Sport

Сан қырлы саңлақ

Written by Aray2005

Үлкен саясат сахнасында экономикалық терминдерден бөлек, «Спортшы Президент» деген түсінік бар. Бұл тізімге спортты жанына серік еткен мемлекет басшылары кіреді. Және оларды саясаттан бөлек, спорт байланыстырады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та өзгелерге өнеге көрсетіп келе жатқан тұлға. Мемлекет басшысы ел спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, өзі де саламатты өмір салтын ұстанады. Елбасы Украина елінде оқып жүрген студенттік шағынан күреспен айналысып, Днепродзержинск қаласында даңқты Лев Ежевскийдің қол астында жаттыққанын біреу білсе, біреу білмес.

Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Ежевскийдің естелігіне көз салсақ, Елбасының күреспен кәсіби түрде айналысқанын аңғарамыз.
«1958 жылы біздің Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеге Қазақстаннан бір топ жас жігіт оқуға келді. Бірде мен жаттығу өткізетін залға шымыр денелі, тығыншықтай жас жігіт келіп, «Мені күреске аласыз ба?» деп сұрады. «Аты-жөнің кім, бұрын күреспен айналыстың ба?» деп сұрағанымда, «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, күреске әкемнің үйреткені бар» деп жауап берді. «Олай болса шешін, көрейік» деп, залда жаттығып жүрген Коля Литошконы шақырып, «Мына жігітті байқайықшы, біраз жұлқылап көрші» деп күрестіріп жібердім. Сол-ақ екен, өзім үлкен үміт артып жүрген Литошкомды Нұрсұлтан шалт қимылымен шалып түсірді. Бәріміз үн-түнсіз қалдық. Содан бері Назарбаев нағыз балуандықты меңгере бастады. Коля екеуі дос болып та кетті. Жаттығуларда ерінбейтін, жеңіске деген жігері көрініп тұратын.
Нұрсұлтан Днепродзержинск қаласында өткізген екі жылында нағыз балуан болып қалып­тас­ты. Классикалық және еркін күреспен қатар айналыс-ты. Әттең, күрестің соңына түбегейлі түскенде үлкен жетістіктерге жететін қабілеті бар еді. Біраз жарыстарда ысылды. Ал, 1959 жылы бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы болды. Ол кезде мұндай жарыстың жеңімпаздарына спорт шебері атағы берілетін. Осылайша Назарбаев спорт шебері нормативін орындады. Ал, мен үшін тағы бір ерекше қуаныш – сол кездердегі шәкіртімнің Мемлекет басшысы, яғни Президент болғаны», – дейді естелігінде даңқты бапкер.
Міне, жаттықтырушылық өмірінде 25 спорт шеберін дайындаған Лев Ежевский өзінің қол астында шыныққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы осылайша тереңнен толғанып, оның күрес спортындағы келешегінен мол үміт күткенін айтады.
Жастарға биік белеске жету үшін қажыр-қайрат пен үлкен еңбек керектігін әрдайым еске салып жүретін Елбасының өзге спорт түрлеріне деген де қызығушылығы басым.
Атап айтсақ, Ұлт көшбасшысы теннисті жақсы ойнайды. Және үлкен кортта кәсіби спортшылардан кем қимыл жасамайды. Мемлекет басшысы елімізде денсаулыққа пайдалы теннис спортын дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Президент үлкен теннис корттарын көптеп салдырып ғана қоймай, 2014 жылы елімізге атақты испандық теннисші, «Үлкен дулыға» турнирінің 14 дүркін жеңімпазы, Пекин Олимпиадасының чемпионы Рафаэль Надальдің өзін арнайы шақыртып, жастарға шеберлік сабағын өткізуді ұсынған. Елбасының шақыртуын қуана қарсы алған Р.Надаль қасына тағы бір атақты теннисші Жо-Вильфрид Тсонганы қоса ертіп келіп, ел теннисшілеріне білгендерін үйретті. Сол жолы даңқты атлет Нұрсұлтан Әбішұлына өз ракеткасын сыйлаған еді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы теннис спортымен 40 жастан кейін айналыса бастағанын айтып, Надальға Қазақстан халқының құшағы әрдайым ашық екенін жеткізген-ді.
Теннистен бөлек, Президент тау шаңғысы спортын да жанына серік еткен. Шымбұлаққа жиі барып, сырғанау сүйікті хоббиларының бірі. Елбасы тауда шаңғыны алғаш рет 55 жасында тепкенін айтады. Бірақ, соған қарамастан тез үйреніп алған. Және елімізде барлық маусымға арналған тау шаңғысы курорттарын дамытуға тікелей ұйытқы болуда.
«Мен тау туризмін дамыту саласындағы әлемнің көрнекті мамандарының ұсыныстарын қарап шықтым. Қазірдің өзінде Шымбұлақ тау шаңғысы кешені мыңдаған қазақстандықтың саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Алматыда және облыстарда туризмді дамыту 100 мыңға жуық қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашпақ. Туризмді дамытуда тауларымызды ұтымды пайдалануымыз керек. Еуропаның көптеген елінде адамдар кішкентайынан спорттың қысқы түрімен айналысады. Тау шаңғысы курортына баратын туристер жылы және теңізі бар елдерге демалуға баратындарға қарағанда 6 есе көп кіріс әкеледі. Егер біз осы бағыттағы туристік кластерді дамытатын болсақ, онда мыңдаған жұмыс орнын ашып қана қоймай, көп мөлшерде табиғат қорғау саласына инвестицияны тартатын боламыз», – деп Елбасы тау шаңғысы спортының ел экономикасына тигізер пайдасына да тоқталды.
Ағылшындар елінде ақсүйектер ойыны саналатын гольфқа да Президенттің ықыласы ерек. ТМД аумағында бұл спорт түрі аса қарқынды дамымаса да, Елбасының бастамасымен Бурабайда гольф клубы ашылғаннан кейін қазақстандықтардың ақсүйектер ойынына қызығушылығы арта түсті. Және алдыңғы жылы Астана кубогы үшін гольфтен ашық чемпионат ұйымдастырылып, оған Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы қатысты.
Ежелден жылқының жалында өскен қазақтың ат спортына құмартпауы мүмкін емес. Бала кезден атқа мінгенді ұнататын Нұрсұлтан Әбішұлының көкпар тартып, ат құлағында ойнайтыны да бар. Тіпті, өңірлерге шыққан іссапарларында бір мезгіл Қамбарата төлін тізгіндеп, серуендейтінін жұрт жақсы біледі. Бұл қазақы қандағы қасиеттің белгісі. Мұны Елбасымыз күні кеше жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да кеңінен түсіндіріп берген болатын.
Айта кету керек, Президент елімізде ат спортынан өтіп жататын халықаралық додаларға уақыт тауып, арнайы барады. Және «Президент кубогы» сарапқа салынған талай айтулы аламандарға қатысып, тамашалады да. Оған қоса, «Мұндай халықаралық жарыс Қазақстанда ат спортын дамытуға қуатты серпін береді. Осындай турнирлердің арқасында біздің еліміз әлемдік ат спорты орталығының біріне айналып отыр», – деп бағасын бергені тағы бар.
Әлемде нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболға да Елбасы үнемі қамқорлығын көрсетіп отырады. Ұлт көшбасшысы Қазақстан футбол федерациясының Құрметті президенті. Бірнеше рет ұлттық құраманың ойындарын трибунадан тамашалаған. Сондай-ақ, Қазақстан кубогы мен суперкубоктың финалдарында жеңімпаз команданы өзі марапаттаған кезі де болды.
Иә, Елбасы спорт саласын дамытуға қолдау көрсетіп қана қоймай, өзі де саламатты өмір салтын ұстануымен көпке үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Жоғарыда аталған спорт түрлерінен бөлек, Мемлекет басшысының суда жақсы жүзетін қабілеті де бар. Бұл, сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлын нағыз «Спортшы Президент» деп атауға тұратын тұлға екенін айғақтап тұр.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР