Саңырық па, Саңырақ па?

Атақты батырдың аты неге екі түрлі жазылған?

0 14

Осынау Ұлы далаға ұрымтал тұстардан қан-қасап ұрыс жасап, жазираның жайқалған жусаны мен ақселеуіне сұқтана көз алартқан талай жауды сұлатып, өзен-көлін, тау, орман, сай-саласын ұрпағына аманаттап кеткен ардақты асыл бабалардың бірі де бірегейі, құралайды көзге атқан сайын даланың сайыпқыраны Саңырық батыр еді. Өкініштісі сол, кезінде жаудың өзі «Саңырық келді дегенше, самұрық келді десейші» деп майдан даласында ер есімін айна-қатесіз жаңғыртқан һәм тайлы тұяғымен тым-тырақай қашқан баһадүр бабамыздың аты тәуелсіздіктің ордалы отыз жылында да бірізді аталмай келеді. Облыс орталығында «Саңырық» деп садағын тартқан бабаның ескерткіші тұрса, ал оның бойында батыр атындағы көшеде «Саңырақ» деп жамыраған атаулардан көз сүрінеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында бой көтерген баба ескерткішіндегі жазу дұрыс па, жоқ 1992 жылы «Саңырақ» деп берілген көше атауында қателік кеткен ба? Әлі күнге ел тарихындағы тұлғаның атын білмесек, затын қалай ұрпаққа үлгі етеміз?..

Атағы алты алашқа аян, текті Таластың тумасы Саңырық баһадүрдің әкесі Тоқтыбай да батырлығымен, турашылдығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен дараланған тарихи тұлға болған. Тоқтыбайдан туған үш бала да «Жау қайда?» деп ұрандап, қолына қару алудан таймаған ержүрек болғаны тарихтан белгілі. Саңырықтың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де қаһармандығымен көзге түскен текті ұлдардың қатарынан. Небәрі 16 жасында бас бәйгеге тігілген алтынмен апталып, күміспен күптелген садақты жеңіп алғаны туралы да ел арасында ауыз толтырып айтарлық аңыз әңгімелер аз емес. Кейін «Саңырықтың сырнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың жоңғарлармен болған соғыста да серттескен серігі болғаны жайлы дерек жетерлік. Осының барлығында батырдың есімі Саңырық деп аталады. Ол аз десеңіз, мұқым елге аты мәшһүр, заты зарлы «Елім-ай» дастанында да осылай аталады. Тіпті дулығалы дала перзентінің болмысы көрнекті қазақ жазушылары Ілияс Есенберлиннің «Жанталас», Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» және Софы Сматаевтың «Елім-ай» тарихи романдарында басты кейіпкерлердің бірі ретінде суреттеліп, Саңырық деп аталуы тарихи һәм әдеби шындық. Саңырықтың жасөспірім кезеңдегі батылдығы туралы аңыз әңгіме «Төле би мен Қойгелді батыр» кітабында да кездеседі. Тараздың батыс қақпасына барар тұстағы баба ескерткішінің алдында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың «Саңырық батырдың оралуы» атты жүрек толқытатын толғауы ойып тұрып жазылған.
Беруге елі тиісті зор бағаны,
Аласармас батырдың арманы әлі.
Ойлағаны қазақтың даласы еді,
Бір ауылдың жері емес қорғағаны!
… Кешір, баба, кеш алдық есімізге,
Кешігулер бұйырған осы бізге.
Көшімізге бұйдалы көлік тиіп,
Түсіп алдық біз біраз тосын ізге.
Текті, тексіз теңеліп бекер ғана,
Тоғытылып кеттік бір төте арнаға.
Қайқы шыңға қайтадан байрақ қадап,
Қалың елдің рухын көтер, баба! – деп тастан төгіліп, жүрек жібітер бұл өлеңде өне бойды шымырлатар өнегелі тарихымыз жатыр.
Жебесі көк төсінен ағылып кеп,
Жауына шүйілгенде самұрық боп.
Қалтқысыз қағып түсер көздегенін,
Ел содан атап кеткен Саңырық деп, – жырлаған Абдрахман Асылбектің жырында да баба есімі нақ осылай жазылған. Қолда бар деректің барлығы ақиқатын айқайлап тұрғанда баба атын басқаша жазбақ түгіл, айтуға ауыз бармайтыны тағы бар. Бұл ретте біз тарихшы ғалымдардың, майталман мамандардың да пікірін білдік.
– Көне тарихи, әдеби деректердің, кітаптардың, қисса-дастандардың барлығында Саңырық деп жазылған. Өкініштісі сол, кейінірек ел аузында Саңырақ деп бұрмаланып кетуі мүмкін. Және оны қазбалап зерттеп жүрген ешкім жоқ. Мен де Саңырық батырдың аты осы күнге дейін әр жерде әртүрлі айтылып жүргенін естіп, көріп жүрмін. Және сол үшін жүрегім де ауырады. Алдымен сол сөздің мағынасын ашып алуымыз керек қой. Саңырақ деген сөз қазақта ешқандай мән-мағына беретін сөз емес. Сондықтан мен бабаның Саңырық деген есімін дұрыс көремін. Ертеңгі өскелең ұрпаққа да турасын, шындығын айтқанымыз жөн. Ол үшін сөзді талдап, есім иесінің тағдыр-тарихын салыстыра саралап, бірізділікке бет бұру қажет. Әйтпесе ертеңгі буынның танымын адастырып, тағылымнан алжастырып жіберуіміз мүмкін, – дейді көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.
Көне тарихтан кеудесі көмбеге толы, көзіқарақты аға буын өкілдерінің бірсыпырасы да осындай пікірде екен. Бұл ретте Талас ауданы, Үшарал ауылының ішінде, Тоғызкент ауылына барар жолдың бойында 1993 жылы батырдың туғанына 300 жыл толуына орай бой көтерген ескерткіш кесенеде де Саңырық деп жазылған. Яғни облыс орталығындағы еңселі ескерткішпен бірізді өрнектелген.
– Таластағы кесене 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстан­ның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген мемориалды ескерткіш. Біз өңірдегі тарихи атаулы жерлердің тізімін енгізу барысында батырдың атын Саңырық деп көрсеттік. Солай енді. Тарих саласының мамандарымен зерделей келе сондай шешімге келген болатынбыз. Әйтпегенде Саңырақ деген сөз ауызекі тілде құстың атауы болуы мүмкін. Бірақ нақты мағыналы сөз емес. Сондықтан қалың ұрпақтың алдында баба атының асқақ әрі тарихи деректерде кездескен ақиқаты бойынша аталғанын жөн санадық, – дейді «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» басшысы Қуаныш Дәурембеков.
Бұл ретте біз шама-шарқымыз жеткенше Саңырақ сөзі жайлы аз-кем деректерді де іздеп көрдік. Кейбір өңірлерде кішкене құсты осылай атаса, енді бірінде құстың қиын, яғни жеміс-жидек, көкөніс дақылдарын өсіруде топыраққа себетін тыңайтқышты саңырақ дейтін көрінеді. Әдеби теңеулерде «Таңқиған саңырақ танау» секілді жағымсыз жазбалар да бар екен. Сонда Саңырақ деп жүргеніміз сандырақ па? Десек те біздегі баба атындағы көше атауы дәл осылай Саңырақ деп тұрғанына да отыз жылға жуықтапты.
– Жамбыл қалалық атқару комитеті халық депутаттарының 1992 жылғы 6 ақпан­дағы 224 шешіміне сәйкес, Тараздағы Спутник­тер көшесі Саңырақ көшесі болып өзгер­тіл­ген. Осы шешімнен кейін біз көше­нің атауын өзгерткен жоқпыз. 1992 жыл­дан бері солай аталып келе жатыр. Ал демеу­ші­лер­дің көмегімен салынған ескерткіште Саңырық деп жазылған. Ондағы жазуда қателік болса, оған біз жауап бермейміз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева.
Аталған шешім жобасы облыстық мемлекеттік мұрағатта да сақтаулы екен. Осылайша «көшпелі» деп ұлттық рухымызды күстәналамақ болған көлденең көк аттыларға хандығымыздың бес жарым ғасырлық белесін, он үш ғасырға жуықтаған Атлах шайқасындағы айбатымызды, тәуелсіздіктің отыз жылындағы тағылымды істерімізді дәйекті жетістіктерімізбен дәлелдеп жүргенде, ел тарихындағы еңселі батырымыздың есімін екі түрлі айтып жүрген жайымыз бар. «Егер ауылыңның маңында ескі атауы бар бір төбе болса, соны зертте. Тарихи зерттеудің үлкен-кішісі болмайды. Ұлттық тарихыңды тану осыдан басталады», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мәселенің оң-солын, ақиқаттың ақ-қарасын бүгіннен ескермесек, ертең кеш болмасына кім кепіл?..

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.