Сапалы білім көзі – тиімді тәсілде

0 0

Қазақ елінің көшін жаңа ғасырдың өркениетіне бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытқа көздеген іргелі істердің жоспарын белгілеп, Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнап келеді. Онда тек межеленген жұмыстар ғана емес, жүктелер міндеттер де орын алатынын көріп жүрміз. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында салиқалы өмірдің бір тетігі білім беру саласына айрықша тоқталды.
Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керектігін тапсырған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы орта білім беру жүйесіне баса назар аударды. Мемлекет басшысының «Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытын­ды кезеңі болады» деген тапсырмасы қазірдің өзінде жүзеге асырыла бастады деуге негіз бар. Олай деуімнің себебі, облысымыздың орталығындағы Тараз қаласында орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектебінде өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі мектептердің ұстаздары білімін арттырып, заманауи тиімді тәсілдерді меңгеріп жатыр. Солардың қатарында мен де үш ай сол мектептің арнайы курсынан өттім. Сол оқу барысында бізге степендия да төленді. Елдің келешегін ойлаған Үкіметіміз педагогтардың білімін жетілдірумен шектелмей, қажетінше жағдай да жасап отыр.
Бұл оқу мұғалімнің көшбасшылық қабілетін арттыру арқылы балаларды жаңашыл заманның өзгерістеріне бейім әрі алған білімін күнделікті кәсіпке пайдалана аларлықтай етіп баулуды көздейді. Мәселен, біздің бұрын қолданып келген дәстүрлі оқытуымыз қазіргі жылдам өзгеріп жатқан заманда балалардың талабына ілесе алмай қалды. Шетел ғалымдары бүгінгі талапқа сай келетін сындарлы оқытудың 7 модулін дайындап, қолданып, оң нәтижесіне көз жеткізгендіктен, бұл жүйе біздің елге де енді. Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен 3 айлық оқу курсында біз осыны меңгердік. «Оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдер», «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету», «Оқушының жас ерекшелігіне сәйкес оқыту мен оқу», Дарынды және талантты оқушыларды оқыту», «Оқуды бағалау және оқу үшін бағалау», «Оқу үшін АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технология) пайдалану», «Оқытуды басқару және көшбасшылық» деп аталатын 7 модуль арқылы балаларды оқыта отырып, олардың өз ой-пікірін жеткізуге тәрбиелеп, әр оқушының бойындағы қабілетін аңғарамыз. Соған қарай білім береміз. Сөйтіп, мектепте оқығанын өз кәсібіне қолданатындай, өмірінде үнемі кәдеге асыра алатындай ету мақсат етілген.
Жаңа жүйе бойынша балаға бұрынғы­дай 2-5 аралығындағы баға қойылмай, тек жұмысын 10-ға дейінгі ұпаймен ынталандыру көзделген. Себебі, бала 3 не 4 алса, сол деңгейде қалып кетуі әбден мүмкін. Ал бағаны балаға емес, тек жұмысына қойсақ, ол одан ары ізденісін жақсартуға талпынады. Мұндағы негізгі мақсат – жасөспірім тұлғаның неге қабілеті барын анықтап, табиғи талантын шыңдап, ізгілендіріп, алға ұмтылуға жетелеу.
Бұл әдістегі тағы бір ерекшелік, сабақ жоспарын бұрынғыдай тек мақсаттарын көздеп, барысын жүйелеп қана қоймай, баламен кері байланысты да бағамдайсың. Яғни, бала нені үйреніп үлгермеді, оны сұрақ арқылы анықтап, келесі сабақтағы жоспарда назарға аламыз.
Осындай тәсілдер арқылы балалармен жақын жұмыс жүргізе отырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін, қарым-қабілетін анықтап, ой-өрісін одан ары дамытуға күш салудамыз. Бұл бір жағынан мұғалімнің оқушы алдындағы беделін де өсіреді.
Өзім оқып келген әдіс-тәсілдерді ұжымымда әріптестеріммен бөлісу мақсатында мектебіміздегі мұғалімдерге коучинг өткіздім. Әріптестерім тарапынан алуан сұрақтар қойылды. Соған қарап, біздің мұғалімдер жаңалыққа құмар және тез меңгеруге қабілетті екенін байқадым. Осындай үздіксіз ізденіс пен мемлекет тарапынан ұстаздарға, жас ұрпаққа жасалып отырған қамқорлықтың арқасында еліміздегі білім беру ісінің ілгерілей түсетініне сенемін.
Тың тәсілдерді әсіресе ауыл мектептерінің ұстаздарына меңгертумен Елбасы айтқандай, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жоярымыз да анық.

Қазбек Түменбаев,
Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебі директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары,
Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.