Жеңіс-75

Саңлақ сарбаз

Written by Aray2005

Сол күні 1941 жылдың жазғы таңы тамылжып атқан еді. Таудың ортасындағы жаздың жасыл көрпесін жамылып, таң алдындағы тынық ауасымен тыныстаған қаннен қаперсіз оймақтай Шарбақты ауылы бұйығы ұйқысынан ояна қойған жоқ болатын. Бір сәтте сатырлаған ат тұяғының дыбысынан бүкіл ауыл дүр сілкінді. Үй шаруасының, балалардың қамымен қанша шаршаса да, өткен түнде көз іле алмай, әлденеге мазасызданған Ырысты ана атты кісінің өз шарбағының алдына келіп тоқтағанын сезіп, үйден атып шықты. Ауыл пошташысы атын тебіне жақындап, қара танымайтын кейуананың қолына бір жапырақ қағазды ұстата берді. «Пәбеске» екен. Ана жүрегі қарс айырылды. Осы жазда ғана орта мектепті тамамдаған ұлы Қайын топ бозбалалармен тізе қосып, 1941 жылдың 25 маусымы күні көппен бірге майданға аттанып кете барды.

Соғыс түгілі, әскери тәртіпке дағдыланбаған өрімдей жастарды тиеген эшалон Белорусь аумағына жетеді. Оларды Козельки қаласында үш ай алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. Олардың қатарында Қайын Керденов те бар еді.
Жас жауынгер Смоленск майданының 13-дивизиясының 72-полкі құрамында алғаш рет фашистермен бетпе-бет ұрысқа қатысады.
«Бұл басқыншы жаудың ең бір басым түсіп жатқан уақыты, жер мен көк астаң-кестең. Құлақ түбінен оқ зулап ұшып жатыр. Біздің полк те қарсыласып, жан беріп, жан алысып жатырмыз. Бір кезде зұлмат жаудың бомбалаушы ұшағы төбемізден қайта-қайта айналып жүріп, бомбалай бастады. Бомба бір кезде жақын жерден жарылды. Аспан айналып жерге түскендей болды. Топырақ астына көміліп қалыппын. Есімді жисам, қасымдағы қарулас досым мерт болыпты. Екі жақ та қатты қырылған. Контузия алған мен майор Березовскийдің госпиталіне түстім. Емделіп шыққан соң, қайтадан өзімнің 72-полкіме келіп қосылдым», – деген еді алыс қалған күндерді қамыға еске алған қарт майдангер. Осылайша соғыс өртін алғаш көрген жас қазақ жауынгері Қайын Керденов кеңестік армияның қалың сарбаздарымен қатар кеудесін оққа тосып, мұз жастанып, қар төсене жүріп, жаумен арпалысып, жігерін жанып, соғыс жағдайына шыңдала береді. Белорусь, Украина, Румыния, Чехословакия, Польшаның қалалары мен деревняларын азат етуде небір қиын-қыстау жорықтарды кешеді. Терең өзендерді малтып өтіп, тартпа батпақтардан асып өтіп, түн баласы көз ілмей, қараңғы ормандарда жападан жалғыз күзетте де тұрады. Жаудан «тіл» әкелуге де қатысады. Дивизия қоршауда қалған күндерде аштыққа да төзеді. Ақыры, шабуылға шығып, қоршауды бұзып, жауды тықсырады. Сөйтіп саңлақ жауынгер Қайын Керденов айбынды 72-полк құрамында неміс фашистерімен өршелене шайқасып, оларды өз ұясында талқандайды. Ал көптен күткен Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алады. «Фашистер аяусыз қырған, зорлық-зомбылық көрген шет ел тұрғындары азат етуші бізді көргенде ерекше қуанып қарсы алатын еді», – деген еді майдангер. Бірақ соғыста қанаты қатайып есейген сарбаз елге тек 1946 жылы оралады. Соғыстан оралған соң әкесін көргенімен, аяулы анасын қайтып көре алмайды.
Елге оралысымен әуелде сырттай КазПИ-ге (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) түскен ол, кейін С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) ауысып, оның күндізгі бөлімін «Тарих» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Елге келген соң Ақтас орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Бірте-бірте педагогикалық тәжірибесін жетілдіре түсіп, оқу ісі меңгерушісі міндетін атқарады. Ал 1953-1959 жылдар аралығында аталмыш мектептің директоры қызметінде болады. 1959 жылы Қордай ауданының орталығына келіп, Абай орта мектебі интернатының меңгерушісі болып тағайындалады. Майдан өтінде шыңдалып, шираған тәлімгер ұстаз бейбіт өмірде де қоғам тынысына бел шеше араласады.
«Мен интернатты қабылдап алғанда 37 оқушы бар екен. Кейін оқушылар саны 150-200-ге дейін жетті. Ер мен қыз балалар үшін жатақхана, асхана салдық. Бұрын орталықтан шеттеу Крупская колхозының клубында жатады екен. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырыстық. Шәкірттеріміз әр салада қызмет етеді, қазір олардың көбі зейнеткер де болар. Көрген жерде «ұстаз» деп иіліп тұрады. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ғой», – деп майдангердің ой түйгені бар.
Иә, бұл 98 жасқа келіп, 2019 жылы дүниеден озған ардақты ардагер, бір ғана мектептің емес елеулі еңбегімен, қоғамшыл ісімен елдің ұстазына айналған Қайын ақсақалдың осыдан бір-екі жыл бұрын Жеңіс тойында кездескен сәтімізде айтқан әңгімесі еді. Мектеп-интернат меңгерушісі болып 23 жыл еңбек еткен ұстаздың еңбегі еленбей қалған жоқ. «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленеді, екі рет ҚазССР Оқу министрінің грамотасымен марапатталады. Әлеумет өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге белсене араласатын майдангер-ұстаз ауылдық кеңеске үш рет депутат болып сайланады. Ал 2000 жылы жеңісті жақындатқан жампоз Қайын Керденовке Қордай аудандық мәслихатының шешімімен «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Отбасылық өмірде аяулы жары Нұржамал Жұмабайқызы екеуі жарасымды ғұмыр кешіп, екі ұл, төрт қыз өсіріп, тәрбиелейді. Ұлдары мен қыздары, олардан сүйген немере-шөбере, жиен-жиеншарлары еліміздің түрлі саласында қызмет етуде.

Раушан Әбдіқұлова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қордай ауданы

ПІКІР