Саны көп, сапасы жоқ!

Сұранысы төмен мамандарды дайындайтын колледждерді жабу қажет пе?

0 17

Өңір экономикасын дамытудағы негізгі алға сүйреуші күш болып есептелетін өнеркәсіп саласын өрге бастыру қазіргі уақытта өзекті мәселелердің санатында тұр. Бұл мақсатқа жету жолында сапалы кадр дайындау аса маңызды. Өкінішке қарай, облыста жұмыс істеп тұрған 46 колледж бұл үдеден шыға алмай отыр. 23-і, яғни тура жартысы сұранысқа ие емес мамандар дайындап жатса, енді бірінің берген білімі сапаға сай келмейді. Аталған жағдайға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен колледждерді сенімгерлікке беру мәселесі жөніндегі кеңесте кәсіптік және техникалық бағыттағы мамандар дайындау ісін бақылауға ала алмай отырған білім басқармасының сылбыр жұмысы қатаң сынға алынды.

Жиында баяндама жасаған басқарма басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов құрғақ есеп беруден ары аса алмады. Аймақтағы ахуалға ие бола алмай отырған мекеме басшылығының бұл ісіне көңілі толмайтынын айтқан өңір басшысы саны көп болғанымен сапасы жоқ арнаулы орта оқу орындарын біріктіріп, уақыт талабына қарай икемдеу қажеттігін баса айтты.
– Бір ауданда бірнеше колледжден жұмыс істейді. Көпшілігінен білім алып шыққан студенттер өз мамандығын жете меңгермеген. Олар оқыту барысында болашақ қызметінің қыр-сырын көзбен көріп, өздері іске араласпаған соң олардан не күтуге болады? Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқып, бірде-бір рет егіс даласында болмаған «мамандар» бар. Сондықтан олардың өндірістік тәжірибеден өтуін қатаң қадағалау керек. Оқу ордаларын біріктіріп, сапалы білім беруге көшуіміз қажет, – деді Б.Сапарбаев.
Жиынның негізгі тақырыбына көшкен Талғат Салқанұлы сенімгерлікке беру мәселесі білім ордаларының пайда табу ықтималдығы төмен болуына байланысты кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппай отырғанын жеткізді. Мәселен, бизнес-қауымдастық өкілдері №5 Жаңатас, №17 Жамбыл, №2 Қаратау колледждерін басқаруға алудан осы себепті бас тартқан. Нақты айтқанда, «ЕвроХим-Удобрения» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры В.Бугаев ұзақ уақыт келіссөздерден кейін химия өнеркәсібіне қатысы жоқ мамандарды дайындап келген білім ошағын қарамағына алуды жөн көрмепті.
Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы басқарма басшылығының 2018 жылы Тараз химия-технологиялық колледжін қосу жолымен қайта құрылған Жамбыл жоғары политехникалық колледжін тағы да екіге бөлу туралы ұсынысын да жарамсыз деп тапты. Т.Жамаловтың берген ақпаратына сәйкес оңтайландыру кезінде екі мекеменің штаттық құрамы сәйкестендірілмеген. Осының салдарынан артық 120 қызметкердің жұмыстан қысқару мәселесі туындап отыр. Жағдайдан шығу үшін фосфор кластеріне мамандар дайындайтын жаңа оқу орнын ашуды жөн деп тапқан құзырлы орган осылайша оқытушыларды жұмыссыз қалудан сақтап қалмақшы екен. Шешімнің асығыс және ойланбастан қабылданғанын айтқан өңір басшысы жаңа колледж ашу арқылы тек қажетсіз басшылар саны ғана көбейетінін айтып, тығырықтан шығудың басқа жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар Б.Сапарбаев аймақтағы дуальді оқыту жүйесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар республикалық деңгейден төмен болып отырғанына кейіді.
– Студенттерге білім беруге жұмсалатын уақыттың 60 пайызы практикалық, 40 пайызы теориялық оқытуға жұмсалуы қажет. Сіздер Білім және ғылым министрлігіне беріп отырған статистиканың барлығы шындықтан алшақ. Мен кәсіпорындарды аралап, басшыларымен сөйлескен кезде аймақта дайындалатын мамандардың басым бөлігінің біліктілігі сәйкес келмейтіні, олар алған мамандықтардың өндіріс саласына еш қажеті жоқтығы айтылады. Осының салдарынан өңірдегі ірі кәсіпорындар Ресейден мамандар алдыруға мәжбүр болып отыр. Бұл бірінші кезекте білім басқармасының олқылығының салдары. Сіздер өндіріс ошақтарымен тығыз байланыс орнатып, соларға қажетті кадрларды оқытуды жолға қоюларыңыз қажет, – деді өңір басшысы.
Жиында колледждердің өз есептеріне пайда түсіру мәселесі де қозғалды. Теңгерімдерінде қымбат техникалар, қажетті қондырғылар бола тұра оларды пайдаланбай отырған білім ошақтарының жұмысын сынға алған Бердібек Машбекұлы мемлекеттің қаржыландыруына қарап отырмай, қолда бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтты.
– Мысалға, Тараз сервистік-техникалық колледжінде облыс орталығындағы қымбат мейрамханаларда жоқ асханаға арналған қондырғылар бар. Олар неліктен өздері ас пісіріп, дүкендерге сатпайды? Сол секілді ауыл шаруашылығы колледждерінде экскаватор, кран, комбайн секілді қымбат техникалар тұр. Соларды құрылысқа, егіс маусымында жалға берсін. Тіпті болмаса студенттері айдасын. Осылайша мекеме бюджетіне қаржы түседі. Білімгерлер де табыс табады. Осыны назарға алыңыздар, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында арнаулы орта оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру мәселесіне қатысты өзге де тараптардан жауап алынып, нақты тапсырмалар берілді.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.