«Самалтау» – Сапалайдың салған әні!

0 16

Талантымен әлемді мойындатқан Димаш Құдайберген жуырда АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті Джо Байденді ұлықтау апталығының ашылуына қатысып, «Самалтау» әнін орындады. Димаш – АҚШ Президентін ұлықтау салтанатында өнер көрсеткен тұңғыш қазақстандық әнші. Содан бері апталықтың ашылуында Димаш шырқаған «Самалтау» әні жайлы ел арасында түрлі алыпқашпа әңгіме айтылуда. «Самалтау» шынында халық әні ме? Егер халық әні болмаса Димаштың орындауында әлем тыңдармандарының жүрегін жаулаған «Самалтаудың» авторы кім?

«Самалтау» әнін бала кезімізде Сарысу ауданының көнекөз, кәріқұлақ қариялары, атап айтқанда Кенжебайдың Әбдірахманы, Жақыпбектің Сердалысы, Бестібегі, Әйнектің Алдабергені, Сырғабайдың Ақбергені, Отыншының Байманы, Әбдірахманның Укашасы секілді аға буынның әуелете салғанын талай естіген едік. Кейінгі жылдары жас өнерпаздар жеңіл-желпі әндерге әуестеніп, «Самалтау» секілді музыка өнерінің жауһарлары ұмытыла бастағандай еді. Осыдан біршама жыл бұрын облысымыздың белгілі өнерпазы, өткен жылы ғана індеттің құрбаны болған Көпжасар Арынұлы әнді жарыққа қайта шығарды. Таластық әнші Сырғабек Айтбаев та Көпжасардан үйреніп, «Сапалайдың әні – Самалтау» деп халыққа таратып жүр.
Жақсыға кім ие болғысы келмейді. Сөз басында айтып өткеніміздей, кейінгі уақытта ән туралы әркім әртүрлі пікір айтып, өз долбарын жасап бағуда. Айтылған, жазылған пікірлердің арасында фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің мақаласы көңілге қонымды. «Самалтау» әні Сарысу өңірінен шыққан аса керемет талант иесі Сапалай Исатайұлының әні екенін ғалым дәлелдеп берді.
Осы орайда шындықты айғақтайтын бірнеше тарихи деректерді келтірейін. Біріншіден, Сапалай Исатайұлы ойдан шығарылған аңыз кейіпкер емес, өмірде болған адам. Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сапалайдың өнеріне үлкен баға берген. Ал даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өзінің «Анаштың әңгімесі» деген шығармасында Сапалайдың әкесі Тама елінің белгілі тұлғаларының бірі екенін, Сапалайдың да орысша сауатты екенін атап көрсетеді. Сапалайдың 1926-1927 жылдары Тама болыстығы төрағасының орынбасары болғанын, әкесі Исатайдың болыс болғанын Пернебай Дүйсенбиннің «Сарысунама» кітабында Ажақай Сембин қария айғақтап айтқан.
1928 жылы ірі байлар мен кулактарды кәмпескелеу басталғанда аты шыққан бай болмаса да Исатай тәркілеуге ілініп кетеді. Тәркілеудің аяғы халықтың жаппай ашаршылыққа ұшырауына, жаппай отырықшыландыруды зорлап жүргізуге әкелген. Мұның барлығы халықтың наразылығын тудырған. Нәтижесінде тарихта «Созақ көтерілісі» деп аталып кеткен халықтың көтерілуіне мәжбүр еткен. Сапалай да осы көтерілістің белсенді мүшесінің бірі ретінде ұсталып, 1930 жылы 25 мамырда атылды деген дерек бар.
Алайда осы деректерді анықтау барысында Сапалайдың көзі тірі туыстарын іздеп таптым. Сапалайдың аталас туысы, Сарысу ауданының белгілі азаматының бірі Әбдібай Сармантайұлы біраз мәліметтерге қанық қылды.
Осыған дейін жергілікті газеттерде жазылып жүргендей, Сапалайдың Байбосын, Бекбосын деген шонжар аталары болмаған. Оның ататегі төмендегіше өріледі: Тамадан Әліп, Жөгі. Жөгіден Жәнеке, Тыныс. Тыныстан Найманбай, Шоқай, Түктіғұрт. Найманбайдан (қырықбойдақ) Жандыбай – Жақсылық –Бұланбай, Күлембай. Күлембайдан Исатай, Мәдібек тарайды.
Сол Исатайдың оншақты баласы болған. Сапалай – ортаншысы. Исатайдың балаларынан қалған тұяқ Рәмештен ғана бір ұл – 1936 жылғы Серік деген бала қалған. Серіктің әйелі Бимағамбет қызы Рыстай 1943 жылғы, қазір Жаңатас қаласында тұрады.
Алайда Сапалайдың таланты мен өнері бұларға дари қоймаған тәрізді. Тіпті аталарының қандай әндері бар екендігін де онша жақсы білмейтін болып шықты. Серіктің өзімен тікелей жолығып сөйлесе алмадым.
Әбдібай Сармантайұлының айтуынша, Сапалай ату кезінде Құдай сақтап, тірі қалып, өліктерді үйіп тастаған терең жардан қашып шыққан екен. Кейінгі 1950 жылдарға дейін Өзбекстанда жасырын атпен күн көріп жүріпті-міс. Сол 1953 жылы болуы керек, Өзбекстанға іссапарға барған қарағандылық бір-екі азамат өзбектердің арасында жүрген бір қазақты жолықтырады. Әлгі қазақ бауырларын көргендей қуанып, үйіне шақырып, қонақ қылып, өзінің атақты Сапалай сал болғандығын, үкіметтің құрығынан қорқып, өзбектерді паналап жүргенін айтады. «Елге қайтсаңдар Сарысудағы ағайындарыма хабар берерсіңдер», деп сәлем айтады. Сарысудағы ағайындардың ішінен біраз жарамдылары іздеу салғанымен, кейін «із-түзсіз хабарсыз кеткен екен» деген мәліметке куә болдым.
Енді «Самалтау» әні жайлы білгенімізді ортаға салсақ. «Самалтау» деген жер атын Қазақстанның географиялық картасынан кездестірген жоқсыз. Алайда Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» 1918 жылы Ақмола совдепін ақтар басып алған соң, Атаман Анненковтың «Азап вагонына» айдалып бара жатқан жолда Бәкен Серікбаев өзінің жолдастарына:
«Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Аязынан Арқаның өлуге де таяумыз.
Беу, Самалтау, салқын самал жерім-ай,
Сағындым сені елім-ай,
Көрем бе тірі жерімді-ай», деп басындағы мұңын шағып хат жазған.
«Автор өзінің кіндік қаны тамған Қулы-Мұңлы тауын ғана әнге қоспай, бүкіл Сарыарқаның тауларын қысқаша «Самалтау» деп атаған», дейді көнекөз тарихшы қария, жаңаарқалық Жақсыбай Сүлейменов.
Енді әннің сөзінің мағынасына келсек, шығу тарихына тікелей байланысты екендігі көрінеді. Өлеңде Димаш пен Бекболат Тілеуханның айтуындағы әнде «Жасым бар қос мүшелде, жылым сиыр» және «Осынау әнге салдырған –
он алтының зары еді» деген жолдар бар. Сонымен, қос мүшелдегі жігіт – жиырма бестегі сақа жігіт емес пе? Ондай жігіт әскерге алынуына неге қайғырып, зарланады? Өзімнің анам Ақан Ілиясқызының да бұл әнді менің бала кезімде «Жасым бар он бестегі, жылым сиыр» деп айтқаны есімде қалыпты. Сонда 1916 жылы он бестегі жігіт – сиыр жылғы болып шығатыны анық. Сондықтан бұл ән әскерге жасы толмаған, әлі ата-анасының қасынан алысқа шықпаған, бұлғақтаған бозбаланың азапты жолда жабырқап шығарған әні екендігі айдан анық көрініп тұр.
Тағы бір дәлел келтірейін, 1978-1983 жылдары мен Жаңатас қалалық партия комитетінде қызмет істеп, Шәкіжан Мырзамбетов ағамызбен көрші тұрдым. Шәкіжан ағаның анасы керей Балайым Әбдірқызы сол уақытта жасы сексенге келіп қалса да реңі қайтпаған, өте көркем, дауысы да керемет кісі еді. Арқаның әндерін, әсіресе Сапалайдың әндерін төгілтіп айтатын. Сапалайдың «Екі айна», «Сәулем-ай», «Гүлдерайым», «Қос өрік», «Мұхида-Шайбан», «Самалтау» әндерін керемет нақышына келтіре шырқайтын. Сапалайдың атын тіке атамай, «Сары бала» деп ат қойған екен қайнысына. Балайым апамыз Сапекең жайлы көп әңгіме білуші еді. Дегенмен әбден шошып қалған. Ол кісінің атын тіпті өзі қойған атымен атауға да қорқатын. «Сары баланың жөні бөлек еді ғой, оның салған әндерін бүкіл ел айтушы еді. Кейін «халық жауы» болып ұсталған соң, оның атын да атауға, әндерін де айтуға тыйым салынды. Кейін әндерін әртістердің айтуынан естіп жүрдік. Бірақ «халық әні» деп аталатын. Мейлі ғой, марқұмның өзі жоқ болса да әндері халықтың жүрегінде қалды ғой», деп мұңаятын еді апамыз.
Айтпақшы, «Самалтау» әнінің шығу тарихы былай болыпты. Сапекең жас кезінен-ақ жүйрік жаратып, ел-елді аралап жүріп ән салып, серілік құрып жүргенде көрші тоқа елінің бір көркем қызымен көңіл жарастырыпты. Ол қыздың атастырылып, қалыңы беріліп қойған, яғни жігіті бар болып шығыпты. Әңгіме атастырылған жігіттің шонжар әкесінің құлағына жетіп, бозбала Сапалайды қаматып, Итжеккенге айдатпақшы болады. Әкесі Исатай ара түсіп жүріп, баласын соттатпаудың амалын қарастырады. Жасын өсіріп жазып, әскерге жібертіпті.
1916 жылы Ақпатшаның жарлығымен қазақ жігіттерін жастары толмағандарын үлкейтіп, жастары қырық үштен асып кеткендерді жасартып жазып, әскерге алдырып, окоп қаздыруға жіберілгендігін тарихтан білеміз. Сөйтіп амалдап, Сапалайды әскерге жіберіпті. Әскерге алынғанда оны Омбыға жаяу айдап апарған.
«Атты емеспіз – жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз.
Он бес күндей жүргенде,
Омбы жаққа таяумыз», деген сөздің өзінде жердің мөлшері Сарысу бойынан Омбыға дейінгі аралық екенін аңғаруға болады.
Кейбір жігіттердің айтуынша, «Самалтау Алтай жақта» дегендері мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені Алтайдан Омбыға дейінгі аралықты он бес күнде емес, жаяу жарты жыл жүріп өтер.
Жуырда «Жас Алаш» газетінде жарық көрген мақаланың бірінде «Самалтау – Қаратаудың бір сілемі, Шолақтау деген тау» деп тұжырымдалыпты. Рас, Шолақтау – самалы ескен, жазғы жайлауға ыңғайлы өте бір көрікті жер екені анық. Алайда өзіміз сол аймақта туып-өссек те Шолақтаудың ешқашан Самалтау аталғанын естімеппіз. Оның үстіне әннің шыққан уақыты 1916 жыл болатын болса, одан соң Қаратаудан жаяу шығып, Таластан өтіп, Бетпақдаладан ең төте жол «Жанайдың жалғыз аяғымен» жүрген күннің өзінде Жаңаарқаға, одан ары Омбыға жеткенше екі айдан кем емес уақыт кететіні даусыз. Оған қоса Сапалай 1930 жылы 25 мамырда атылып кеткен. Сондықтан Сапалайдың Қаратау бойына келмегендігі анық.
Осы тақырыпта жергілікті газетттердің бірінде жазылған тағы бір автордың мақаласында «Созақ көтерілісіне қатысқандарды Саудакент пен Жаңатастың арасындағы Итауызға жақын терең жыраға апарып атқан» деген мәлімет келтіреді. Демек, Сапалайдың атылған жері осы маңда деген деректі келтірген. Бұл да шындыққа жанаспайды.
«Самалтаудың» Сапалайдыкі екенін айғақтайтын тағы бір мынадай мысал бар. Ол Сапалайдың «Қос өрік» әнінің қайырмасындағы:
«Жан қалтамда – қос өрік,
Сәулем, саған мен серік.
Сен есіме түскенде,
Жүре алмаймын теңселіп», деген қайырмасының мақамы да, буын ырғағы да «Самалтаудыкімен» анық үйлесіп тұр. Сол сияқты «Мұхида-Шайбан» әні де осы «Самалтаумен» егіздің сыңарындай.
Осы ән жайлы әлеуметтік желіде қызу тартыс жүріп жатқан кезде белгілі өнертанушы профессор, композитор Ілия Жақанов ағамыздың пікірін сұрадым. Ол кісі бірден бұл әннің сөзсіз Арқаның әні екендігін, бірақ не Ақан серінің, не Біржан салдың, не Сегіз серінің, не Ыбырайдың, не Жаяу Мұсаның әндерінің ешқайсысына келмейтіндігін, олай болса бұл ән сол Сапалайдыкі екендігімен келісіп отыр. Сарысудан шыққан Сапалай, Мүсәйіп тәрізді теңдесі жоқ ірі таланттардың еңбектерін талмай іздеп, жарыққа шығарудың кезі келгендігін жеткізген еді.
Шындығында, өнертанушы Ілия ағамыздың талдауындағыдай, бұл әннің Арқаның әнші-серілерінің әндеріне келе қоймайтындығын, Сапалайдың әндерінде орыс әндерінің (частушка, романс) мақамдары байқалатындығын атап айтуға болады. Демек, Сапалайдың жас кезінде орыстардың арасында болғандығы, солардан орысша тіл үйреніп қана қоймай, қазақтың әндеріне орыстық мақамды енгізуінің өзі қазақ әндеріне қосқан ірі жаңашылдығы деуге де болар.
Ендігі айтарым – бұл әнді Димаштың тобындағы қобызшы Олжастың қобыз үнімен Ықылас бабамыздың «Қасқыр», «Аққу», «Қоңыр» сияқты күйлерінен үзінділер алып, интерпретациялауын Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің қобызшы-ғалым ұстазы Ақнар Шәріпбаева қарындасымыз: «Түп аталары бір қос өнерпаздың шығармаларындағы ұқсастықты, бір халықтың басынан өткен тарихты Димаштың қиюластырып үндестіре білуі –
өте тапқырлық деуге болады», дейді. Музыкалық номердегі арлан төбеттің қасқырлармен айқасуын қобыз тілімен беруі –
қазақ деген халықтың ежелден өркениеті дамыған Ұлы даланың Мәңгілік елі екендігін Димаш баламыз бүкіл дүниежүзіне паш етіп, әйгілеп берді. Америка мойындады, Қытай, Ресей мойындады, Англия, Франция елдері түгелімен бас иді!
Сондықтан әр қазақтың баласы осы Димаштай елінің атын әлемге өзінің өнерімен, білімімен, спорттағы шеберлігімен, ғылымдағы жаңашыл жетістігімен таңырқатса, «Әр қазақ – менің жалғызым!» деп еліміз үшін мақтануды мақсат тұтып отырған жайымыз бар. Осы орайда ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген даналық сөзі дәл бүгінгі заманда барлығымыздың бірігіп, ұстанатын ұранымыз болса екен деген пейілмен ойымды тұжырымдағым келеді.

Сатыбалды ДОСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.