Қоғам

Санақ келе жатыр, санақ…

Written by Aray2005

Өңір тұрғындарының саны қанша?

Тәуелсіздік алғанымызға биыл 29 жыл толады. Сол кездегі облыс тұрғындары мен қазіргі халық санын салыстыра сөйлесек, едәуір айырмашылық бар екені анық. Себебі кезінде облысымызға түрлі жағдаймен қоныстанған өзге ұлт өкілдері Кеңес одағы ыдырағаннан кейін өздерінің тарихи отанына оралуы себебінен өңірде халық саны күрт азайғаны белгілі.

Бір айта кетерлігі, 2011 жылы облыс тұрғындарының саны 1 миллион 43 мың 600 адамға жеткен екен. Одан бергі тоғыз жылдың ішінде жамбылдықтар саны 86 мың 350 адамға өскен. Ал бұрнағы жылғы желтоқсан айында өңірдің тұрғындар саны 1 миллион 124 мың 559-ға жеткендігі туралы мәлімет бар. Өткен жылдың 1 желтоқсанында өңірдегі халық саны 1 миллион 129 мың 950 адамды құрады. Сонда қарапайым есепке иек артсақ, аймақтағы тұрғындар санының бір жылда 5 мың адамға ғана көбеюі облыс тұрғындарының табиғи өсімі тым баяу жүріп жатқанын көрсетеді.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратов отбасын құрған адамдардан ажырасып кеткендердің, қаншама нәресте өмірге келіп жатқанымен, жасы келіп өмірден озғандарды айтпағанда, жаңа туған нәрестелердің шетінеуі, оқыс жағдайда қаза табуы, адамның өз-өзіне қол жұмсауы, облысқа көшіп келгендердің санынан, өзге өңірге немесе шетелге көшіп кеткендердің көп болуы жергілікті халық санының баяу өсуіне себеп болып отырғанын айтады.
Баршаға белгілі, биыл елімізде халық санағы өткізіледі. Бұл тұрғыда көптің көкейінде сауал көп. Санақ қалай өткізіледі? Қандай өзгерістер бар? Біз де осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысып көрдік.
Негізінен халық санағының басты миссиясы мемлекетіміздегі халық санын нақтылау ғана емес, белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша елдің демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректеріне қатысты мәліметтер жинау. Сонымен қоса бұл адамдардың қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының, отбасылардың саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы соңғы 10 жылдағы өзгерістердің нақтылануы.
Жалпы халық санағы бұған дейін елімізде әр он жыл сайын өтіп келген еді. Соңғы мәрте жалпыхалықтық санақ 2009 жылы жүргізілгені есте. Десе де осы жолғы халық санағы Бүкіл Дүниежүзілік халық санағы бағдарламасының, БҰҰ 2020 жылғы раундтық тұрғынүй қорының ұсынымын және 2016 жылғы 16 қыркүйекте Бішкек қаласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшыларының кеңесінің шешімі ескеріле отырып өткізілмек. Дәлірек айтқанда ТМД мемлекеттері арасында 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазан аралығында кезекті халық санағын өткізу туралы шешім қабылданған еді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысына сәйкес, халық санағын өткізу мерзімі биылғы жылдың 1-30 қазан аралығына белгіленген болатын.
Бүгінде Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағына дайындық жасау, оны өткізуді ұйымдастыру және әдістемелік мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев үстіміздегі жылы халық және тұрғын үй қоры санағын жүргізу БҰҰ еуропалық статистиктер конференциясының ұсынымдарына сәйкес жүргізілетінін айтады.
– Санақ нәтижелері үй шаруашылық­тарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет. Биыл санақ екі әдіспен, яғни заманауи ақпараттық технологияларды, атап айтқанда интернет желісін және портативті-есептеу құрылғыларын (планшеттерді) пайдалану арқылы өткізіледі. Осы істе жаңа IT-технологияларды пайдалану елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Интернет арқылы сұрау салу кезінде азаматтар өз бетінше өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне электрондық санақ парақтарын мамандандырылған сайтта толтыра алады. Екінші әдіс санақ персоналы тарапынан қалған азаматтарды жаппай аралап шығып мәліметтерді жинау арқылы жүзеге асырылады. Жинаған ақпаратын санақ персоналы планшеттер арқылы электрондық санақ парақтарына енгізеді. Интернет арқылы сұрау салу санағы 1-15 күн аралығында жүргізіледі. Ол үшін тұрғындар компьютер немесе ұялы телефонды пайдалана отырып, мобилдік қосымша арқылы www.sanaq.gov.kz веб-сайтына кіруі тиіс. Осылайша адамдар үйдегі отбасы мүшелерінің санын, аты-жөнін тіркейді. Респондентті тіркеу ЖСН, куәлік нөмірі, мобильдік телефон нөмірі, электрондық пошта, код және растау паролін енгізу арқылы іске асырылады. Телефон нөмірін енгізгеннен кейін респондент мобильдік телефонның көрсетілген нөмірі немесе электрондық поштасы арқылы растау кодымен SMS-хабар алады, – дейді Сырым Өскенбайұлы. Аталған жүйе тәулік бойы жұмыс істейді екен.
Респонденттерге бланкті толтыруды тоқтата тұру, ыңғайлы уақытта жалғастыру мүмкіндігі де қарастырылыпты. Олар зерттеуге қашан қатысатынын өзі шешетін көрінеді. Ал сұқбат берушілердің көңіл-күйінің болмауынан немесе жекелеген адамдарды жақтырмау секілді жайттардан туындаған деректер ескеріліп, олардың жеке әсері жойылады екен. Ұлттық халық санағы 2 кезеңнен тұратын болғандықтан, оның бірінші кезеңінде (2020 жылғы 1-30 маусым аралығында) санақтық аудандастыру жүргізіледі. Яғни, халықтың санын нақтылау бойынша тұрғын үйлер және тұрғын емес ғимараттарды аралау көзделген. Алынған ауылдық елді мекендердің, тұрғын үйлердің, ғимараттардың және тұрғын емес ғимараттардың өзектендірілген электрондық тізімінің және нақтыланған аудандар карталарының, ауылдық жерлердің сызбанұсқалық жоспарларының және мекемелер тізімінің негізінде санақтық аудандастыру жүргізіледі.
– Бұрынғы санақтан мұның өзгешелігі бұрын қағаз бланкілер қолданылса, осы жолы бұл іс электронды түрде жүзеге асырылады. Алдымен халық арасында санақ жүргізу ісіне көмектескісі келген белсенділер үшін хабарландыру беріледі. Олардың бұл істі жүзеге асыруға қабілетінің жететіні, қандай адам екені, талап үдесіне шыға алуы жіті тексеріліп, сосын барып оларға таңдау жасалады. Бұдан бөлек биыл Еріктілер жылы болғандықтан, елдік істе волонтерлардың да күшін пайдалансақ деген жоспар бар. Бұл тұрғыда «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты мүшелері қол ұшын созады деп білеміз. Респонденттерді қоспағанда санақ жүргізуге ат салысқан сұхбаткерлерге, бақылаушы мен нұсқаушыларға белгілі бір мөлшерде ақы төленеді. Санақ жүктемесінің орташа бекітілген мөлшеріне сәйкес (833 адам) нұсқаушылар және санақ телімдері қалыптастырылады. Ұлттық санақтың екінші кезеңінде (2020 жылғы 1-30 қазан аралығында) негізгі халық санағы өткізіледі, ол өз кезегінде интернет-сауалнама және жаппай сауалнама болып жіктеледі, – дейді С.Мәдиев.
Екінші кезеңде (санақшылармен) интервьюрлер арқылы планшетпен жаппай үйме-үй, елді мекендерді аралай отырып, онлайн және оффлайн режимдерінде деректерді жинау ісі басталмақ. Оның ішінде интернет-сұраудан өткендерді респондент хабардар еткен кезде, тексеру жүргізіледі және барлық тұрғындар (тұрақты немесе уақытша, сонымен бірге ҚР басқа азаматтары) сұраудан өткен-өтпегені нақтыланады. Егер респонденттер онлайн режимінде халық санағынан өтпесе, онда интервьюрлер оларды санаққа алады. Бұл жиналған мәліметтердің растығына халықты аралап жүріп көз жеткізу үшін қажет екен. Әрбір үй-жайда нақты тұратын респонденттер, оның ішінде уақытша болмағандар және тұрақты тұратын жері бойынша олар туралы мәліметті ешкім бере алмайтын болса уақытша тұратындар, уақытша жүргендер қоса санаққа алынады екен.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР