Сапалы білім – саналы тәрбие

0 3

Бүгінгі ауқымды да маңызды мәселелердің бірі– болашақ жастарды қандай идеологиялық негізде тәрбиелейміз, оның адамгершілік саналары мен әлеуметтік бағдары қандай болмақ деген сұрақтарға жауап беріп, оның жолдары мен әдіс-тәсілдерін көрсету. Қазіргі таңдағы колледж өміріндегі маңызды міндеттердің бірі – жастарға кәсіби мамандық оқытуды қалыптастыру. Оның негізгі құрамдас бір бөлігі – тәрбие. Тәрбие ісімен айналыспас бұрын, ең әуелі, оның мазмұнын анықтап алу қажет.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз», – деген болатын.
Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің білімгерлерді оқыту мен тәрбиелеуде алдына қойған мақсаттарының бірі – жеке тұлғаның ұлттық, жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және болашақ мамандық иесі ретінде мамандығын жан-жақты игеруі үшін қажетті жағдайлар жасау. Осы мақсатқа жету үшін колледждің педагогикалық ұжымы алдына бірқатар міндет қойып және оны жүзеге асыруда.
Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында «30 игі іс» қайырымдылық істері, мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету мақсатында халыққа пайдалы игі шаралар өтуде. Ең бастысы, тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз, жастарымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса– мақсатымыздың орындалғаны.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағыттарымен түсіндіру, насихаттау, талқылау және іске асыру бойынша патриотизм мен адамгершілік қасиеттерді дамытуға бағытталған ұлттық ойындар мен салт-дәстүрді жаңғыртуға арналған жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, оң нәтижесін беруде. Колледж қабырғасында «Волонтерлер» жасағы, «Мейірімді жүрек», «Саналы ұрпақ», «Өзін-өзі басқару», «Жас полиция» ұйымдары мен «Қыздар-ай» инабат клубы, «Парасат майданы» дебат клубтары, көшбасшылыққа бейім студенттердің «Жастар ісі жөніндегі комитеті» және топ белсенділерінен құралған «Белсенділер кеңесі» жұмыс істейді. Колледж студенттері аудандық, қалалық, республикалық байқаулардың талантты әрі белсенді қатысушылары. Жас ұрпақты ар-намысты, ер-азамат етіп баулуда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық тәрбие жұмысы колледждегі жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін, қарулы күштерді құрметтеуді қалыптастыруды айрықша назарда ұстауда.

Индира ҚОЖАМБАЕВА,
Қаратау құрылыс-техникалық колледжі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.