Қоғам

Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 наурыздағы №131 қаулысымен «Жамбылжоллаборатория» республикалық мемлекеттік мекемесі Ұлттық жол активтері сапасы орталығы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалы болып қайта құрылғанына көп бола қойған жоқ. Бұрыннан республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын қадағалап, тиісті жұмыстарын атқарып келген кәсіпорын былтыр аз жұмыс атқармады. Филиал директоры Мырзахмет Ибрагимовтың айтуынша биылға қойған жоспарлары да ауқымды екен.

Әрине, кәсіпорын филиалының атқарған жұмысын сараламас бұрын, оның қызметінің негізгі түрлеріне тоқтала кетуді жөн көріп, филиал директоры М.Ибрагимовпен тілдестік.
– Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыс бойынша филиалының жұмысы негізінен бес бағытты қамтиды. Атап айтсақ, біздің мамандар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында және елді мекендер мен қалалардың көшелеріндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізеді. Одан кейін жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу де негізгі жұмыстарымыздың бірі. Автомобиль жолдарын диагностикалау және аспаптық тексеру, пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігін мониторингілеу, жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерді сүйемелдеу, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырамыз, – дейді ол.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облысымыздағы филиалы былтыр республикалық маңызы бар автожолдарға 300 рет іссапарға шығып, жұмыстың және материалдардың сапасын сараптау бағытындағы шаруаларды атқарыпты. Осы тірліктер барысында 312 дана жол құрылыс материалдарын алып, оларға жасалған сынама қорытындысы негізінде автомобиль жолдарының ақауы бойынша 92 ескерту берілген.
– Ал облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардағы жұмыстың және материалдардың сапасына сараптау үшін 142 рет іссапарға аттандық. Осы автомобиль жолдарынан 277 дана жол-құрылыс материалдары алынып оларға сынама жасалынды және автомобиль жолдарының ақауына 85 ескерту берілді, – дейді филиал директоры.
Иә бір қарағанда жұрт тексеруші органның бәрін жазалаушы деп ойлап қалады. Бірақ бұл кәсіпорын біреуді жазаға тартып, айыппұл салудан аулақ. Оны филиал директоры түсіндіріп берді.
– Біздің жұмыстан қорқатын ештемесі жоқ. Біз жазаға тартушы емеспіз, қайта жолға жауапты мердігер, тапсырыс беруші мекемелерге көмектесеміз. Былтыр ашылғалы 300 реттен аса республикалық мәндегі жолдарға шығып, сынама алдық. Осы сынаманың қорытындысынан кейін ақаулардың көбісі қалпына келтірілді. Тексеріс барысында құрылыс материалдарының сапасы мен тиісті технологиялардың сақталмауы сияқты ақаулар шықты. Сөйтіп біз мердігерлерге, тапсырушыға қандай жұмыстар атқарылуы керектігі жөнінде ресми хат жолдадық, – дейді М.Ибрагимов.
Былтыр филиал зертханасы германиялық Infratest атты асфальт анализаторы қондырғысымен толыққан екен. Айтуларынша мұндай анализатор тек Нұр-Сұлтан қаласы мен бізде ғана бар. Былтыр 24 миллион теңгеге сатып алынған.
– Бұрынғы анализатормен асфальттың құрамын көріп, зерттеуден өткізу үшін екі тәулік уақыт кеткен. Ал мына қондырғы небәрі 40 минутта қажетті қорытындысын шығарып береді. Яғни, оның қызметі автоматтандырылған. Асфальттың құрамында қаншалықты минералды ұнтақ, қанша грамм битум бар екенін, шағал мен өзге де қиыршық тастар, құм қаншалықты қосылғанын дәлме-дәл анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл қондырғы мамандарымыздың уақытын үнемдеп, жұмысын азайтса, екінші жағынан мүмкіндіктерімізді де арттырып отыр. Осыған байланысты биылғы жұмысымызды үлкен дайындықпен бастағалы отырмыз, – дейді осы салада отыз жылдай еңбек етіп келе жатқан білікті маман, филиал зертханасының меңгерушісі Ахметжан Бименов.
Одан бөлек, биыл мекеме тұрағы ресейлік «УАЗ Патриот» көлігімен де толығыпты. «Бұйырса, алда тағы да осындай игілікке қол жеткізіп қалармыз», дейді мекеме басшысы. Жоспарда енді жылжымалы зертхана алу көзделіп отыр екен.
Биыл мекеме облыстық мәндегі жолдардың сапасын анықтау бойынша әкімдікпен келісімшартқа отырып, жұмыс ауқымын көбейтпекші көрінеді. Яғни, тек қана елді мекен арасындағы күре жолды ғана емес, ауыл, қала ішіндегі жолдарға да зерттеу жүргізуге мүдделілік танытып отыр.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, бізден қорқудың қажеті жоқ. Біздің міндет – тек қана көмектесу. Керек десеңіз сол асфальт сапасының жоғары болуына біз емес, тапсырыс беруші мен мердігер мүдделі. Өйткені олар сапасыз асфальт немесе дұрыс емес шағал төсеп қойса, кейін ол жолды қайта жөндеп, екі есе шығындалуға тура келеді. Әрине, техникалық қадағалаушы мамандардың жұмысын жоққа шығара алмаймын. Олар да барынша қадағалап, сапаға көңіл бөледі. Бірақ, сөздің ашығын айту керек, олардың қолында дәл біздікіндей озық технологиялы анализаторды қолдануға мүмкіндік жоқ. Бізде сынаманы талдауға қажетті құрал-сайманның бәрі жеткілікті. Көптеген ақаулардың орын алып жататыны, жолдардың уақытынан бұрын құрып жататыны көбіне сол материал құрамының талапқа сай еместігінен. Одан бөлек, жолға асфальт 120 градус ыстық күйінде төселу керек, ал одан төмендеп кетсе кейін не болатыны айтпаса да түсінікті. Яғни тиісті технологияның сақталмауы жолдың сапасын нашарлатады. Біздің міндет – осындай олқылықтарға жол бермеу. Түсінген адамға біздің жұмысымыздың пайдасы сол жол салушыларға көп тиеді, – дейді Мырзахмет Ибрагимов.
Бұдан бөлек филиал жолдың нормативте көрсетілген тығыздығын да анықтап береді. Егер асфальт 120 градус ыстық күйінде төселмесе, оның тығыздығына да кері әсер етеді. Яғни, асфальт норматив бойынша тығыздалуы керек. Олай болмаған жағдайда жол қайтадан құриды. «Біз бұл мәселені былтырдан бері көтеріп жатырмыз. Ол үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен келісімшартқа тұруды көздеп отырмыз», дейді филиал директоры Мырзахмет Қыраубекұлы.
Әрине мердігер кепілдік мерзімі ішінде құрыған жолды қайтадан жөндеуге тиіс. Дегенмен жол құрылысын о бастан осы Ұлттық орталықтың ұсыныстары бойынша жүргізсе, бір жұмысты екі рет істеп артық шығынға ұшырамас еді. Жалпы айтқанда, жол құрылысына кететін барлық материалдарды орталық мамандарына тексертіп алса, ол өздеріне жақсы. Кепілдік мерзіміне жетпей асфальттың жарылуы, ойылуы, басқа да дефектілері, яғни бес жылға кепілдік берілген жолдың ары кетсе екі-үш-ақ жылда тозып кететіні жоғарыда аталған жұмыстардың дұрыс, уақытылы істелмегенінен орын алуда.

Ж.Бақытбекұлы

ПІКІР