Жамбыл жаңалықтары

Сан сауалға – нақты жауап

Written by Aray2005

Мәңгілік ел болуды мақсат тұтып, бәсекеге барынша қабілетті озық отыз елдің қатарына кіруге қадам басқан еліміз 2018 жылды табыс пен нәтижеге толы жетістігімен қорытындылағалы отыр. Бұл уақыт аралығында Елбасының тікелей тапсырмасымен, мол мүмкіндіктерді ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламалардың аясында Әулиеата жерінде де әлеуметтің әлеуетін һәм экономиканың еңсесін көтеруге бағытталған еселі еңбек пен ел игілігі үшін атқарылған шаруа аз емес. Ал алдағы жоспарлар да атан түйеге жүк боларлықтай.

Ортақ мүддеге орайластырылған осындай ілкімді істер «Jambyl» телеарнасының тікелей эфирінде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен «Әкім сағаты» арнайы хабарында бір жарым сағаттан астам уақыт бойы сөз болды. Анығы аймақ тұрғындары Асқар Мырзахметовке өздерін мазалаған сұрақтарын қойды, өз кезегінде оларға облыс әкімі толыққанды жауабын берді.
Әрине, эфир барысында тікелей телефон байланысы мен әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен сұрақтар мен түйткілді мәселелердің бәріне бірдей жауап беру физикалық тұрғыдан мүмкін болмады. Сондықтан эфирге сыймаған сұрақтар мен көтерілген мәселелерге жергілікті басылымдар арқылы тиісті жауаптар берілмек. Жамбылдықтардың көбі аймақ басшысына жер кезегі, елді мекендерді газдандыру, ауыз су тарту, жол салу, көшелерге жарық жүргізу сынды сұрақтармен қайырылды.
Сәйкесінше, арнайы хабар барысында облыс әкімі мал ұрлығын азайтып, шағын ауыл­дарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру төңірегіндегі түйткілдердің түйінін тарқатып, өңір тұрғындарын кәсіпкерлік пен іскерлікте белсенді болуға шақырды. Атқарылған шаруадан атқарылатын істің көп екенін баса айтқан аймақ басшысы облыс жұртшылығын келе жатқан жаңа 2019 жылмен құттықтады.

Телефонмен түскен сұрақтар

Жанарқан ЖАЙЛАУБЕКОВ, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тұрғыны
Сұрақ: Құрметті Асқар Исабекұлы. Облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм ауылы тұрғындарының бірден-бір өзекті мәселесі – Радай өзені көпірінің құрылысы болып отыр. Аталмыш нысан бүгінде құлауға шақ тұр. Осы көпір төңірегіндегі түйткіл қашан шешімін табар екен?
Жауап: Жергілікті бюджеттен бөлінген 9,072 миллион теңгеге Радай өзеніндегі көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, ол бойынша құрылыс жұмыстарының құны 925,7 миллион теңгені құраған. Алайда жобалау құны шамадан тыс қымбат болуына байланысты, қазіргі уақытта сметалық құнын қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Тұрар БАЙҰЗАҚОВ,
Меркі ауданы, Меркі ауылының тұрғыны
Сұрақ: Бүгінде меркіліктер аудан орталығындағы базарға кіріп, қайта шыға алмайтын күйге түсіп жүр. Себебі базарға кіретін көше тар әрі лас. Бұл мәселені аудан әкімінің шешемін дегеніне екі жыл болды. Алайда әлі нақты жұмыс жоқ…
Жауап: Меркі ауданының орталығында орналасқан базарды көшіру бойынша ауданның бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілді. Бас жоспарға сай Меркі ауылдық округі аумағынан 10 гектарға жуық жер телімі анықталып, қазіргі таңда тиісті жұмыстары қолға алынуда.
Бүгінгі күні Меркі ауылындағы Н.Торғаев көшесінде орналасқан орталық базарға транспорт және жаяу жүргіншілерге кіріп-шығуларына ыңғайлы болу үшін арнайы жолаушылар жолағы жасалынған. Сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін бір бағытта көлік қатынайтын арнайы белгі қойылған.
Базарды ыңғайлы және халыққа қолайлы жерге көшіргенге дейін аудандық полиция бөлімімен және аудандық кірістер басқармасымен бірлескен іс-шара жоспары бекітіліп, аудандық жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе көлік кептелісін болдырмау және көше бойындағы жабайы саудаға жол бермеу бойынша жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Базар сыртындағы жаяу жүргіншілерге тазалықты сақтау мақсатында қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылып, орталық базарға тұрғындардың кіріп-шығуы реттелген.

Марат МАЛБАҒАРОВ,
Шу ауданы, Шу қаласының тұрғыны.
Сұрақ: Облысымызда «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылып жатқаны белгілі. Осы өндіріс орындарына жұмысшыларды қабылдау қашан жүргізілмек?
Жауап: Бүгінгі күні «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында тіркелген 6 қатысушы 7 жоба
бойынша жұмыстар жүргізуде. Аталған жобалар аяқталғаннан кейін салынған зауыттарда шамамен 2000-ға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыттарға жұмысқа орналасу үшін жұмыссыз азамат аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында «Жұмыс іздеуші» ретінде тіркелген жағдайда, ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 13-бабы 2-тармағына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдау арқылы, оны бос орындар шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы лайықты жұмыстың бар екендігі туралы хабардар ете отырып, өтеусіз негізде оған жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және кәсіптік оқыту бойынша қызметтер көрсетеді.
ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28-бабы 2-тармағына сәйкес, жұмыс беруші бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) бар екендігі туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде немесе «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет-ресурсы арқылы жiберуге міндетті.
Яғни, шулықтар жұмыспен қамту орталығына тіркелгеннен кейін «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында өндіріс орындары тарапынан бос жұмыс орындары жөнінде жұмыспен қамту орталығына сұраныстар түскен жағдайда жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар.

Берік АБДРЕШЕВ,
Шу ауданының тұрғыны
Сұрақ: Мен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінің басшысы Малик Жексенбиевтің атына жұмысқа орналасуға тиісті құжаттарды тапсырдым. Алайда мекеме басшысы не себепті мені жұмысқа қабылдамағаны туралы ақпарат бермей отыр.
Жауап: «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекеме басшысы Шу ауданының тұрғыны Берік Абдрешевтен жұмысқа орналасу жөнінде өтініш түспегенін хабарлайды.

«Instagram» желісінен түскен сұрақтар

aidospro – Мақпал СЫЗДЫҚОВА (Тараз қаласы)
Сұрақ: «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста пәтер беріле ме?
Жауап: Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында арендалық-ипотекалық жолмен «Арай-2»
ықшамауданынан пәтерлер беріліп жатыр. Осыған байланысты егер аталған бағдарлама аясында пәтер алуға ниет білдірген болсаңыз, бағдарламаның тәртібін білу үшін Тараз қаласы, Қойгелді көшесі, 173-үйде орналасқан орталықтандырылған штабқа келуіңіз қажет екендігін хабарлаймын.
Қазақсатан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Комитетінің хатына сәйкес, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының қайта бекітілуіне орай, тұрғын үйлерді жергілікті атқарушы органдар арқылы басқа азаматтарға іске асыруға және өтініш берушінің жеке қаржысы есебінен немесе «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатып алу мүмкіндіктері қарастырылуына байланысты, әкімдік пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арасындағы жасалған кредиттік тұрғын үйді өткізу шарттары мен өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін келісімге өзгерістер, яғни, алғашқы 20 пайыздық жарнаның 10 пайызына субсидия түрінде мемлекет тарапынан көмек берілу жөнінде мәселе қарастырылуда.

ibrgauhar – Гаухар Ибраимова (Шу ауданы)
Сұрақ: Шу ауданы, Төле би ауылының Қылышбай көшесінде жарық жоқ. Осы мәселе қашан шешімін табар екен?
Жауап: Төле би ауылының Қылышбай көшесіне жарықтандыру жұмыстары 2019 жылдың жоспарында жоқ екендігін хабарлаймыз. Төле би ауылы Қылышбай көшесіне жарықтандыру жұмыстары Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне сәйкес, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері бекітіледі. Төле би ауылы Қылышбай көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу Төле би ауылы әкімі аппаратының бюджеті есебінен жүргізілетіндігін мәлімдейміз.

golden_boy.08 (Тараз қаласы)
Сұрақ: Асқар Исабекұлы, бүгінде Тараз қаласы күн санап өркендеп, аумағы үлкеюде. Қаламыз тағы да кеңейе ме?
Жауап: Тараз қаласының Бас жоспары 2010 жылдың 22 ақпанында ҚР Премьер-Министрінің №104 қаулысымен бекітілді. Бас жоспарға өзгерістер енгізілмейінше, Тараз қаласының шекарасы әзірге кеңейтілмейді.

bekbaev.08. Гүлжаухар Сатенова (Тараз қаласы)
Сұрақ: Жаңатас қаласында 2012 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. Алайда баспанаға әлі қол жеткізе алмай келемін. Осыған қол ұшыңызды беруіңізді сұранамын.
Жауап: Құрметті Гүлжаухар Сатенова, сіз бүгінгі таңда Жаңатас қаласында тұрғын үй кезегінің ІІ тізімінде толық емес отбасы санатында 53-болып тұрсыз. Сіздің алдыңыздағы тұрғын үй кезегінде тұрған 52 азамат 30.04.2007 жылдан бастап өз кезегін күтуде. Пәтер алу кезегі келгенде Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, пәтер отбасы мүшелеріне сай есептеліп берілетін болады.

rita_88_alibekovna_88 (Тараз қаласы)
Сұрақ: Тараз қаласындағы Сыпатай батыр және Абай көшелерінің қиылысындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Осы мәселені шешу жолы бар ма?
Жауап: 2019 жылы аталған көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

n.beksultanov (Тараз қаласы)
Сұрақ: Қала аялдамаларындағы, әсіресе, орталықтағы аялдама баспалдақтары дұрыс жасалмаған. Адам өміріне қауіпті. Осы мәселені назарға алсаңыз.
Жауап: Бұл мәселе бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

fff_02.02.03 – Данат Нарбеков (Шу ауданы)
Сұрақ: Шу ауданы, Төле би ауылындағы Қ.Рысқұлбеков көшесінің жарықтандыру мәселесі қашан шешілер екен? Балаларымыздың мектептен қайтуы қиындап кетті.
Жауап: Төле би ауылы Қ.Рысқұлбеков көшесіне жарықтандыру жүргізу жұмыстары 2019 жылдың жоспарында жоқ.
Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне сәйкес, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері бекітіледі, атқарылады және олар дербес бюджеттер болып табылады. Яғни, Төле би ауылы Қ.Рысқұлбеков көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу Төле би әкімі аппаратының бюджеті есебінен жүргізілетіндігін мәлімдейміз.

«Facebook» желісінен
түскен сұрақтар

Куаныш ТЛЕШЕВ (Жамбыл ауданы)
Сұрақ: Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылына қашан көгілдір отын тартылады?
Жауап: «Жамбыл жылу» мекемесі арқылы мемлекет қаражаты есебінен ауылішілік газ желісі тартылған көшелердегі үйлерге 82 мың теңгеден газ желісіне қосу жұмыстарын жандандыру үшін ауыл әкімдігі тарапынан ұйымдастыру шаралары жүргізілген. Алайда «Жамбыл жылу» мекемесіне «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінен газ желісін тартуға техникалық шарт алған ауыл тұрғындары тамыз айында «Жамбыл жылу» мекемесіне барған кездерінде, мекеме басшылығы газ желісін жүргізу жұмыстары тоқтап қалғандығын жеткізген. Бұл жұмысты жалғастыру бойынша мекемелерден ресми жауап алу жұмыстары жүргізілуде.

Samal Kojabekova (Жамбыл ауданы)
Сұрақ: Жуырда Жамбыл ауданының Аса ауылында болған мұнай өнімдері зауытындағы жарылыстың салдары жайлы айтқым келеді. Қазір сол орыннан будақтаған түтін ауылды тұншықтыруда. Осы мәселені назарға алсаңыз.
Жауап: Аталған мәселенің туындауына 2018 жылдың 20 желтоқсаны күні сағат 8.15-8.20 шамасында Аса ауылындағы «Амангелді газ өңдеу зауыты» мұнай өңдеу кешеніндегі Т-1 мұнай жылыту пешіндегі жарылыс себеп болған.
Жарылыс пеш қондырғысындағы тоқтатқыш клапанының істен шығуынан орын алып отыр. Бүгінгі күні зауытты қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Рабига Турапбай (Тараз қаласы)
Сұрақ: Тараз қаласы, Әйтеке би көшесіндегі 2-үйдің шатыры бірнеше жыл бұрын модернизация аясында жөндеуден өткізілген. Құрылыс барысына да, оны актілеп қабылдауда да үй тұрғындары қатыстырылған жоқ. Кейіннен анықталғандай, бірнеше тұрғынның сыртынан өтірік қолдарын қойып акт жасалыпты. Ерекше назар аударатын жайт, тұрғындармен болған жиналыста айтылған сомадан актідегі сома бірнеше есе артып,
10 миллион теңгедей болған. Сол себепті қазір тұрғындар төлем жасамай отыр. Осыған қарамастан «Тұрғын үй жөндеу Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оларды сотқа шақыруда. Осының заңдылығын анықтауға көмектесуіңізді сұранамыз.
Жауап: Тараз қаласы, Әйтеке би көшесінің №2 тұрғын үйі 2011 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту пилоттық бағдарламасы бойынша ағымдағы жөңдеуден өткен.
Бірнеше мәрте жүргізілген сот-құрылыс сараптамасының нәтижесінде атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі расталды.

Асылбек Серікбаев (Тараз қаласы)
Сұрақ: Мен Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының жүргізушісімін. Осы ұжымның жүргізушілерінің атынан біздің мекемеміздегі санитарлық автокөліктердің техникалық жағдайы өте нашар күйде және қоймадағы қосымша бөлшектер жетіспейтінін айтқым келеді. Моторист, слесарь мамандарының жоқтығынан автокөліктерді өз қолымызбен жөндейміз. Жақында облысқа бөлінген санитарлық автокөліктен қалаға төрт данасы ғана тиді, қалғаны аудандарға бөлінді. Жалақымыз өте төмен. Айына 7 тәулік жұмыс істейміз. Оның да бір тәулігін басқа жүргізушілерге сағат жетпей жатыр деп алып тастайды. 6-7 тәулікке айына 60 000-70 000 теңгедей жалақы аламыз. Осы мәселелердің түйінін тарқатуға көмек берсеңіз.
Жауап: Тараз қалалық жедел жәрдем стансасында 2006 жылдан бастап жұмыс істейді екенсіз. Бірнеше жыл еңбек етуіңізге байланысты 2013 жылы жаңа «Iveco» автокөлігіне бекітіліпсіз. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 автокөлік бар, оның ішінде 34 автокөліктің толығымен 100 пайыз тозығы жеткен. Автокөліктердің жетіспеушілігінен аталған 34 автокөліктің барлығы қолданыста. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына 2019 жылға 34 автокөлікке тапсырыс берілді. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының құрамына аудандық ауруханалардың құрамындағы жедел жәрдем бригадалары біріктірілген. Нәтижесінде аудандарға берілген көліктердің тозығы жетуіне байланысты 2018 жылы берілген 27 автокөліктің 23 данасы аудандарға жөнелтілді. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 29 779,1 мың теңгеге автокөлікке қажетті бөлшектер сатып алынды.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни, 28 мыңнан 42 500 теңгеге дейін өсірілетіндігі туралы берген тапсырмасы бойынша, Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері В.Балкибекова қызметкерлермен өткен жалпы жиналыста түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Жүргізушілердің функционалдық қызметтік міндеттерінде өздеріне бекітілген автокөліктер бұзылған жағдайда жөндеуге және айына бір мәрте автокөліктердің бұзылуына жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарын жүргізуге міндеттелген.
Сізге бекітілген мемлекеттік номері 840 АК 08 «Iveco» автокөлігіне 2018 жылдың 5 ақпанынан жалпы сомасы 493 620 теңгеге автокөлік бөлшектерін алған. Атап айтқанда: мотор майы – 32 литр, авто доңғалақ – 6 дана, аккумулятор – 2 дана, стартер, тосол, есіктердің тұтқасы, крестовина, рульдік тарту ұштығы (рулевые наконечники), тежегіш қалыптары (тормозные колодки), ремень және тағы басқа бөлшектер.
Кәсіпорында моторист қызметкердің 22 шілдеде жұмыстан кетуіне байланысты қазіргі таңда моторист маманы орны бос, enbek.kz порталына бірнеше мәрте тапсырыс берілген. Алайда мамандардың жетіспеушілігі байқалуда.

Айта кетсек, бағдарлама барысында облыс әкіміне «Jambyl»телеарнасының әлеуметтік парақшасы мен әлеуметтік желілер арқылы 500 ден астам сауал келіп түскен болатын. Олардың басым көпшілігі жоғарыда атап өткеніміздей жер кезегі, газдандыру, ауызсу, тұрғын үймен қамту сынды әлеуметтік мәселелер болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР