"Заң және біз"

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Written by Aray2005

Ашықтық пен әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру – қазіргі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлауалды бағдарламасында бұл салаға ерекше тоқталды. Сондай-ақ ел Президенті 10 маңызды бағыттың бірін «Сыбайлас жемқорлықты жою» деп атап өтті. Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қаншалықты нәтиже көрсетті? Мысал келтіретін болсақ, жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс тіркелсе, мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Оның ішінде Жамбыл облысында өткен жылдармен салыстырғанда жемқорлық көрсеткіші жоғары болып тұр.

Өңірде жемқорлықпен күресу бағытында түрлі бастамалар бар. Бұл бағыттағы жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Парасаттылық пен адалдық ұғымын насихаттауда департамент тарапынан түрлі жұмыстар атқарылуда. Ертеңгі болашақ – бүгінгі жастар десек, олардың санасына адалдық пен парасаттылық негіздерін сіңіру – басты қажеттілік. Осыған байланысты Тараз қаласындағы білім ошақтарында еркін форматта кездесулер ұйымдастырылуда. Сондай шараның бірі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде өтті. Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев студент жастармен жоғары және арнаулы орта оқу орындарында енгізіліп жатқан «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің мақсат-міндеттерін түсіндіріп, жастармен еркін пікір алмасты. Кездесуге оқу ордасының профессор-оқытушылары мен 200-ден астам студент қатысты.
– Мұндағы мақсат – білім беру жүйесіндегі қызметтің айқындығын арттыра отырып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою арқылы бұл салаға деген азаматтардың сенімін қалыптастыру. Оқу орындарының жатақханаларында бөлме беру жұмыстары қадағаланып, тиісті шаралар қабылдануда. Мәселен, өткен жылы жатақханада 84 бөгде адамның тұрғандығы анықталған болатын. Сол себепті білім ошақтарындағы кездесетін мұндай проблемаларды бірлесе отырып шешуіміз керек, – деді Равиль Қуанышбайұлы. Сонымен қатар департамент басшылығы Тараз сервис және технология, Жамбыл медициналық, Жамбыл инновациялық, Тараз теміржол көлік және коммуникация колледждерінің жастарымен де кездесіп, парасаттылық пен адалдық негіздеріне тоқталды.
Қазіргі таңда білім ордаларында «Саналы ұрпақ» клубтары бар. Ондағы жастар да осы бағытта өз алдына міндет қойып, жұмыс жүргізуде. Ал бастамалар мен бағыттар «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің мақсатымен ұштасады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз қызметі

ПІКІР