"Кәсіпкерлік"

Салық амнистиясы тірлігін тіктеймін дегендерге үлкен көмек

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың 5 қаза­нын­дағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған көп бастаманың бірі – кәсіпкерлерге салық рақымшылығын жасау болды. Яғни, Елбасы салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару арқылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық амнистиясы шараларын жүзеге асыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Жуырда еліміздің Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті бұл шара қанша қаржы сомасын қамтитынын және салық амнистиясына кімдер ілігіп, оның қалай жүзеге асатынын нақтылап берді.

Комитет таратқан ақпаратқа сүйенсек, елімізде салықтық берешегі бар жеке тұлғалардың саны 1 238 622 бірлікті құрап отыр екен. Егер осы миллионнан аса кәсіпкерлік субъектілерінің салыққа деген берешегін өндіріп алатын болсақ, онда қазына қоржыны кәдімгідей қампайып қалар еді. Бірақ таяқтың екінші ұшы барын ескерсек, өсімді өндіреміз деп өндірісті, шағын және орта бизнесті әлсіретіп алуымыз бек мүмкін. Сондықтан қарыз құрығына іліккен кәсіпкерлер үшін бұл шараның маңызы өте зор болғалы тұр.
Дегенмен биылғы салық амнистиясы еліміздің кәсіпкерлері үшін тың жаңалық емес. Естеріңізде болса Үкімет бұған дейін де бірнеше рақымшылық шарасын енгізіп, ел экономикасының алға жылжуы үшін бюджетке түсер миллиардтаған қаржыны «құрбандыққа» шалған-ды. Айталық, қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыру мақсатында айыппұлдарды және өсімақыларды есептен шығару үшін салық амнистиясы алғаш рет 1997-1999 жылдары қолданылды. Одан кейін 2011 және 2015 жылдары кәсіпкерлерді кезекті мәрте жарылқадық. Яғни салық төлеу былай тұрсын, оның өсімпұлын да төлеуден жалтарып немесе қиналып жүрген заңды тұлғаларға қордаланған борышынан құтылып, заңды коммерциялық қызметін жалғастыруға мүмкіндік берілген-ді. Қаржы министрлігі таратқан мәлімет бойынша, соңғы екі акция (2011 және 2015 жылдар) кезінде айыппұлдар мен өсімақыларды қосқанда жалпы сомасы 143,7 миллиард теңгелік қарыз есептен шығарылыпты.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі таңда салық түрлері бойынша берешектің ең көбі корпоративтік табыс салығының үлесінде екен. КТС бүгінде 149,2 миллиард теңгеге жетіп, барлық берешектің 41,6 пайызын құрап отыр. Ал қосымша құн салығы бойынша берешек – 130,7 миллиард теңге немесе 36,4 пайыз.
Енді экономикалық қызмет түрлері бойын­ша келсек, төленбеген салықтың ең көп бөлігі, яғни 123,3 миллиард теңгесі не­месе 36,9 пайызы көтерме және бөлшек сау­да үлесінде екен. Одан кейін 98,1 миллиард теңге немесе 29,3 пайызбен құры­лыс саласы тұр. Бұл «үздік» үштікке 35,7 мил­лиард теңге немесе 10,7 пайызбен тау-кен өнер­кәсібі де кіріпті.
Комитет төрағасы М.Сұлтанғазиев кәсіпкер­лер мойнындағы салықтық қарыз­дардың қалыптасуына негізінен бизнес жүргізудегі шорқақтық пен сауаттылықтың төмендігі сеп болғанын айтуда. Сондай-ақ көп жағдайда кәсіпкерлердің түрлі қарыздарын өтей алмауы да ақыр аяғы салық төлеу төңірегіндегі келеңсіздіктердің пайда болуына әкеп соғады екен. Немқұрайды­лық пен сылбырлық та салықтық берешектердің уақытылы төленуін тежеп келеді.
Біздің облыста да рақымшылық шараларына іліккен 3 636 салық төлеуші субъект анықталыпты. Олардың өсімақысы мен айыппұлының сомасы 1 727 800 000 теңгеге жетіпті.
– Салықтық амнистияны жүргізу үшін Қаржы министрлігінде заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп, бүгінде Парламент Сенатының қарауына жіберілген. Түзету жобасы шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанына сәйкес, 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін негізгі қарызын төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдарды есептен шығаруды қарастырады. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес есептелген айыппұл сомасы, ал негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады, – деп түсіндірді облыстық кірістер департа­менті борышкерлермен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Гүлмира Құндызбаева бізге берген сұхбатында.
Дегенмен рақымшылық шаралары барлық кәсіпкерді бірдей «бақытқа бөлемейтінін» айта кеткеніміз жөн. Мәселен, амнистияға ілікпейтіндер қатарында бақылауды талап ететін ірі салық төлеушілер, жерасты суларын, емдік балшықты алу құқығына иелік ететін жер қойнауын пайдаланушылардан басқа жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін тауарларды өндірушілер, кәсіпкерлік қызметпен немесе жеке тәжірибемен айналыспайтын жеке тұлғалар бар.
Ал жоғарыда айтылған 3 636 салық төлеушінің ішінде Салық кодексіне, «Оңалту және банкроттық туралы» Заңға сәйкес салықтарды төлеуді кейінге қалдыруға немесе мерзімін ұзартуға берілген және оңалту рәсімі қолданылатын тұлғалар да бар. Мәселен, негізгі берешек сома 377,6 миллион теңгені төлеген жағдайда салығын кейінге қалдыруға немесе мерзімін ұзартуға жататын 16 заңды тұлғаның 30,8 миллион теңге өсімақысы есептен шығарылмақ. Ал оңалту рәсімі қолданылған тағы 16 салық төлеуші негізгі қарызы 1 549,4 миллион теңгені жапса, 530 миллион теңге өсімақы мен 175,7 миллион теңге айыппұл сомасы кешірілгелі тұр.
Басқарма басшысы Г.Құндызбаева салық амнистиясына тиісті салық төлеушілердің алдын ала тізіміне кірген салық төлеушілерге бүгінде «Салық төлеуші кабинеті» жүйесіне қысқаша ақпараттық хабарлама жолданғанын айтты. Ал «Салық төлеуші кабинеті» жоқтарға 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген мекенжайлары бойынша поштамен хабарландыру жолданыпты.
Бұл ретте кәсіпкерлер құқығын қорғап жүрген ұйым өкілінің де пікірін білгенді жөн көріп, облыстық кәсіпкерлер палатасы Шу қалалық филиалының директоры Асқар Комаевпен хабарластық.
– Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «салық амнистиясы» жөнінде мәселе көтеріп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл – өз қызметінде кездейсоқ кедергі мен күтпеген қиындыққа кез болып, қолайсыз жағдайға қалған шағын және орта бизнес өкіліне көрсетілген үлкен көмек. Яғни, енді кәсіпкер салықтан негізгі қаржысын өтесе, айыппұл мен өсімпұлын төлемейді. Кәсіпкерлердің айтуынша, шара дер кезінде қолға алынған маңызды шешім. Оның мемлекет әл-ауқатын жақсартуға ықпалы күшті болмақ. Салық амнистиясы шағын және орта бизнеске істі жаңадан бастауға және кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын жақсартуына көмектеседі. Бүгінде Шу ауданында 6 228 кәсіпкерлік субъектісі бар болса, оның 5 114-і белсенді жұмыс істеп тұр. Бұның ішіндегі 3 201-і орта және шағын кәсікперлік субъектісі, ал қалғандары шаруа қожалықтар. Бұған дейін де кәсіпкерлер төлеп келген 13 салықты қысқартып, тек үш-төрт түрін ғана қалдыру керек деген бастама айтылған-ды. Шыны керек, кейбіреуі салық түрлерін шатастырып-ақ бастары қатып жүрген. Сондықтан Президенттің бұл бастамасы кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығаруға септігін тигізеді деп айта аламын. Себебі қаржылақ қиындықтан шығу үшін соңғы кездері айлықты қысқартып немесе жұмысшылар санын азайту мәселесімен бетпе-бет келген кәсіпкерлер де жоқ емес. Осы рақымшылық шарасының арқасында бұл келеңсіздікті айналып өтетін болды. Яғни, кешірілген салықтық өсімпұлдың есебінен керісінше айлық жалақыны 10-15 пайызға көтеруге де мүмкіндік туып отыр. Мемлекет басшысының жалақыны көтеру туралы тапсырмасы да бар. Бір сөзбен айтқанда, бизнеске қолайлы қаржылық климат қалыптаспайынша ілгерілеу мүмкін емес. Сол себепті Елбасының бұл жолғы қамқорлығы осы климаттың қалыптасуына дөп келіп отыр, –
деген филиал директоры сөзінің жаны бар.
Тағы бір айта кетерлігі, жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш – 60 125 теңгеден аспайтын қазақстандықтар кіріс салығынан да босатылады. Бұл бойынша былтыр 2 шілдеде Салық кодексіне тиісті өзгертулер мен заңнамалық актілер енгізіліп, қабыл­данған болатын. Осы орайда жалақысы 25 АЕК-тен аспайтын жұмысшылардың кіріс салығының 90 пайызынан босатылуы туралы нормалар биылғы 1 қаңтарда күшіне енді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР