"Тарих. Таным. Тағылым."

Сарбас ақын

Халқымыздың арасында сақталған інжу-маржандардың бірі – ауыз әдебиеті. Тарихымызға үңілсек, қазақта нешебір дүлдүл ақындар болғаны белгілі. От ауызды, орақ тілді ақындар арасынан ерекшеленіп, есімі сақталып қалған айтулы ақындардың бірі – Сарбас ақын.

Сарбас Майкөтұлы жайлы мәліметтер «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына енген (2005 жыл, 7-ші том, 555-бет). Оның Жамбылмен айтысын «Жамбыл Жабаев» (шығармаларының толық жинағы, Алматы. Қазақ университеті. 2010. І том, 79-114-беттер) кітабынан және басқа да басылымдардан кездестіруге болады.

Сарбас Майкөтұлы Жамбыл облысындағы Қордай ауданының Доланқара, Мәтібұлақ елді мекендерінің маңайында 1849 жылы туып, 1914 жылы дүниеден озған. Сарбас лақап аты. Азан шақырып қойылған есімі – Тілеулі, сары адам болған соң ел оны Сарбас атап кеткен. Ұлы жүздің Дулат бабадан тараған Жаныс руынан. Жаныстың Қасқарауы (Жарлықамыс), одан Ораз, оның Бөкенінен Сати, Сатидің Майкөтінен өсіп-өнген ұрпақ.

Шешелері өліп, жетім қалғаннан кейін нағашылары Тілеуліні алып кетеді. Айтушыларға сенсек, ол Ұлы жүз ақындарының көбінің ұстазы болған Қабан жыраудың жиені, Жетісу өңіріне танымал атақты Кекебай шешеннің мектебінен өтіп, оны өзіне ұстаз санап, жыр-толғаулар айту тәсілін үйренген. Ақын бір өлеңінде өзін Майкөттің 8 ұлының бірімін деп таныстырады (ол Қожамберлінің үйінде жиылған би-болыстардың, шонжарлар мен бай-манаптардың алдында: «Мен Майкөттің сегіз ұлының бірі едім, Мен сендейдің бәрін де, Жаншып тастап жер едім. Шақыртқан соң мыналар, Бұл жиынға кеп едім» деп жырлаған екен).

Көз көргендердің әңгімесі бойынша ақынның өлең айтарда, айтысты бастарда өз құлағын өзі бұрап, айғайлап барып бастайтын ерекше әдеті болған. Ол әдетті ол Қабан ақыннан үйренеді. «Нағашым Қабан өз құлағын бұрамаса аузына өлең түспейді екен» дейді екен Сарбас. Кейіннен Сарбастың сол әдеті туысы Кененге көшкен. Ақын (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында) өзі өскен өңірдегі ақын-жыраулармен (мысалы, Майлықожа сынды) ілесіп, қазақ ауылдарын, көрші қырғыз елін жастайынан аралап, ел-жұртпен жақын танысып, жыр айтып, әбден ысылып, талай көрнекті ақындармен айтысып, жыр бәсекесіне түскен. Ол бойына ұлтымыздың сан түрлі асыл қасиеттерін жинақтаған дарынды айтыскер әрі жыршы болған.

Бізге жеткен туындыларының басым көпшілігі – айтыстары. Өлеңдері де аз болмаған. Мысалы, оның Сасықбай деген сараң байға айтқан мына өлеңі халық есінде қалыпты: «Сасықбайда құман жоқ, Беті-қолын жуған жоқ. Жамыларға көрпе жоқ, Қой бастаған серке жоқ. Адал бала туған жоқ, Сараң байда иман жоқ», — деп байдың мінін көзіне батыл айтып салады. Жолдықара деген құрдасы диханшылықпен айналысса керек. Сарбасқа бір қап тары бермек болып қырманға қарай келе жатады. Сонда Сарбас: «Оу, Жолдықара дегенде, Жолдықара! Маңдайдан ағып тұрған сорды қара! Шілденің мына аптап ыстығында, Күс-күс болып жарылған қолды қара!», — дейді.

Ақын көңіліне келгенді жалтармай, батыл, тік айтатын кісі екен. Бір үлкен тойда Сарбас атақты кісілерді мақтап, өлең айтып, жиылған жұртты қызыққа батырып жатады. Сол жерде Ақатай болыс: «Туысқаным-ау, мені де бір мақтамайсың ба», — депті. Сонда домбырасын қағып-қағып жіберіп Сарбас: «Мақта дейсің Ақатай неңді айтайын, Әкең тентек, шешең пұшық кімді айтайын. Қарабақай болыс боп шыға келдің, Ақатай өз басыңды енді айтайын… Бай болсаң әркім әуес тоқтығыңнан, Кедей сауын сұрайды жоқтығынан. Жақыннан алыс артық, ат береді, Туысқан бере алмайды, жат көреді», — дейді. Жұрт алдында қысылған Ақатай: «Сарбас, мына өлеңіңді қой, соғымға бір бие ал», — депті. Міне, осы сарынды бірен-саран қысқа жырлар, бірқақпайлар ел аузында сақталған.

Ақын əрәжылдары Қаңтарбай, Еркебай, Жамбыл, Қуандық, қырғыз Қалмырза сынды белгілі ақындармен және Саумал, Күлзия, Тұрсынай, Өзипа атты ақын қыздармен жолығып, жыр бәсекесіне түскен. Бірақ бізге оның Жамбылмен, Қуандықпен, қырғыз ақыны Қалмырзамен айтыстары мен Саумал, Күлзия, Өзипа, Тұрсынай қыздармен айтысының жеке үзінділері ғана жеткен. Сарбастың ұстанған дәстүр-үлгісі, өскен ортасының ықпалы айтыстарымен танысқанда там-тұмдап байқалып отырады. Атақтарынан ат үркетін ақын-замандастарымен кездесіп, олардың өнерімен жақын танысып, реті келіп жатса сөз қағысып, өнер сайысына түсу, саралап қарасақ, үлкен жетістік. Тіпті, азулы ақындарды ұтып жатпаса да жеңілудің өзі жас талапкер үшін ғанибет дүние, үлкен сабақ, есте қалатын асыл өнеге болып саналады. Бұл жерде, халық арасында сақталып, бізге жеткен «Сарбас пен Қуандық», «Сарбас пен Жамбыл», «Сарбас пен Қалмырза» айтыстарын келтірсек те жетерлік.

Сарбас Майкөтұлының есімін елге кеңірек танытқан Қалмырзамен және Жамбылмен айтыстары. Жамбылмен айтысы (көлемі 1000 жолдан асатын жыр жолдары ел арасында сақталып, 2010 жылы жарық көрген «Жамбыл Жабаев» кітабына енген) оның творчествосында ерекше орын алады. Өкінішке қарай, Сарбас ақынның көп айтыстары мен өлең, жырлары дер кезінде жиналмай, ұмыт болғаны жайында зерттеу еңбектерде айтылып жүр. Бірақ, Ұлттық ғылыми кітапхананың сирек қорында «Байқара молдаға», «Жолдықараға», «Ақтайға» айтқан арнаулары, «Біліндім талай елге тілімменен» (өлер алдындағы домбырасымен қоштасқаны), «Атандым Ұлы жүздің Сарбасы» (туған-туыстармен қоштасқаны), «Байшора, қош-аман бол, Ғазиз ағам», «Оқ жыландай ысқырған», «Кегімбайда құмған жоқ», «Елубасы, онбасы» секілді біраз арнау, толғаулары жинақталған.

Алматыда 1895 жылы үлкен айтулы жиын болған. Оған барар алдында Сарбас та, Жамбыл да және де басқа шайырлардың үлкен әзірлік жасағандары анық. Себебі, Қожамберлінің бүкіл Жетісуға игі жақсыларды, танымал адамдарды шақырып, бастарын қосатынын, онда біраз белгілі ақындар шақыртылып, өлең-жыр айтылып, айтыс өтетінін және ақындардан кімдер шақырылғанын алдын ала білгендердің дайындықсыз келуі мүмкін емес еді. Оған жоғарыда мысалға келтірілген Жамбыл айтқан айтыстың кіріспесіндегі мына жолдар айқын дәлел: «Алматы деген шәріде, Жұрт жиналып жатқанда, Қырбай, Қожамберлі болыстың, Сәскеде жетіп үйіне». Бір айта кететін нәрсе, бір өңірде қатарлас-жапсарлас жатқан елдің өкілдері болғандықтан, Сарбас пен Жамбыл бұрын кездеспеуі мүмкін емес. Кездескен болар, бірақ, айтысудың сәті түспеген сияқты. Сондықтан екі ақынның осы кездесуін кездейсоқтық деп айтуға тіпті, болмас. Айтыс өнерінің дүлдүлі Жамбыл Сарбас ақынмен айтысында еркін көсіледі. Ой-қиялға суарылған нағыз тапқыр сөздер, айшықты, нақышты оралымдар, гауһардай құбылған сырлы, нұрлы сөздер түнгі аспандағы сансыз жұлдыздардай төгіледі-ай келіп.

Біздің қазақтың айтыс өнерінде бірін бірі іздеп жүріп айтысу дәстүрі ежелден қалыптасқан. Тым әріге кетпей-ақ, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Біржанның Сараны, әжектің Шәріп­жамалды, Таңжарықтың Қойдымды, Кененнің Нұриланы әдейі іздеп барып, айтысқаны мәлім. Талапкер қай ақынмен жыр жарысына түскісі келсе, сол туралы сырттай дерек жинақтап, даярланып жүретіні белгілі. Жамбыл естеліктерінде Құлмамбет, Майкөт, Сарбас сынды арқалы ақындармен кездесудің орайын ұзақ күткені айтылады. Шындығында, ілгерідегі ақындар табиғи дарын-қабілеті мен өмірден алған тәжірибесін ұштастыра отырып, шеберлігі шыңдалып, өнер шыңына осы мен жеттім-ау деген уақытта ғана бетпе-бет жүздескенін білеміз. Сарбастың айтыста жиі қолданатын әдістерінің бірі – елінің, жерінің, игі жақсыларының байлық, салтанатын дәріптей отырып, аз аталы, әлсіз рулардан шыққан ақындарға сес көрсетіп, жалынды, ұтқыр сөздерімен қарсыласының бетін қайтару. Жамбылмен айтысқанда бұл тәсіл ерекше орын алған.

Сарбас Майкөтұлы шығармалары бейнелеу құралдарына мейлінше бай, олардың танымдық, тағылымдық, әсемдік әсері мен эстетикалық қызметі ерекше мәнді. Ол – дәстүрлі халық поэзиясының, халық даналығының інжу-маржандарын айрықша сезіммен талғап-екшеп өз туындыларына шебер қолдана білген тапқыр, талантты сөз зергері. Ол оның ақындық даралығы бейнелеу құралдарын шашыратпай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық қалпында игере алатын зор қабілетінде жатса керек. Ру шежіресі, ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер ақын поэзиясынан әрдайым орын алып отырады. Тарихи шындық көркемдік шындықпен астасып, тонның ішкі бауындай жымдасып жатады. Сол арқылы айтысқа тың сипат беріп, тақырыпты жаңаша түрлендіріп, жыр мазмұнын жаңғыртады. Қазақ халқы мен оның ұлан-ғайыр даласының ілгері-бергі тарихын, мәдени-рухани, әлеуметтік-қоғамдық өмірі туралы сан-саналы мәлімет жинау, оны есте сақтаудың өзі мол тәжірибе мен асқан дарындылықты қажет ететіні сөзсіз. Бұл қасиеттер Сарбас ақынның бойынан табылады. Ақынның артында қалған жырларымен және айтыстарымен таныса отырып, оның бойында сол кездегі ірі айтыс ақындарының көпшілігіне тән батылдық, жігерлілік, тапқырлық, төзімділік сынды асыл қасиеттер мол болғанын сезіну қиын емес.

Айтыс өнерінде қай қарсыластан болса да қолма-қол жауап талап етіледі, көп ойлауға уақыт тапшы. Әрине, кейде қыза-қыза келе оқыстан анайы, тұрпайылау сөздер шығып кетуі қалыпты жағдай ретінде қабылданған. Мұндай сәттер талай қайым-айтыстарда орын алған. Сарбастың Қуандықпен, Жамбылмен, Өзипа, Тұрсынай қыздармен айтыстарында осындай сөз тіркестері арагідік кездеседі. Бұл әрекет тыңдаушылардың көңіл-күйін көтеріп, өздерінің қасаң айтысымен оларды жалықтырып алмау үшін де қолданылатын тәсілдің бірі болғанын айта кеткен жөн. Оның «Сарбас ақынның байларды мазақтауы», «Сарбастың сайлау туралы айтқаны», «Сарбастың өлеңдегі қоштасуы» жырлары өткірлігімен, өрнек айшықтығымен ерекшеленеді.

Төскейде малы, төсекте басы түйіскен, еншісі бөлінбеген қазақ және қырғыз халықтары ежелден-ақ аралас-құралас өмір сүрген. Екі елдің көптеген ақындары той-жиында өзара айтысқа түскені тарихтан белгілі. Қазақ пен қырғыз ақындарының айтыстарына тән бір ерекшелік: қысқа да нұсқа сөз жарыстыру салты болған. Осындай қысқа айтыстардың бірі – қазақ Сарбас пен қырғыз Қалмырзаның айтысы:
Алматынын боорунда
Сары нар чөктү билдиң би?
Узун агач башына
Ак кус конду билдиң би?
Жер ортосун мөлшер кып,
Тузак курду билдиң би?
Ээсиз жаткан көп жылкы
Бирин кармап миндиң би? – деп көпті көрген Қалмырза ел басындағы ахуалды Сарбасқа ұқтырады. Сарбас домбырасын қағып-қағып жіберіп, әріптесіне жауап беруді былай бастайды:
«Алматының бауырына
Сары нар шөкті дегенің –
Балдыр-бұлдыр сөйлеген,
Адам тілін білмеген,
Шапанында жаға жоқ,
Етігінде таға жоқ,
Өңі сары, көзі көк,
Адам білер сөзі жоқ,
Қала салып көшпеген,
Мына бір орыс болмасын…
Ұзын ағаш басына
Ақ сұңқар қонды дегенің –
Қарағайдың басында
Ақ шынысы болмасын.
Жер ортасын мөлшерлеп,
Тұзақ құрды дегенің –
Дүрбіменен қараған,
Шашыла айтып санаған,
Бір қисығы болмаған,
Телеграф сымдар болмасын».
Сарбас пен Қалмырзаның осы сөз қағысуынан айтыстың мәдениетін сезіну қиын емес. Бұл сөз сайысында отаршылдық дәуір өмірге әкелген жаңалық-өзгерістер айтылады.
«Ок жыландай ышкырган,
Белине кылыч кыстырган,
Төрөнүн уулын жанга алып,
Төбөнү чапкан билдиң би? –
Кандың уулын кошо алып,
Кабакты чапкан билдиң би?», – деп жұмбақтайды қырғыз ақыны Қалмырза.
«Оқ жыландай ысқырған,
Беліне қылыш қыстырған,
Төренің ұлын қоса ертіп,
Төбені шапқан дегенің –
Қазақтан шыққан Наурызбай,
Кенесары болмасын.
Ханның ұлын жанға алып,
Қабақты шапқан дегенің –
Қырғыздан шыққан Орман хан,
Қарабек, Жантай болмасын», – деп іліп алып кетеді оны Сарбас. Қырғыз ақыны Кенесары мен Наурызбайды бүлікшіл етіп көрсетсе, Сарбас оған мүдірмей былай деп жауап қайтарады:
«Екі аждаһа бір келіп,
Інге кірді дегенің –
Дастарқаннан дәм татып,
Бір төсекте бір жатып,
Бір иыққа бас қойып,
Інге кірген жыландай
Тату болған бұл күнде
Қазақ, қырғыз болмасын…».
Айтыс осылай сұрақ-жауап ретінде рет-ретімен жұмбақталып төгіле береді. Шабытқа мінген екі ақын арғы-бергі тарихтан сөз қозғап, екеуін қаумалап отырған қазақ пен қырғыздың батырлары мен бай-манаптарының арқаларын қоздырады. Екеуінің сөз қағысуында ақындық биік мәдениет сақталған. Көлемі шағын болғанмен бұл айтыста көп қызықты дүние айтылған. Сарбас пен Қалмырза арасындағы айтысқа дәстүрлі қазақ пен қырғыз арасындағы көптеген сөз сайыстарының бірі деп қарау керек. Тарихта қырғыз ақындарымен біздің Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт, Кенен және де басқа ақындар арасында жүректерге жол тапқан қызықты айтыстар болғаны белгілі. Сарбасты өзіне ұстаз санаған Кенен бір тойда былай деп өзін таныстырады: «Туғалы мұндай жиын көрмеп едім, Мен өзім інісі едім Сарбастың. Он үште ел тойына араластым, Өлерде Сарбас ақын шақырып ап, Тапсырды өз қолымен домбырасын…».
Сарбас ақынның творчествосы жайлы мәліметтер мардымсыз екенін біз жоғарыда атап өттік. Оның ақындық өнері зерттеушісін күтіп тұр. Ақынның көп жырлары, өкінішке қарай, сақталмай ұмыт болған. Қазіргі зерделі әдебиеттанушылар мен ғылыми қызметкерлер алдында бүгіндері талай-талай күрделі міндеттер мен мақсаттар бар екенін білеміз. Солай бола тұра мүмкіншілік тауып ақындықтың айшықты құдіретін танытқан, заманының дүлдүл ақыны Сарбас Майкөтұлының еңбектерін барынша тереңірек зерттеп, оның ұмыт болған поэзиясын жаңғыртып, телегей теңіз ұлттық әдебиетімізге қосқандары орынды болар еді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Тараз қаласы

ПІКІР