайыз дайын болмағанын, әйтсе де биылғы оқу жылы онлайн форматта ойдағыдай аяқталғанын айтып берді.
– Облыста 442 мектеп бар болса, соның барлығы қашықтан оқытуды бірнеше бағыттар бойынша жүргізді. 235 мектепте Күнделік.kz платформасы арқылы қашықтан сабақтар өткізіліп, оған 193 200 оқушы тартылды. Кері байланыс Күнделік.kz электрондық журналы және мессенджерлер (WhatsApp, Телеграмм) арқылы жүргізілді. Интернетке қолжетімсіз 207 ауылдық елді мекенде оқыту «Балапан» және «Еларна» арналарында теледидар сабақтары арқылы жүзеге асырылып, бұл бойынша 36 748 оқушы қамтылды. Қашықтан оқытуды интернет арқылы ұйымдастырып отырған білім беру ұйымдары Bilimland порталының цифрлық ресурстарын,
Daryn.online және aitube.kz портал­дарындағы сабақтарды пайдаланды. Аitube.kz порталында online.edu.kz каналына облыс мұғалімдері дайындаған 85 видео сабақ орналастырылды. Сонымен қатар, шығармашылықпен жұмыс істейтін облыстың алдыңғы қатарлы мұғалімдері каникул уақытында 255 сабақ түсірді. Сабақтардың барлығы YouTube видео хостингіне орналастырылды. Қашықтықтан оқыту және білім саласындағы басқа да мәселелерге қатысты жедел жәрдем беру мақсатында облыс және аудан орталықтарында 12 САLL-орталықтары құрылды. 13147 дана компьютер қабылдау-сақтау актілері арқылы оқушыларға уақытша пайдалануға таратылды. Сонымен қатар, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті де өз теңгеріміндегі 300 дана компьютерді уақытша пайдалануға оқушыларға таратты, – деді ол.
Аталған бағдарлама барысында «Елден хабар» айдары бойынша тұрғындардан алынған онлайн оқытудың сапасына қатысты елдің екіге бөлінген пікірлері назарға ұсынылып, білім сапасына қатысты пікір айту тәуелсіз сарапшы А.Бердешқызына да бұйырды. Ол: «Білім саласы күн тәртібінен түскен емес. Дегенмен білім беру ісіне сыншы көп. Өйткені елдің барлығы бала оқытып отыр. Бірақ біз тәуелсіздік алғалы білім саласы тәжірибе алаңынан көз ашпай келе жатыр. Жыл сайын білім берудің түрлі тәсіліне көшуден жұрт шаршады. Білім саласындағы бір реформа жемісін бермей жатып, басқа жүйеге көшумен келеміз. Ең ақыр аяғы БЖБ мен ТЖБ ойлап табылды. Осы екеуінің қорытындысымен оқушыға баға қойылады. Бұл білім сапасын нақты анықтап бере алмайды, – деді ардагер ұстаз.
Тікелей эфирде қоңырау шалған көрермендер де болды. Соның ішінде Жуалы ауданының бір тұрғыны барлық білім саласының қызметкерлерінің жалақысы ұлғайтылғанымен, бұл қолдаудан неліктен мектеп кітапханашылары қағылғанын сұрады.
– Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдерге биылдан бастап педагогтардың еңбекақысына жыл сайын 25 пайыз жалақы қосу арқылы алдағы 4 жыл ішінде олардың жалақысын екі есеге өсіруді Үкіметке тапсыруынан туындаған жайт. Негізі педагогика саласында тек қана мұғалімдер еңбек етпейді. Мәселен облыстық кәсіподақ ұйымына 65 мың адам мүше болса, соның 40 мыңы мұғалім. Қалғаны білім саласының қызметін қамтамасыз ететін мамандар. Соның барлығы да бұл қолдаудан қағылып отыр. Соның ішінде Заңға өзгеріс енгізу барысында мәдениет саласының қызметкерлері ескерілді де білім саласының кітапханашыларының жағдайы назардан тыс қалды. Дегенмен біз әлеуметтік әріптестік негізінде облыста бұл мәселенің шешімін таптық. 1 маусымнан бастап білім саласының кітапханашыларының жалақысын 35 пайызға көтеру туралы шешім қабылданды. Дегенмен облыстық білім басқармасы бұл туралы міндеттемені өз мойнына алды. Ал аудандағы кітапханашылардың еңбекақысын көтеру аудандық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Бағдарлама барысында оқушыны гимназияға қабылдаудың қиындығы, 30-40 жыл директор болып отырғандарды ротация арқылы ауыстыру, ата-ананың мектептен тыс баланың қосымша білім алуына жүгінуі, оқушының ҰБТ-ға дайындығы, мұғалім мәртебесін арттырудың жолы қаузалып, спикерлер сөзден іске көшудің жайын бір ауыз сөзбен түйіндеді.

Жалпы бұл бағдар­ламаның ұтқырлығы – қоғамда орын алатын түрлі құбылыстардың бүкпесіз баяндалатыны. Қозғалған тақырып бойынша сөз болған саладағы жетістіктер мен кемшіліктердің ашып көрсетілуі. Осы үдеден шығуға бағдарлама шығармашылық тобының тырысып баққаны анық аңғарылады. Қоғамдағы түйткілді мәселелер көптің алданда әрдайым осылай талқыға салынып отырса, кез келген салада серпін болатыны сөзсіз.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР