Қоғам

Саңырауқұлақ шаруашылығын шама-шарқымызша шарықтатсақ…

Қазір кез келген сауда нүктесіне ат басын бұра қалсаңыз, саңырауқұлақ саудалаған саудагерлерден көз сүрінеді. Әсіресе, соңғы бірнеше айда олардың қатары тіпті күрт өсті. Бұл қала тұрғындары арасында саңырауқұлаққа деген сұраныстың күн санап артып келе жатқанын, саңырауқұлақты қоректік қуаты бар асқа санамаған, ұлттық тағамдардан өзгені татып алмаған халқымыздың жеңсік асына айналып отырғанын байқатса керек.

Жалпы, саңырауқұлақтарды зерттеумен айналысатын миколог мамандардың айтуынша, жер шарында саңырауқұлақтың бір жарым миллионға жуық түрі кездеседі екен. Әрине, оның ішінде жеуге жарамды-жарамсызы да бар. Мәселен, Қазақстан аумағында өсетін он мыңнан астам саңырауқұлақтың тек мыңға жуығын ғана тұтынуға болады. Ал, солардың арасындағы еліміздегі ең сұранысқа ие түрі әрі қолжетімдісі де — қозықұйрық. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында бағасы әлдеқайда қымбат болғандықтан, тек тұрмысы жақсы отбасылардың сүйікті асы ретінде саналып келген қозықұйрықты бүгінгі таңда кез келген отбасының дастарханынан көруге болады. Дегенмен, елімізде саңырауқұлақ шаруашылығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатарына енбегендіктен, оны өсіруге, одан әрі дамытуға мемлекеттік қолдау ретінде қаржы-қаражат әзірге қарастырылмаған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бізде саңырауқұлақпен айналысатын заңды тұлғалар жоқ. Жекелеген адамдар өздері өсіріп, сатылымға шығарып жататын көрінеді.

Ал, саңырауқұлақ шаруашылығы бірқатар дамыған елдерде қанатын кеңге жайған. Мәселен, қазір әлемдегі жүзге жуық мемлекетте қозықұйрық, жазғы түбіртек егу жолға қойылған. Одан жылына 14 миллиард АҚШ доллары көлемінде қосымша табыс тауып отыр екен. Жалпы, бұл шаруашылықта бірінші орынды Қытай иеленіп, саңырауқұлақ бизнесін жан-жақты өрістетуде. Одан кейінгі орындардағы алпауыт АҚШ, Жапония, Франция, Тайланд, Венгрия, Германия, Польша, Канада, Франция мемлекеттері де саңырауқұлақты табыс көзіне айналдыра білген. Сол секілді, Ресейде де жылына 6 мың тонна саңырауқұлақ өнімдері дайындалады. Дамыған елдерде саңырауқұлақты тұтыну жылына жан басына шаққанда 2,5 келіні құраса, ТМД елдерінде, оның ішінде біздің елде 100 грамнан аспайды екен.
Алайда, соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде «қалпақтыларды» өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің, тау-тас кезіп, қозықұйрық терушілердің қатары әлдеқайда артқан.

Осы уақытқа дейін біз үшін таңсық болып келген кәсіпке алғашқылардың бірі болып бет бұрған белгілі кәсіпкер Серәлі Қадырәлиев өткен жылы өңірімізде саңырауқұлақ өсіру мақсатында арнайы ферма ашып, өз ісін бастаған болатын. Кәсіпкердің айтуынша, ол мұндай қадамға бармас бұрын алдымен қозықұйрық өсірудің технологиясын әбден зерттепті. Бүгінде кәсіпкер пайдаға белшесінен батпаса да, бастаған жұмысының жүйеленіп келе жатқандығын тілге тиек етеді. Дегенмен, ол кәсібі жайында жазуға үзілді-кесілді қарсы болып, жылы қоштасып шығарып салды. Ал, «Ауыл-Береке» базарында қозықұйрық сататын Медет Ілиясов есімді азамат қозықұйрық сатып та қыруар қаржы табуға болатындығын айтады.

– Көктем мезгілінде жауын-шашын көп түсетіндіктен, қозықұйрық саудасы қыза түседі. Себебі, жауын жауған күннің ертесінде-ақ саңырауқұлақтар қаптап шығады. Сондай мезгілде мүмкіндігінше көбірек жинап алуға тырысамыз. Әсіресе, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі ауданы сынды таулы аймақтарда көбірек өседі. Базарда сатылымға шығатын саңырауқұлақтардың көпшілігі қолдан өсірілгендер, ал екінші бөлігі көктем, жаз мезгілдерінде кептіріліп, қыста сақталғандар. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері қолдан өсірілген саңырауқұлақтарды саудалайды.

Қазіргі таңда саңырауқұлақтардың бағасы сауда нүктелерінде 500 теңгеден басталып, 1000 теңгеге дейін жетіп жығылады. Ал, жылдың өзге мезгілдерінде бұл баға едәуір өседі, — дейді.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта саңырауқұлақ терумен ғана шектеліп қалмай, өңдейтін шағын цех ашсам деген жоспарымен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, адам ағзасына пайдалы жақтары көп болғандықтан, алпауыт мемлекеттерде ғана емес, еліміздің кейбір аймақтарында саңырауқұлақ өсіріп, көпке үлгі көрсетіп отырған кәсіпкерлер де жетерлік екен.

Шынымен-ақ, маман­дардың сөзіне сүйенсек, саңырауқұлақ­тардың денсау­лыққа тигізер пайдасы аз емес. Ондағы ақуыз мөлшері отыз пайызды құрап, тіпті төрт түлік етінен асып түседі-мыс. Сондай-ақ, құрамындағы лецитин қанда холестериннің пайда болуына жол бермейді. Ал, майлы қышқылдар атеросклероздың алдын алуда таптырмайтын ем. Дәрумендер тізбесі жағынан да саңырауқұлақ көптеген жеміс-жидектерді артқа қалдыратын көрінеді. Сонымен қатар, полисахаридтер мен күкірт онкологиялық аурулармен күресте алдыңғы қатарлы препараттар.

Демек, медицинада денсаулыққа пайдалылығы әлдеқашан дәлелденіп, көптеген әлем елдерінің экономикасының күретамырына айналып отырған кәсіп түріне өңірімізде де жете көңіл бөлініп, саңырауқұлақ шаруашылығын шарықтатсақ құба-құп болар еді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР